8 қазанда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АҚШ Сауда миссиясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Америкалық делегацияның құрамында АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм, АҚШ Сауда палатасының Елшісі және Сауда министрі көмекшісінің орынбасары Дэвид Де Фалько, АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси, сондай-ақ «Apple», «Citibank», «Freedom Holding Corp.», «Global Data Risk», «Leidos», «Mayer Brown» және «Wolt» болды.
АҚШ-тың Қазақстандағы Сауда миссиясы 2020 жылы құрылған АҚШ-Қазақстан Іскерлік кеңесімен бірлесіп өткізіледі. Кеңес Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланысты нығайтуды мақсат етеді.

Кездесу барысында Министр Қазақстан жақында ғана MSP-ның толыққанды мүшесі болғанын және маңызды минералдар мен металдарды жеткізудің жаһандық тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын екенін атап өтті. Біздің елде бұл үшін барлық қажетті алғышарттар бар, оның ішінде әртараптандырылған минералдық-шикізат базасы, инфрақұрылым, адами капитал және жоғары құзыреттілік, сондай-ақ дамыған Midstream индустриясы бар.
«Біз минералдық-шикізаттық базамызды әртараптандырылған деп атаған кезде, Қазақстан АҚШ-тың 50 маңызды шикізаттар тізімінен 21 элементті және Еуропалық Одақтың 34 маңызды шикізаттар тізімінен 19 минералды жеткізе алатынын атап өткіміз келеді. Кез келген ел маңызды шикізаттардың мұндай кең тізбесін қамтуы мүмкін емес, олар жеткізуде олар маманданған бірнеше элементтермен шектеледі» Қанат Шарлапаев
Сондай-ақ Қазақстанның мүмкіндіктері жоғарыда аталған элементтермен шектелмейтіні атап өтілді. Басқа пайдалы қазбалар кен орындарының болуын ескере отырып, Қазақстан АҚШ пен ЕО маңызды шикізаттар құрама тізімінің барлық дерлік элементтерін жеткізуді ұйымдастыруға қабілетті.

Сауда миссиясының делегациясы сирек жер металдарын өндіру, барлау және игерудің тұрақты әдістері саласындағы ынтымақтастық жолдарын талқылауға қызығушылық танытты. Сондай-ақ Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінде тиімділік пен экологиялық тұрақтылықты арттыру үшін инновациялық технологияларды біріктіру мәселелерін талқылауға дайындықты білдірді.
Кездесу барысында тараптар тау-кен және өнеркәсіп салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді, сондай-ақ өнеркәсіпті жаңғырту және инфрақұрылымдық жобалардағы әріптестік мәселелерін талқылады.

Қазақстандық тарап, өз кезегінде, біздің еліміздің маңызды шикізаттарды геологиялық барлау және өндіру саласындағы бірлескен жобаларға дайын екенін атап өтіп, кіші компаниялар үшін бар шарттар туралы айтты.