Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде киберқауіпсіздік бойынша семинар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстандық мамандарға кибершабуылдарды анықтау мен оларға қарсы іс-әрекеттің заманауи әдістерін оқыту семинарын мобильді-жаттығу тобының құрамындағы үнді әскери қызметшілері өткізді. Сабаққа әскери мақсаттағы ақпараттық жүйелерді қорғау саласындағы Қазақстан қорғаныс ведомствосының офицерлері қатысты.

Семинар барысында ең өзекті қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндер, сондай-ақ олардың киберкеңістіктегі дамуының перспективалық беталысы талқыланды. Шетелдік әріптестер заманауи цифрлық қорғаныс технологиялары мен бағдарламалық және бағдарламалық-аппараттық қорғау құралдарын қолданудың озық тәжірибелерін бөлісті. Семинардың басты тақырыптарының бірі киберқауіпсіздік оқиғаларына жауап беру және цифрлық деректердің таралып кетуіне жол бермеуге бағытталған тиімді қарсы тұру шараларына ден қою болды.

Үндістан Құрлық әскерлерінің, Әскери-әуе және Әскери-теңіз күштерінің өкілдері оқытушылар ретінде осы әскер түрлері арасындағы өзара қарым-қатынастың қазіргі тәжірибесін салыстырмалы талдай отырып, семинарда сөз сөйледі.