Атақты гроссмейстер Даниил Дубов Қазақстан Ұлттық Банкінің бұрынғы басшысының қолынан марапат алды

36839

Бүгін St. Regis Astana қонақ үйінің «Тұлпар» залында жылдам шахматтан әлем чемпионы (2018), FIDE онлайн олимпиадаларының жеңімпазы (2020, 2021), халықаралық гроссмейстер Даниил Дубов «Үздік шабуыл комбинациясы үшін» кубогына ие болды. Сыйлық ұлттық шахмат федерациясын құрудың бастамашыларының бірі Ғалимулла Сәйденовті (1934-1998) еске алу құрметіне тағайындалды. Ол шахмат турнирлерінің ұйымдастырушысы, шахмат аудармашысы және шахмат туралы бірқатар кітаптардың авторы ретінде де танымал, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жүлде алғаш рет 2008 жылы Алматыда блиц бойынша ФИДЕ әлем чемпионатында атақты венгр шахматшысы Юдит Полгарға берілді.

Даниил Дубов Қазақстан теңге сарайында жасалған сыйлықты ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы Әнуар Сәйденовтің қолынан алды.

Еске салайық, Даниил Дубов 2022 жылы Алматыда өткен рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатында голландиялық Аниш Гириге қарсы ойында шабуыл комбинациясын сәтті жүзеге асырған болатын. Содан кейін талантты гроссмейстер қарсыласының ақ патшасына барлық фигураларымен шабуыл жасады. Нәтижесінде ол Анишке керемет әдемі тактикалық соққы беріп, ойынды қаралардың жеңісімен аяқтады.

Шара барысында Даниил Дубов 18 жасқа дейінгі 20 шақты шахматшымен бір мезгілде ойын сеансын өткізді. Олардың арасында Қазақстан шахмат федерациясының Instagram желісіндегі ресми аккаунтында өткен ұтыс ойынының жеңімпаздары да болды. Ойынға шахматтан тек 2-ші разрядтан жоғары шахматшылар қатыса алды. Ойын қорытындысы бойынша Даниил Дубов қатысушылардың дайындық деңгейлерінің жоғары екендігін атап өтті. Гроссмейстердің айтуынша, олардың көпшілігі лайықты қарсылас болған. Бұл олардың құрған комбинацияларынан, түрлі тактикаларды қолдануынан көрініп тұрды.

Кей партиялар күтпеген нәтижемен аяқталды. 10 жасар Ахмет Сүлеймен (1 разряд), 11 жасар Владимир Савитский (1 разряд) мен 14 жастағы Мансұр Хасенов (рейтингі 1524) қара фигуралармен гроссмейстерді ұтып кетті.

Бір уақыттағы ойын сеансы мен Даниил Дубовқа жүлдені табыстау шахмат әлеміндегі жылдың басты оқиғасы – Ян Непомнящий мен Дин Лижень арасындағы шахматтан 2023 жылғы әлем чемпионаты аясында өтті. Классикалық шахматтан әлем чемпионаты Астанада 9 сәуірде басталып, 1 мамырға дейін жалғасады. Матчтың бас серіктесі және ұйымдастырушысы - Freedom Holding Corp.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -