Қазақстан мен Австрия стандарттау жөніндегі келісімге қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келісім қазақстандық кәсіпкерлерге австрия стандарттарын пайдалану мүмкіндігін көздейді.
Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Грац қаласында қазақстан-австрия бизнес-форумы және қазақстан-австрия экономикалық, ауыл шаруашылық, экологиялық, техникалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы өтті.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастады. Сондай-ақ отырысқа Қазақстан мен Австрияның мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан стандарттау және метрология институты (KazStandard) мен Австрия стандарттау институты (Austrian Standards international) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
«Халықаралық стандарттау әлемдік саудаға әсер етеді және техникалық кедергілерді төмендету бойынша өте тиімді құралдардың бірі болып табылады, сондықтан осы келісімнің біз үшін өте маңызы бар» Бас директордың орынбасары Еркежан Әмірханова
ASI – Австрия ұлттық стандарттау органы және сәйкестікті растау жөніндегі орган. ASI тарихы 1920 жылдан басталды. Институт 140-тан астам техникалық комитеттердің 4 мыңнан астам сарапшыларының жұмысын үйлестіреді. ASI халықаралық деңгейде қатысуы ISO техникалық комитеттерінде 88% астам және CEN техникалық комитеттерінде 100% құрайды. Институт стандарттарды таратумен, сертификаттаумен, курстар мен семинарларды ұйымдастырумен, консалтингтік қызметтермен, ғылыми жобалармен айналысады.