Брюсселде отандық әйел азаматтардың әлеуметтік кәсіпкерлігін дамытуды талқылады

7046

Еуропалық одақтың астанасында еліміздің бай мәдени мұрасына сүйене отырып, әйел азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған әлеуметтік жобалар мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесуге қатысушылар Брюссель баспасөз клубының алаңында қазақ халқының ұлттық қолданбалы шығармашылығын дәріптеу және экотуризмді дамыту жөніндегі отандық қолөнер орталығы – «Qazaq Oner» эксклюзивті өнімдерінің көрмесіне куә болды.

Креативті индустрияны дамыту жөніндегі ЕО институттарының қызметкерлері, дипломатиялық корпус, БАҚ және Брюссель тұрғындары қатысқан іс-шара Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы шеңберінде өтті.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық одақ елдерін тек қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастық қана емес, сонымен қатар әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге деген ұмтылыс біріктіретінін тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда Қазақстан әйелдері елдің шағын және орта кәсіпорындарының жартысын басқарады, олардың жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына қосқан үлесі кемінде 40% құрайды, ал елдегі жоғары білімді әйелдердің саны осы деңгейдегі білімі бар ер адамдардан асып түскен.

Заңнамалық тұрғыда қабылданып жатқан шаралар туралы айта отырып, спикерлер әйел азаматтардың елдің саяси-қоғамдық өміріне атсалысуын одан әрі кеңейту аясында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының тізіміне әйел мен жастарға арналған 30 пайыздық квота талабы енгізілгенін және әйелдер қатарынан кандидаттардың ағымдағы сайлау науқанына белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

«Qazaq oner» қолөнер орталығының директоры Айгүл Жансерікова көне қазақ қолөнерін – киіз басуды жандандыру, қолданбалы өнерде және басқа да креативті индустрия салаларында дәстүрлі стильді насихаттау, Қазақстанда жасалған киіз бұйымдарын ішкі және сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Орталық жұмысының мысалына сүйене отырып, ол дәстүрлі қолөнердің дамуы ұрпақтар сабақтастығына, жергілікті өндіріс пен жаңа жұмыс орындарын құра отырып, жауапты туризмді дамытуға қалай ықпал ететіні туралы айтты.

Спикердің сөзінше, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы, соның ішінде бас бостандығын шектеу орындарында жазасын өтеп жүрген әйелдерді қолөнеріне үйрету олардың реабилитациясына оң әсер етеді, қаржылық дербестік дағдыларын үйретеді және аса қажетті эмоционалды қолдау көрсетеді. Осыған байланысты ол тұрақты өмір салтының көрсеткіші және халықтардың мәдени әртүрлілігін сақтаудың ерекше тәсілі болып табылатын қолөнершілерді жан-жақты қолдауға шақырды.

Талқылау соңында қонақтар отандық қолөнершілердің бұйымдарымен, авторлық аксессуарлармен және киізден жасалған бірегей киімдермен, сондай-ақ Қазақстан мәдениеті туралы фото-экспозициямен танысты.

«Qazaq Oner» –Алматы қаласында орналасқан оқыту, өндірістік, сауда және мәдени-танымдық орталық. 2018 жылы құрылған бірегей жоба бір жерде дәстүрлі қазақ қолөнерінің алуан түрлілігін ұсынуға, шебер-қолөнершілердің жетістіктерін және дағдыларын өзара байытуға, жергілікті тұрғындар үшін де, туристер үшін де бірегей туындыларын ұсынуға мүмкіндік береді. Болашақ шеберлер мұнда жаңа мамандықты игере алады, ал әуесқой келушілер киіз басу, қыш, зергерлік өнер, патчворк тігу, батик, кесте тігу, тоқу және т.б. бағыттарда қолөнершілердің шеберлік сабақтарына, оқыту тренингтеріне қатысып, Қазақстанның үздік шебер-қолөнершілерінің бұйымдарын сатып ала алады. Орталық алаңында өндірудің барлық тізбегі Қазақстан аумағында жүзеге асырылатын бұйымдар ғана қойылған.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -