Қазақстандық ғарышкер, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов Германияға сапармен келіп кетті, оның барысында аэроғарыштық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер мен іс-шаралар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сапардың бірінші күні А.Айымбетов Нойштрелиц қаласындағы Қашықтықтан зондтау деректер орталығына барды, онда тәжірибе мен технологиялар алмасу бойынша сындарлы диалог жүргізіліп, ғарыш саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Оған қоса қазақстандық ғарышкер Нойбрандербургте өткен «Космонавтика күндері» халықаралық ғылыми конференциясына қатысып, «Қазақстан Республикасындағы ғарыштық технологиялардың дамуы» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» басқарма төрағасы Баден-Вюртемберг федералдық жерде де болды. А.Айымбетов неміс астрономы Иоганнес Кеплер мен ғарышкер Юрий Гагаринге арналған Космонавтика аллеясында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.

Инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін кеңейтуге профессор, астронавт және «PlasmaAir AG» бақылау кеңесінің төрағасы Эрнст Мессершмидпен кездесу ықпал етті. А.Айымбетов неміс компаниясында шақырылған ғылыми қауымдастық алдында «Халықаралық ғарыш станциясына ұшу және нөлдік гравитация жағдайында ғылыми тәжірибелер жүргізу» туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық ғарышкер Шпайер қаласындағы «Space Flight Exhibition «Apollo and Beyond» ғарыштық көрмесін тамашалады.
Ғарышкер Айдын Айымбетовтың сапары Қазақстан мен Германия арасындағы аэроғарыштық технологиялар мен инновациялар саласындағы әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін анықтауға маңызды қадам болды.