Екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитаралық ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Астана қаласына жұмыс сапарымен келген Жапонияның Парламенттік сыртқы істер вице-министрі Юми Йошикавамен кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Р. Василенко екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылы ішінде кеңейтілген стратегиялық әріптестік орнатылғанын атап өтіп, жапон тарапымен жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайындығын жеткізді.
Өз кезегінде жапондық дипломат Астана мен Токионың БҰҰ, «Орталық Азия + Жапония» Диалогы секілді халықаралық ұйымдар мен форумдар аясындағы және қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы ықпалдастыққа жоғары баға берді.
Тараптар цифрландыру, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, көлік және логистика салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.
Тараптар 2022 жылғы тауар айналымының оң динамикасына жоғары баға берді: 2022 жылғы қаңтар-қараша айларындағы көрсеткіш 1,7 млрд АҚШ доллар (+75%) құрады, оның ішінде экспорт – 764 млн АҚШ долл. (+52,5%), импорт – 969 млн АҚШ долл. (+97,7%).
2022 жылғы 1 жартыжылдықтағы елімізге құйылған жапондық инвестиция көлемі 113 млн АҚШ долларға жетті. Жалпы, 2005 жылдан бері тартылған инвестициялар көлемі 7,8 млрд АҚШ долларды құрады. Елімізде жапондық капиталы бар 61 компания тіркеліп, олар өңдеу өндірісі, құрылыс, сауда, көлік және логистика, ақпарат және коммуникация, қаржы және сақтандыру, денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік салаларында қызмет етеді.