Сәлеметсіз бе, анашым. Қал-жағдайыңыз жақсы ма? Менде бәрі жақсы. Әскердегі күндерім ойдағыдай өтіп жатыр. Барлығы тәртіпке сай. Таң көбесі сөгілісімен тұрамыз, түн батысымен жатамыз. Барлық күн бір-біріне ұқсас секілді. Алайда, әр күн өзіндік жаңалыққа толы.
Алғашқы күні бізді әскери оркестрмен қарсы алды. Әскери бөлімге кіре салысымен әскери барабан, үрлемелі музыканың даусы шықты. Біз бейне бір майдан шебіне келгендей болдық. Барлығымыз саптық алаңда жиналдық. Мінберге шығып, әскери бөлім командирі сөз сөйледі. Біздің келген әскеріміз Ұлттық ұлан әскері деп аталады екен. Тәуелсіздігімізбен бірге құрылыпты. Міндетіне көп нәрселер кіреді. Солардың бірі – ішкі тыныштық. Есіңізде ме, анашым, өткен жылдың басында мен Алматыда жұмыс жасап жүрген кезімде қала тіршілігі әлей-дүлей болып кетіп еді ғой.
Досымыз қайсысы, жауымыз қайсысы екенін білмей қалдық. Қаладан шығу да бір бейнет болып қалды. Сол кезде халқымызды қорғаған әскер – Ұлттық ұлан әскері екен. Енді, болашақта мен де солардың қатарына қосыламын. Отанымыздың нағыз қорғаушысына айналамын. Анашым, Сіз уайымдамаңыз, менде барлығы жақсы, бізге әскери киім берді, күнделікті тамағымызды қамтамасыз етеді. Жатын орнымыз да жылы. Барлығыңыз мені вокзалдан шығарып салғандарыңыз естеріңізде шығар?! Сол кезде мен пойызға отырып, басын қар шалған Алатаудың шыңдарына ұзақ қарадым. Бірде пойыз орнынан жылжығанда Сіздер, барша адамдар артта қалды. Тіпті вокзалдың өзі бір бұрылыстан соң көзден тасада қалды. Алыстан жылтырап Алатаудың шыңы тұрды. Мен көз алдыма балалық шағымды, ойын құрған достарым мен бауырларымды есіме алдым және әрине өздеріңді – бәріңізді сағынып кеттім. Өңешімнен су өтпей, қатты бір кермек кернегендей сезімде болдым. Бірте-бірте туған жерді есіме түсіріп тұрған Алатау да жоғалып көрінбей кетті. Сол кезде туған жерден, туған елден жырақтап бара жатқанымды түсіндім. Пойыздың іші өзіміз секілді жастарға толы. Арасында біздің ауданның балалары да бар. Барлығымыз болашақ қызметіміз туралы әңгімелестік. «Не болады екен?» дейтін сұрақтар ойымызды мазалады. Осылайша, бірнеше қалаларды басып өтіп, араға екі тәулік салып Ақтау қаласына да келдік. Алдымыздан мектепте оқыған қарт
Каспий теңізі шықты. Ауасы да ерекше екен. Біз тауларды аңсағанда, әскердегі ақтаулық жастар осы теңізді сағынатын шығар. Сондай алып, сондай күшті. Қаланы өз құшағына сыйдыратындай. Осылайша, әскери бөлімге де жеттік. Қалғаны жоғарыдай айтылғандай әскери бөлімде орын алды. Командир қамқор әкей секілді. Бірінші күннен бастап бізге Отан алдындағы жауапкершілігіміз туралы айтты. Болашақ қызметімізге сәттілік тіледі. Оқу орталығына келе салғанымыз сол еді, бізді салтанатты түрде қарсы алды, ротаның өмірімен таныстырды. Мұнда тәжірибелі офицерлер мен сержанттар жеткілікті. Бізді барлық жағынан дайындап келеді. Білімдерін аямауда. Әскерге келіп әскери киім киюді, төсек-орынды жинауды және жалпы барлық жағынан тәртіпті болуды үйренудеміз. Біз мұнда бір үйдің балаларындай тату-тәтті тұрып жатырмыз. Білмегендеріміз болса бір-бірімізге үйретеміз. Жуырда қолымызға қаруалып Әскери ант қабылдаймыз. Сол кезде толыққанды Отан қорғаушы атанамыз. Әзірге бар жаңалық осы. Өздеріңізден асыға жаңалықтар күтемін. Әке қалай, бауыларым қалай? Ауылдағы жаңалықтарды хат арқылы жолдаңыздар. Хат күтемін.
Сәлеммен ұлыңыз Дастан, Ақтаудан