Ұшқыр қиял шындыққа ұласқан шақ: «Астана Балет» «Күлше қыз» премьерасына әзірленіп жатыр

596

20, 21 және 22 желтоқсанда «Астана Балет» сахнасы нағыз ғажайыпқа толы болмақ. Астаналық театр Сергей Прокофьев музыкасына қойылатын «Күлше қыз» екі актілі балетіне дайындық жүргізіп жатыр.

Заманымыздың үздік хореографтарының бірі Надежда Калининаның спектаклі қай жағынан алып қарасақ та, орасан дүние болмақшы: музыкалы партитура (хореограф Сергей Прокофьев балетінің үздік үзінділерін ғана таңдаған), декорациялар ауқымы, бейне контент көркемдігі, кейіпкерлердің сан-алуан бейнесі. Көрермен қауым ертегі әлеміне шомып кетеді. Мұнда үлкен әуе шары сахна үстіне көтеріліп, ал, екі метрлік көбелектер самғап ұшқанда еріксіз таңырқайың.

«Астана Балеттің» декорация цехында бір айдың жүзі болды, күндіз-түні тыным жоқ. Астаналық театр қызметкерлері қоюшы-суретші Сергей Новиковтың эскиздеріне сүйеніп, сахна кеңістігін шынайы бутафориямен толтыруда.

«Бұл ұшқыр қиялға арқа сүйеген спектакль, сондықтан, ол тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де қызықты болмақ. Біз отбасылық ертегі спектаклін қоюға тырыстық. Сондықтан, біздің сюжетке кітап кірігіп отыр. Қыз бала кітапты парақтап отырып, қиял әлеміне шомып кетеді. Мұндағы әр кейіпкер – осы кітаптың кейіпкерлері болғандықтан, әртістердің костюмдері сценографиямен үндесіп жатыр: спектакльдің өн бойынан кітап тақырыбын аңғаруға болады» - дейді Сергей Новиков.

Негізгі декорация – айқара ашылған кітап, әр актте алмасып отырады. Суретшінің көркем ойына сәйкес, үш кітаптың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Біреуінің биіктігі жеті метр, спектакль барысында ол қозғалып отырады; басқасында – кейіпкерлер парақтарының үстімен әуелеп ұшады. Бұл кітап беттері, кітапты парақтағанда орнында қатып қалғандай көрінеді.

Декорация цехының меңгерушісі Жандос Омаровтың айтуынша, бұл  спектакльде декорацияның жұмсақ та, қатты да түрі қолданылады, реквизит пен кішігірім бутафориясы да бар. «Күлше қыз» театр репертуарындағы ең ауқымды әрі күрделі спектакль болмақшы. Мұндағы техникалық мүмкіндіктер барыншы ауқымды қолданылған.

«Бұл декорациялардың ерекшелігі сол, олар тек сахнаны безендіріп қоймай, спектакль мазмұнына да көрік беріп тұрады. Әртістер кітапқа жету үшін сатымен көтеріліп, әуе шарында ұшуы тиіс. Декорациялардың өзі де сахна кеңістігінде қозғалып отырады - ұшады, жарқырап, нұрланады. Сондықтан, бұл декорациялар мейлінше берік әрі мығым болуы тиіс. Сонымен бірге, балет еденіне салмақ түсірмес үшін, мейлінше жеңіл болуы керек. Бұған қоса, гастрольдік сапар кезінде тасымалдауға ыңғайлы болу үшін, оңай бөлшектенуі тиіс» - дейді Жандос Омаров.

Бутафория цехының мамандары айтқандай, балет реквизиті қолмен жасалуда: кітаптар, бокалдар, шырағдан және тағы басқасы. Мұнымен қоса, 160-қа тақау бас киім тігу керек. Кітап парақтарына ұқсаған бас киімдер, болат сымнан дайындалады екен. Кейін, тор немесе матамен көмкеріліп, тастармен әшекейленеді. Шеберлердің айтуынша, қарғалардың бас киімін әзірлеу қиынға соққан екен. Өйткені, шынайы қауырсынның әрқайсысын желімдеу қажет болды. Мұның өзі оңай шаруа емесі анық.

Грим цехындағылар парик әзірлеп жатыр: олар тиісті көлемде жасалып, жарқын түстерге боялып, страз, гүл және көбелектермен әшекейленеді.

Шифон, тор, тюль, шілтер және тағы басқа материалдармен безендірілген 160 шақты бейнені үш айда жасап шығу керек болды. Тігін цехының тігіншілері осындай ауқымды жұмыс атқаруда. Жұмыстың күрделілігі сол, декордың сан-алуан түрі қолданылады: шілтер, страз, кестелеу, аппликация, баспа принттері мен батик техникасы бойынша қолмен тігу. Цех меңгерушісі Наталья Протасованың айтуынша, бір костюмді тігуге бір жарым тәулік уақыт жұмсалады.

«Бұған қоса, біз маталарды таңдап, тігін материалын да өзіміз іріктедік. Жасанды былғарыны қолмен кесіп, кесінділерді біріне-бірін жалғап, содан кейін барып, оны пішіп, костюмдер әзірледік. Қазіргі кезде әртістердің өлшемдерін алып, киімдерін шақ етіп тігіп жатырмыз. Бұл ақтық репетицияға дейін жалғасады-ау, сірә. Себебі, сахнада ғана біз костюмдердің кем-кетігін көзімізбен көріп, артығын алып, кемін түгендейміз де, сөйтіп, мінсіз костюм жасап шығамыз», - дейді Наталья Протасова.

Күлше қыздың әйгілі хрусталь туфлиіне келер болсақ, оны жарқыраған стразбен көмкерілген классикалық пуантамен алмастырды. Аяқ киім цехы шеберлерінің айтуынша, софит жарығы түскенде, бұл аяқ киім хрустальдан аумай қалады екен.

Астаналық театр шеберлерінің қолынан шыққан ғажайып дүниені желтоқсанның 20, 21 және 22 күндері «Астана Балет» театрының сахнасынан тамашалауға болады. Премьераға билет алып үлгермеген көрермен болса, «Күлше қыздың» көрсетілімін 2020 жылғы қаңтардың 7 мен 8 күндері тамашалай алады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -