Қазақстан СІМ-де ТүркПА, ТМҰ және ШЫҰ байқаушылар миссияларымен кездесулер өтті

5872

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына байқау жүргізу мақсатында Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар миссияларымен – Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының депутаты Реджеп Шекер бастаған ТүркПА делегациясымен, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров бастаған ТМҰ миссиясымен, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Бас хатшысының орынбасары Григорий Логвинов бастаған ШЫҰ миссиясымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында Қ. Тумыш халықаралық байқаушыларға Қазақстанның сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы мағлұмат берді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының өткен сайлауы еліміз үшін маңызды оқиға және бұл сайлаудың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформалардың қорытынды кезеңі екенін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде ТүркПА байқаушылар миссиясының жетекшісі Р. Шекер сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап дауыстарды санауға дейінгі барлық кезеңдеріне қатыстықандарын айтты. Р. Шекер ТүркПА миссиясының сайлау үдерісіне дайындық деңгейі мен сайлауға қатысты жоғары баға беріп, сайлауды ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды оң бағалайтынын атап өтті. ТүркПА миссиясының басшысы сайлаудың ашық және әділдік қағидатына сәйкес өткенін мәлімдеді.

ТМҰ Бас хатшысының орынбасары С. Джафаров Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауында миссия әкімшілік сипаттағы бұзушылықтардың болмағанын, заңнамаға сәйкес халықаралық және ұлттық байқаушыларға, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне, үйде дауыс беруге барлық жағдай жасалғанын, заңнамаға сәйкес баспасөзде сайлау науқаны туралы кеңінен ақпарат тарату қамтамасыз етілгенін атап өтті.

С. Джафаровтың айтуынша, осыны ескере отырып, ТМҰ байқаушылар миссиясы Қазақстандағы сайлаудың ашық, бәсекеге қабілетті және ҚР ұлттық заңнамасы мен халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін мәлімдеді. Сұхбаттың соңында ол Қазақстанды сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, сайлау нәтижелері елдің дамуы мен өркендеуіне одан әрі ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу барысында ШЫҰ байқаушылар миссиясының басшысы Г. Логвинов сайлауды бақылауды жүзеге асыру ұйым қызметінде маңызды тәжірибеге айналғанын атап өтті. Миссияның байқау процесіне қатысуы Қазақстанның сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге ұмтылысы ретінде бағаланады. Миссия 40-тан астам сайлау учаскелеріне барды.

ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, оның ұлттық сайлау заңнамасының талаптарына және ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, әңгімелесушілер ШЫҰ-ның одан әрі дамуы мен келешегі мәселелерін талқылады және ұйымды жетілдіру және ағымдағы жылдың шілдесінен бастап Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі тұрғысынан өзара қолдау туралы уағдаласты.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -