Қорғаныс министрлігінің басшылығы көпбалалы әскери қызметшілердің отбасыларын назардан тыс қалдырған емес, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мереке қарсаңында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, оның орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің қолбасшылары, бөлімшелер басшылары құттықтап, көпбалалы отбасыларына жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті.

Тығыз шаруасы барлар отбасыларын көрмесе де, басшылар тарапы оларды назардан тыс қалдырмай, бейне байланыс арқылы сөйлесу мүмкіндігін пайдаланды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов Құрлық әскерлері әскери институтының әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов жары Айгүлмен сегіз бала өсіріп отырған көпбалалы отбасын құттықтады. Жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ол отбасына ақжарма тілегін де жеткізді.

– Балалардың жылдан жылға өсіп, ер жетуін көру - нағыз бақыт. Олар – біздің болашағымыз, ізімізді жалғастырушылар. Бала күнінен-ақ олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне, жетілуіне жағдай жасалуы тиіс. Басты байлығымыз үнемі назарда, қамқорлығымызда болғаны жөн, – деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов.
Алдағы жылы Өскемендегі механикаландырылған құраманың әскери қызметшісі сержант Азамат Уәлиолдановтың отбасы сегізінші перзенттерін дүниеге әкелмек. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов көпбалалы отбасыға ізгі тілектерін білдіріп, олармен байланысқа шықты.
– Балаларды тәрбиелеу – аса жауапты міндет. Сізге түн ұйқыңызды төрт бөліп, перзенттеріңізді жетелеп жүргеніңізге алғысымды айтамын. Әскери адамның қызметтегі жетістігі көбіне сенімді тылы мен отбасына байланысты, – деп министрдің орынбасары Азаматтың жары Қарлығашқа алғысын білдірді.

Жалпы Қарулы күштерде 5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Тәрбие құрылымдарының офицерлері, сондай-ақ әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтердің өкілдері олармен әрдайым байланыста болып, тіпті балалардың жасын, хоббиі мен қабілеттерін жақсы біледі.
Осы күндері әскери ұжымдарды үйлестіруге бағытталған жаңа жылдық ертеңгіліктер, концерттер, экскурсиялар, қызықты жарыстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұның бәрі әскердің бір шаңырақ астындағы тату отбасындай құрылым екенін білдірсе керек.