Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Лахор қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сапар аясында оның Лахор комиссары Мұхаммед Амир Жан мырзамен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар өңірлік деңгейде ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Пәкістан тарапы ПИР мәдени орталығы болып табылатын Лахор қаласы мен Қазақстан мен түркі әлемінің рухани астанасы болып табылатын Түркістан қаласы арасында меморандумға қол қоюға және бауырлас қатынастар орнатуға мүдделілік білдірді.

Жалпы, туризм, спорт, мәдениет, сауда және инвестициялар салаларындағы екіжақты қатынастарды дамытудың жоғары әлеуеті атап өтілді.

Сонымен қатар, Елші Е. Қыстафин Лахор қаласындағы Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен кездесті. Кездесуде Елші өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелер туралы хабардар етті. Атап айтқанда, «Bank of Punjab» және «БанкЦентрКредит» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылғанын, сондай-ақ 2023 жылғы сәуірде Лахор-Алматы және Алматы-Карачи қалалары арасында тікелей әуе қатынастарының іске қосылатынын атап өтті.

Елші Пәкістанның іскер топтарын Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуға шақырды.

Пенджаб провинциясындағы ірі бизнес өкілдері ұйымдастырған іскерлік түскі ас барысында тараптар ықтимал екіжақты жобаларды талқылап, оларды іске асыруға байланысты мәселелерді пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Кешкі ас кезінде Е.Қыстафин киноиндустрия өкілдерімен және Пәкістанның танымал актерлерімен кездесті, олармен қазақстандық және пәкістандық студиялардың бірлескен қатысуымен кинематография саласында ынтымақтастық орнату жоспарлары талқыланды.


Сапар барысында Елші пәкістандық «Rug New Channel» телеарнасының таңғы бағдарламасына қатысты. Оның барысында 2022 ж. екіжақты өзара іс-қимылдың қол жеткізілген нәтижелері, сондай-ақ 2023 ж. жоспарланған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Исламабад қаласына сапары туралы айтып берді.