Франция сарапшылары: Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамыту әлеуеті бар

3412

Францияның агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Aitas Agro агрохолдингі ұйымдастырған іскерлік сапар барысында қазақстандық тұқым шаруашылығы секторын дамыту, агроөнеркәсіптегі білім беру және екі ел арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейту саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша іскерлік кездесулер өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ресми іс-шаралар барысында Франция делегациясы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жағдайы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Француз ұлттық жүгері және құмай қауымдастығының директоры Анна Колаковсканың айтуынша, Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамытуға әлеует жеткілікті.

«Франция үшін Қазақстанмен агроөнеркәсіп кешені саласында ынтымақтастық орнату үлкен мәнге ие. Сонымен қатар, бұл басқа елдер үшін де маңызды болып отыр. Бүгінгі таңда көптеген шетелдік компания тұқым импорттауға мүдделі. Тұқым импорты жыл сайын өсіп келе жатыр деп айта аламын» Анна Колаковска

Қазіргі заманғы сапалы тұқым генетикасы қазақстандық және франциялық АӨК өкілдерінің келіссөздерінің маңызды тақырыптарының біріне айналды. Aitas Agro холдингінің бас директоры Талғат Алдажаровтың айтуынша, бұрын өнімділікке технология, тыңайтқыштар енгізу және дақылдарға күтім жасау айтарлықтай әсер еткен болса, қазір тұқымның генетикалық қасиеттеріне көп көңіл бөлінуде. 

«Қазақстанның табиғи жағдайларына сәйкес келетін заманауи тұқымдарды пайдалану нәтижесінде бір гектардан алынатын өнімділік, қазақстандық өсімдік шаруашылығының өндіріс тиімділігі мен рентабельділігі артуға тиіс, ол өз кезегінде қазақстандық фермерлерге көбірек ақша табуға мүмкіндік береді» Талғат Алдажаров

Қазақстандық мамандардың айтуынша, франциялық селекция әлемдегі ең озық және дамыған болып саналады. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, әлемдік тұқым компанияларының Қазақстанда өсірілетін күнбағыс будандарының барлығы дерлік франциялық селекциядан тараған.

«Aitas Agro-да біз қазақстандық фермерлер мен өз шаруашылықтарымыз үшін еуропалық селекцияның дәнді дақылдары мен бұршақ тұқымдарын көбейтеміз. Біз көбейтілетін сұрыптар желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, сондықтан бізге және басқа фермерлерге жақсы өнім алуға көмектесетін жаңа генетиканы үнемі іздеудеміз. Франция сорттары осы жолда көмектеседі деп үміттенеміз» Талғат Алдажаров

Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық және француз мамандары қазақстандық зертханаларда заманауи әдістемелер бойынша тұқымдарды бағалау стандарттарын жақсарту туралы айтты. Олардың бағалауы бойынша, бұл Қазақстандағы барлық фермерлерге, тұқым өсірушілерге және тұқым жеткізушілерге тәуелсіз төрелікке жүгінуге және пайдаланылатын тұқымдар туралы шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сарапшылар бүгінгі таңда қазақстандық зертханалар тұқымдардың өнімділік сапасын бағалаудың ескі әдістерін қолданатынын, ал олардың қазіргі заманғы тұқымдарды сенімді түрде бағалауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында сертификаттау тақырыбы және тұқым оригинаторларының авторлық құқығын қорғауға көмектесетін Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одақтың (UPOV) конвенциясын ратификациялаудың болмауы қозғалды.

«Бұл халықаралық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне сенімділік туғызбайды, өйткені олардың көп жылғы еңбегі ұрлануы немесе құнсыздануы мүмкін, ал бидайдың жаңа сортын жасау кемінде 14 жылды алады» Талғат Алдажаров

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда ұсынымдық тіркеу жүйесі жұмыс істейді, алайда қолданыстағы ережелерді қатаңдату туралы әңгімелер жүргізілуде – жаңа сорттар мен будандардың өтініш берушілері міндетті тіркеуден және аудандастырудан өтуге тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, бұл елдің барлық тұқым шаруашылығының жұмысын қиындатады. Талғат Алдажаров Қазақстанда халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, шетелдік тұқымдарды сертификаттау тәртібін қайта қарау қажет екендігін жеткізді.

Өз кезегінде, SEMAE тұқымдар мен өсімдіктер жөніндегі кәсіпаралық ұйымның халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Николя Перран Қазақстандағы міндетті сертификаттауға байланысты бірқатар қиындық бар екенін айтты. Алайда ол Францияның тәжірибесі бұл процеске оң әсер етуі мүмкін екеніне сенімді және француз мамандарының осы саладағы тәжірибесі мен білімімен бөлісе алатын оқу бағдарламаларына қатысуға дайын екендігін атап өтті.

Николя Перран қазақстандық агроөнеркәсіп кешен өкілдерінің «жағдайды жақсартуға, процесті жаңғыртуға, сапалы тұқымдардың қадағалануын қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды пайдалануға деген шынайы ниеті бар» екенін атап өтті.

«Мен Франция мен Қазақстанның тұқым шаруашылығы саласындағы қатынастарын оң бағалаймын. Біз келіссөздерімізді жалғастыруға және осы саладағы нақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз» Николя Перран
Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -