Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Bett UK-2024 конференциясына қатысу үшін Лондонға арнайы келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
BETT 2024 – әлемдегі ең ірі білім беру технологияларының ең ірі көрмесі болып табылады. Ол тек жаһанның түкпір-түкпірінен білім беру көшбасшыларын ғана емес, сондай-ақ 600-ден астам инновациялық білім беру технологияларының майталмандары мен бір арнаға тоғыстырған алқалы жиын болды.
Осы конференция аясында министр Саясат Нұрбек «Жасанды интеллект жоғары білім беру саласын ілгерілетудің өзекті мәселелері?» деген тақырыпта жиналған қауымға тұщымды баяндама жасады.
Министр оқыту бағдарламаларына жасанды интеллектті енгізу бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан реформалармен және мемлекеттің заманауи технологиялардың сын-қатерлеріне жауап берудің озық үлгілерін түсіндіріп өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 3 отандық жоғары оқу орнының базасында жасанды интеллектті зерттейтін мектеп ашуды тапсырды. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Жасанды интеллект – адам өмірінің барлық салаларына сәт сайын сайын еніп келе жатқан дүние. Сондықтан осы мәселеге барынша көңіл бөлуіміз керек. Жоғары оқу орындарында жасанды интеллекттің қарқынды дамуы өзімен бірге озық технологияларды ғана емес, сондай-ақ оқыту мен зерттеудің тың әдістерін өзгертудің тың тәсіліне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл студенттер үшін интерактивті оқытудың аясын кеңейтеді, әрі мұнда ЖИ мазмұнды жеке қажеттіліктер мен оқу қарқынына қарай бейімдей алады. Сонымен қатар бұл сыни ойлауды дамытуға да ықпал етеді, өйткені студенттер инновациялық әдістерді енгізе отырып, нақты мәселелерге қатысты жобаларға бастамашы болады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысы сонымен қатар университеттердің профессор-оқытушылары үшін цифрландыру мен ЖИ артықшылықтары мен мүмкіндіктеріне тоқталып, ғалымдарға тың мәлімет беріп, жаңа идеяларымен бөлісті және ол өз сөзінде:
«Оқытушылар үшін ЖИ ғылыми-зерттеу және әкімшілік тапсырмаларды орындауда қуатты құралға айналуда. Күнделікті процестерді автоматтандыру студенттермен тереңірек байланыс орнату үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашып, уақытты үнемдеуге де таптырмас мүмкіндік. Оған қоса жаңа курстар мен іргелі зерттеулер жасауға бейімді. Осылайша, жоғары оқу орындарында жасанды интеллектті дамыту болашаққа бағытталған оқытуды қалыптастырады және білімнің жаңа салаларын шабыттандырады».
Айта кететін тағы бір маңызды мәселе, қазақстандық жоғары оқу орындары британдық әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осының нәтижесінде, BETT-2024 аясында Narxoz университетінде Queen’s University Белфастпен қос дипломдық бағдарламаны ашу туралы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл еліміздегі Russel Group лигасымен 2+2 үлгісі бойынша жүзеге асқан тұңғыш бағдарлама. Оқушыларды қабылдау 2024-2025 оқу жылына жоспарланып отыр. Қабылдау талаптары GPA және IELTS халықаралық сертификаттарын қажет етеді.
Атап өту керек, Ынтымақтастық негізінде Bachelor of Business Administration in Finance, Bachelor of Business Administration in Management, Bachelor of Business Administration in Economics секілді білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Конференция аясында Министр Саясат Нұрбек Ұлыбританияның Білім саласының ресми өкілдерімен кездесу өткізіп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін өзара талқылап, саралады.