Ұландық жауынгерлер Мұқағали жырларынан шашу шашты

1323

Ағымдағы жылдың 12 ақпанында Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері арасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Мұқағали оқулары» конкурсы өтті.

Қарумен қатар қазақ ақындарының жырларын жанына жалау еткен жауынгерлеріміз бұл сайыста поэзия патшалығындағы пайымдауы өзгеден бөлек ақынның жебелі жырларын жүректерге ерекше үнмен жеткізіп, әсем әндер орындады.

 «Ғасырда бір туатын дарабоз» атты 1 кезеңде сарбаздарымыз ақынның Отан, туған жер, махаббат, табиғат лирикасына арналған өлеңдерін шабыттана оқып берді. Ал «Жырлайды жүрек» деп аталатын екінші кезеңде ақынның өлеңдеріне жазылған әндерден шашу шашты. Қысқа ғана ғұмырында өзіндік жырымен,  оқырманына ғана емес қазақ әдебиетіне өшпес із қалдырған дара да, дана ақынға арналған өлеңдер мен шығармаларды ұландық сарбаздар «Әлі талай жыр болып жазыларсың» деген үшінші кезеңде тілге тиек етті.

Конкурс қорытындысы бойынша «Көркем сөз оқу шебері» номинациясын 2 атқыштар ротасының жас жауынгері Тұқан Әділет «Жігіттер мақтанбалық», «Пай-пай, өмір» өлеңдерін нақышына келтіре оқып жеңіп алды. Ақынның әндерін орындаудан алдына жан салмаған сарбаздарымыздың арасынан «Жезтаңдай әнші» номинациясын материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының жауынгері Дауылбаев Бағжан қанжығасына байлады. Ақынға арналған өзінің жалынды жырын тарту еткен жас қаламгер жауынгеріміз Боран Дамир «Талантты тұлға» номинациясына қол жеткізді.

Айтылар естеліктер мен туралы

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы,

Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы,- деп ақынның өзі арнаулар да, естеліктер де, оған арналған өлеңдер мен жылы лебіздер де толастаған емес.

Қазақ әдебиетінің поэзиясына жалынды да жақұт жырларымен ерекше серпін берген сыршыл, гуманист ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болатынын осы бір кеші тағы да дәлелдеп берді.

6698 әскери бөлімі

Шынжігітова Малика

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -