«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының активіне филиал төрағасының бірінші орынбасары таныстырылды

441



Бүгін «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі А.Баталовтың жетекшілігімен партияның актив жиыны өтті.

Жиынды ашқан Амандық Баталов жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, облыстық партия филиалында орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты актив жиналысын өткізуді жөн деп шешкенін айтты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша, алдымен облыстық филиалдың бірінші орынбасары болған Ғалиасқар Сарыбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты жаңа басшылық тағайындалғанын айтып, партияластары атынан бүгінге дейін атқарған тыңғылықты жұмысы үшін Ғ.Сарыбаевқа алғысын білдірді. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бұйрығымен «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлығына Жанболат Әкебайұлы Жөргенбаев тағайындалғаны белгілі болды. Облыс әкімі оның мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол екенін айта келе, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ж. Жөргенбаев артылған сенімді ақтауға, партияның беделін арттыруға бар күш жігерін жұмсайтынына сендірді.

Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, Елбасының 28 қарашада партияның өңірлік филиалдары өкілдерімен өткізген кездесуінде берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындау – басты міндет екенін атап өтті. Ел дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды орындау, партия мәртебесін нығайту, халықпен етене жақын жұмыс істеу, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдай отырып шешу керектігін Елбасы нықтап тапсырған болатын. Осыған сай соңғы екі айда 4 өңірде азаматтарға қабылдау өткізгенін жеткізді. Аталмыш қабылдауларға 80-нен астам адам келген. Дәл осындай қабылдауларды жергілікті жерлерде әр әкім өткізуі тиіс екенін, оған қоса қабылдау бойынша әр сұрақты бақылауға қойып, мезгіл-мезгіл іске асырылу барысына оралып отыру керектігін қадап айтты. Сонымен қатар өңірде дайындалған Әлеуметтік карта шеңберінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларын қолдау шаралары атқарылатынына да тоқталып өтті. Мәселен, биылғы жылы 672 көп балалы отбасы көптен күткен жаңа баспанаға қол жеткізді. Ал 200-ден астам отбасы өңірдегі меценаттардың қаржылай қолдауымен үйлі болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел даму жолындағы сарабдал саясатты жалғастыруының нәтижесінде мұндай шаралардың өрісі одан әрі кеңейе түсуде.

- Ұлық мереке қарсаңында өңіріміздің аудан, қалаларында бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып, ел игілігіне берілетін болады. Осы бағыттағы жұмысқа партия филиалы басшылық жасап, үлгі бола білуі керек деп білемін, - деді А. Баталов.

Келесі кезекте Ақсу ауданы, Б.Сырттанов ауылы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, партия мүшесі Асыл Қаймұханов сөз алып, сабақ беру барысында заманауи тәсілдерді қолдану тәжірибесі туралы айта келе, Президенттің Жолдауында айтылған қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға өз үлесін қосатынын жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - Тәуелсіздік күніне орай марапаттаулар мен партия қатарына қабылдау рәсімі де жиын барысында атқарылды. Партия қатарына білім саласының 5 жас маманы қабылданып, оларға Амандық Баталов партия билеттерін тапсырды. Сол сияқты «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты бірқатар азаматтарға берілді.


Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -