Моңғол сарапшылары Қазақстандағы парламенттік сайлауына үлкен қызығушылық білдіруде

8371

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен ҚР Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының 2023 жылғы 19 наурыздағы кезектен тыс сайлауына арналған сарапшылар кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталған іс-шара барысында Қазақстан Елшісі Ғабит Қойшыбаев моңғол сарапшылық және бұқаралық ақпарат құралдары топтарының өкілдерін сайлаудың ерекшеліктерімен, Қазақстанның сайлау заңнамасының жеке ережелерімен, сондай-ақ электоралды науқан мен сайлауды бақылаудың ұйымдастырушылық аспектілерімен таныстырды.

Мәселен, ол ағымдағы парламенттік сайлауға саяси партиялармен қатар бір мандатты округтер бойынша депутаттыққа үміткерлердің қатысуы, партияларды тіркеу рәсімінің жеңілдетілуі нәтижесінде Мәжілістегі мандат үшін күресетін партиялар санының артуы, сондай-ақ мемлекеттің заңшығарушы органына партиялардың өтуі үшін шекті мәннің 5%-ға дейін төмендеуі сияқты айырмашылықтар түрлі пікірлерді ұстанатын және халықтың барлық дерлік топтарының мүдделерін білдіретін алуан түрлі саяси бірлестіктер мен тәуелсіз депутаттардан тұратын ҚР Парламенті төменгі палатасының жаңа құрамының қалыптасу ықтималдығын өсіре түсетінін атап өтті. Бұл өзгерістер 2022 жылғы 5 маусымда жалпыхалықтық референдумда бекітілген Қазақстан Конституциясына енгізілген түзетулердің нәтижесінде мүмкін болды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта тіркелген барлық 7 партияның бәсекелес сайлауға қатысуы көппартиялық жүйені одан әрі нығайту арқылы еліміздің саяси жүйесінің тұрақтылығын және ҚР азаматтарының өзекті мәселелері бойынша қабылданған шешімдердің тиімділігін қамтамасыз етеді.

Қазақстандық дипломат елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар саяси жүйені түбегейлі қайта жаңғырту қажеттілігінен туындап отырғанын және ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы Қазақстанның мемлекеттік билік институттарын саяси жаңарту үдерісіндегі аса маңызды кезең болып табылатындығын баса айтты.

Сарапшылардың кездесуі барысында Ғ. Қойшыбаев Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістерге ерекше қызығушылық білдірген моңғол сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, іс-шараның қонақтары ҚР Үкіметінің құрылу принципі, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тәжірибелік мағынасы, Мәжіліс депутаттар санының қысқартылуының себептері, ҚР Парламентінде әйелдер, жастар және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 30% квота туралы норманы сақтау тәртібі, қазақстандық азаматтықты қабылдаған қандастардың электоралды науқанға қатысуы, қазақстандық дипөкілдік жанынан ашылған сайлау учаскесінің жұмысы мен Моңғолия аумағындағы ҚР азаматтарының дауыс беруін ұйымдастыру және т.б. өздерін қызықтырған сауалдарына толыққанды жауап алды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -