Ғылым жолын таңдаған сардар

1607

Қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асанов өз естелігінде «Ұлы» деген сөзге түсініктеме беріп, «Абай ХІХ ғасырда да, ХХ ғасырда да және ХХІ ғасырда да Ұлы болып қала бермек» деп жазған болатын. Шынында да,  ақыл-кеңес іздесек, Хәкім Абайға келіп жүгінетініміз белгілі.  Абай атамыз «Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деген болатын.  Нарықтың ырық бермес асау заманында ғылым да, ғалым да атауы өзгеріске ұшырағаны қашан? Тоқырауға толы тоқсаныншы жылдары ізденімпаз жастарға білім берген академиктерден көшеде пісте сатқан саудагердің тасы ілгері өрлегенін бұқара қауым куә болған-ды. Сонда көптеген ғылымсүйгіш жандар бастапқы ойларынан қайтып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткені анық еді. Тек, таңдаулылар ғана өз сүйген ісіне адалдық танытты. Ғылым мен білім саласынан қол үзбеді. Сондай жандардың бірі – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Ұлттық ұлан факультетінің бастығы полковник Марат Батыров.

Марат Ескенұлы бейтаныс адамға қарапайым көрінгенімен жақынырақ танысып, біліскен адам үшін пайым парасаты терең тұлға. Жалпы құқықтық тәртіп әскерінің қатарынан табылуының өзі әскер үшін үлкен сәттілік, үлкен олжа деп білеміз. Әйтпесе, ізденімпаз тұлғалар темірдей тәртіпті талап ететін, өзіндік ішкі шеңбері бар әскери қызметті айтпағанда, азаматтық салаларда да сирек кездеседі. Ал, Марат Ескенұлы болса, жан-тәнімен білім беру ісіне берілген жан. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның қатарына күрделі кезде келіп қосылып,  әскери ғылымның тасын жоғары дөңгелетуге атсалысты. Бүгінде кәсіби шеберлігінің арқасында жаңа биіктерді бағындырып, жоғары лауазымға тағайындалды. Ұландық магистранттарға білім берудің басы-қасында жүр. Өзін тек жақсы қырынан яғни, үлгілі офицер, ұлағатты ғалым ретінде танытты.  Осы уақытқа дейін әскери ғылымның дамуына көп уақыт арнап, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлік даярлығын жоғары сатыларға көтеруге үлкен үлес қосып келеді. Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген болатын. Марат Ескенұлындай жан-жақты азаматтың қалыптасуын сонау балалық кезінен іздеуіміз керек. Тәрбие мен тәлім  дәл келсе, сондай адам өз ортасын таба білсе тек өз үшін ғана емес, айналадағы қоғам үшін де келтірер пайдасы да ұшан-теңіз. Сонымен полковник М. Батыровтың жұлдызы қалай жанды немесе физиктер айтқандай  сәттілігінің формуласы қандай?

Өзен бұлақтан басталатын секілді адам баласының өмірі балалық шағынан басталады. Кейіпкеріміз  1963 жылдың 8 ақпанында Көкшетау облысы, Көкшетау ауданының Қошқарбай ауылында ұлағатты ұстаздардың жанұясында дүниеге келді. 1970 жылы аталмыш  ауылдағы мектептің табалдырығын аттайды. Үлгілі оқып, физика және математика секілді нақты пәндерге қызығушылық танытады. Нәтижесінде елге әйгілі Алматы қаласындағы Республикалық физика-математикалық мектебіне ауысып,  1980 жылы  аталған оқу орнын аяқтайды. Сол жылы  Мәскеу қаласындағы Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесіне түседі. 

Шет елде жоғары оқу орнын 6 жыл оқып, ішкі жану қозғалтқышының инженер-механигі мамандығын алып шығады. Алғашқы қызмет жолын 1986 жылдың сәуір айында Целиноград ауыл шаруашылық институтының Көкшетау қаласындағы филиалында кафедра ассистенті болып бастайды. Кейін 1995 жылдың мамыр айы аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аграрлық-техникалық орталығының аға оқытушысы лауазымында жұмысын жалғастырады. Ұлағат иесі Көкшетау университетінің кафедра доценті лауазымына тағайындалады.   Ал, 1997 жылдың тамыз айында Солтүстік Қазақстан облысы қалалақ әскери комиссариатымен  Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскер училищесіне шақырылады. Сол кезден бастап  1998 жылдың наурыз айына дейін материалдық бөлім және автоброндытанк техника кафедрасының материалдық бөлім циклының аға оқытушысы лауазымында қызметін бастайды. Өзі қызметін бастаған кафедра басшысының міндетін атқарады, сол ұжымды толық басқарады. Араға біраз уақыт салып, Ішкі әскерлерінің жоғары училищесінің техникалық және тылдық қамтамасыз ету кафедра бастығы болып тағайындалады.  Қызметі де жақсы нәтижелер көрсетіп, жоғары басшылықтың назарына ілінеді. Курсанттарды оқытуда қол жеткізген жоғары нәтижелері және кәсіби шеберлігін ескерген әскер басшылығы оны 2007 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары училище бастығының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары – техника және қару-жарақ бөлімінің бастығы лауазымын ұсынады. 2009 жылдың шілде мен желтоқсан айы аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Әскери институты техникалық және тылдық қамтамасыз ету кафедрасының тыл циклының бастығы болып жемісті жұмысын жалғастырады.  2015 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұлан Әскери институт бастығының (оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі) орынбасары лауазымынынан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жауынгерлік дайындық басқармасы оқу және ғылыми жұмыс бөлімінің бастығы болып ауысады. Осылайша, 2022 жылдың мамыр айына дейін көп жылғы қалтқысыз еңбегін жалғастырады. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан факультетінің бастығы лауазымында Отан алдындағы борышын жалғастырып жүр. Қазақстан Республикасының  6, Ресей Федерациясының  1, Тәжікстан елінің 1 медалімен марапатталған.

Білімпаз жан 2010 жылы Ресей Федерациясы Омск қаласындағы Омск мемлекеттік педагогикалық университетін аяқтап,  Білім және педагогика ғылымы  жоғары оқу мекемесінің білімінен кейінгі жоғарғы білім бағдарламасы мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алды. Араға үш жыл салып Ресей Федерациясы әскери академия ғылымдарының профессоры болып сайланады. Қазақстан педагогика ғылымы академиясы және Қазақстан әскери ғылым академиясының тілші мүшесі атанады. 17 оқу және оқу-әдістемелік құралының, 7 білімнің мемлекеттік жалпы білім алу стандарты, 100-ден астам басылымдар және мақалалар, оның ішінде 38-ден астамы Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігінің қадағалау комитеті жағынан, оның ішінде 1 мақала халықаралық ғылыми журналда, (ISI web of Knowledge, Thomson Reuters) Томсон Рейтер ақпараттық базалы деректері бар нөлдік емес импакт-факторлы компанияда басылып шыққан. 2018-2020 жыл аралығынан бастап «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс» бағытынан Ұлттық ғылыми кеңес мүшесі болып қоғамдық жұмыстарға араласады. 2020 жылдың маусым айынан бастап казіргі уақытта тәуелсіз эксперттік комисияның, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министірлігінің кеңесші органы – «Болашақ» конкурсына қатысатындарға үкім шығаратын Республикалық комиссияның шет елдерде кадрларды дайындау, талапкермен жеке сұхбат жүргізуші, жұмысшы органы бағытынан Ұлттық ғылыми кеңес мүшесі  ретінде елеулі қызметін жалғастыруда.

Қызметінде үлгілі офицер, үйінде аяулы жар, өнегелі әке. 1996 жылы Зеренді ауданы, Қошқарбай ауылында бірге өскен Бақыт Құныбайқызымен жанұя құрады. 1996 жылы тұңғышы Рауан, ал 1997 жылы 31 қазанда Дана атты қызы дүниеге келіп, әкелік бақытқа бөленеді.  Ұлы  Рауан Маратұлы Түркияның Құрлық әскерлер академиясының түлегі. Магистр. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметінде жұмыс істейді. Қызы  Дана Маратқызы Назарбаев университетінің түлегі. 

Әкеcі Ескен Батыров пен  анасы Көпей Ыбрайқызынан  үш ұл, бір қыз тараған балаларының әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, ел игілігі жолында қызмет атқаруда. Ағасы Болатбек Ескенұлы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің деканы болып жұмыс істесе, қарындасы Манар Ескенқызы Көкшетау қаласының №6 орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Үйдің кішкентайы Қанат Ескенұлы жеке кәсіпкер. Барлығы тату-тәтті өмір сүріп, қай кезде болмасын бір -біріне сүйеу болуда.

Қазақ «жақсының  жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Марат Ескенұлы өз еңбегімен қалың жұртқа танымал тұлға. Әскер қатарында жүріп, ғылым мен білімге деген шексіз адалдықтың айқын үлгісі атанды. Оның еңбексүйгіштігі мен нақты ғылымдарға деген махабатты әскери ғылымды алға сүйреді.  Осының барлығы Марат Ескенұлының Отанға деген адалдығы, ғылымға деген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуінің және өзінің тумасынан қалыптасқан азаматтық, һәм адами қасиеттерінің арқасында қол жеткізді. Жуырда кейіпкеріміз асқаралы алпыс жасқа толып, құрметті еңбек демалысына шығуда. Ендеше, мереке иесін туған күнімен құттықтай отырып, болашақ өмір белестерінде сәттілік жолдас болғай деп мақаламызды аяқтаймыз. Әскери ортада ғылымға ғашық жандар көп болғай!

Майор Дарын СЕЙІТОВ

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -