Мемлекет басшысының өкімдеріне сәйкес авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Нұртас Қабақов – әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұдан басқа, әуе қорғанысы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов Қорғаныс министрінің бұйрығымен Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы лауазымына тағайындалды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасында жеке құрамға ел Президентінің өкімдерін жеткізіп, лауазымдарға жаңадан тағайындалған тұлғаларды таныстырды.

Қорғаныс министрі авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов, генерал-майор Нұртас Қабақов және генерал-майор Қайрат Садықов жоғары лауазымдарда қорғаныс қабілетін нығайту және әуе шептерін қорғауды қамтамасыз ету ісінде Мемлекет басшысының жүктеген үмітін ақтайтынына сенім білдірді.

Бейнеконференцбайланыс форматында өткізілген іс-шараның соңында генерал-полковник Руслан Жақсылықов ел Президентінің – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының талаптарына қарай Әуе қорғанысы күштерін одан әрі дамытудың негізгі басым бағыттарын айқындады.