ШЫҰ Миссиясы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын байқауға дайын

1881

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Шаңхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасып, 2023-2024 жылдары Қазақстанның алдағы төрағалығы аясында Ұйым қызметінің негізгі тұстарын қарастырды.

Қазақстан Елшісі Бас хатшыға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді атынан биыл 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатысуға шақыруды тапсырып, ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері туралы толық хабардар етті.

Сонымен қатар, Ш. Нұрышев Ұйымның одан әрі тиімділігін арттыру мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 10 қарашадағы ШЫҰ Саммиті барысында көтерген Ұйым қызметін жетілдіру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру қажеттілігіне назар аударды.

Бұдан басқа, Қазақстан Елшісі 2023-2024 жылдары қазақстандық тараптың Ұйымға төрағалық етуі шеңберінде Хатшылықпен бірлескен жоспар қабылдап, іс-шаралар өткізуді ұсынды.

Өз тарапынан Чжан Мин Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру жолында жүргізіп жатқан саяси реформалар мен экономикалық өзгерістерге қолдау білдіріп, ағымдағы жылдың 19 наурызында өтетін сайлауға қатысу үшін ШЫҰ Миссиясының құрамын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бас хатшы қазақстандық тараптың ШЫҰ әлемдік алаңдағы беделін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, ШЫҰ Хатшылығы өз тарапынан қазақстандық төрағалықты табысты өткізуге толық жәрдем көрсетуге дайын екендігіне сенім білдірді.

Кездесу соңында тараптар ШЫҰ Хатшылығы қызметінің түрлі мәселелері бойынша тығыз байланыстарды сақтауға, Ұйымға мүше мемлекеттер мен Хатшылық ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға, осы беделді халықаралық құрылымның жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен ой-пікірлермен алмасуға келісті.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -