Қоғамдық тәртіп күзетінде

16698

Түркістан қаласы көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506 әскери бөлімі 3 жедел мақсаттағы батальоны сарбаздары зор үлес қосып жүр. Әскери өмірдің ыстық-суығына төзіп, Отан алдындағы борыштарын адал абыроймен өтеп жүрген жауынгерлердің бір күндік қызметімен біз де танысып қайттық.

Түркістан қаласында жауынгерлік қызметке 6506 әскери бөлімінің сарбаздары 2023 жылдың 8 қарашасынан бастап кірісті.

Тәуелсіз еліміздің ішкі тәртібін күзетіп және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ұлттық ұлан әскерінің рөлі теңдессіз. Өйткені әскерилер өз міндеттерін күнделікті орындау барысында әкімшілік құқық бұзған, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстап, қоғамды бұзақылардан «тазартуға» үлес қосады.

Түркістан қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімі 3 жедел мақсаттағы батальонының жауынгерлерімен әңгімелесу барысында олардың шаһар көшелерін бақылай жүріп, түрлі оқиғаларға тап болатынын білдік. Осы орайда «әскерге баласын аттандырған ата-ананың алаңдайтын да жөні бар екен-ау» деген ойға қалдық. Әйтсе де, сарбаздардың көздерінен мұндай қорқынышты байқамадық. Керісінше, жанарларынан от ойнаған жігіттер Отанын қорғап, ел-жұртының тыныштығы үшін қызмет етіп жүргендерін мақтан тұтатындарын жеткізді.

Күнделікті көшеге шыққанда қаланың әрбір ауданынан кезекшілікте жүрген әскери жасақты жиі байқаймыз. Мінекей,солардың қырағылығының арқасында әр күн сайын түрлі қылмыстық оқиғаларға тосқауыл қойылып, есірткімен, қарумен жүрген қоғамға қауіпті азаматтар қолға түседі. Тіпті қоғамдық тәртіпті бұзған тұрғындар мен жүрісі күдікті қылмыскерлерге де тосқауыл қойылады.

Аталмыш әскери бөлімдегі қоғамдық тәртіпті күзету қызметінің басты міндеті – қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіпті қадағалау. Түркістан шаһарында әскери борыштарын өтеу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жауынгерлер осы істі, жан аямай атқарып жүр. Олар өздеріне жүктелген әскери міндетті жауапкершілікпен орындап, сауатты түрде шебер қимылдап, бұл істерімен Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне пәрменді көмек көрсетіп келеді. Мұның барлығына әскери жасақ жауынгерлерімен бірге жүріп, өзіміз куә болған сәттер айқын дәлел болды.

Сарбаздар жауынгерлік қызметке түспес бұрын, саптық алаңда жауынгерлік бұйрық беріліп таралым өткізілді. Саптық алаңда өткен таралым кезінде сап түзеп тұрған сарбаздардың жауынгерлік қызметке дайын екенін аңғардық. Сапқа қаз-қатар тізілген сарбаздардың әскери формасын рота командирі капитан Оразхан Мырзалиев арнайы тексеріп шықты. Содан кейін қолдарына қызмет дәптерлерін ұстаған әскери жасақ бастықтарына, қала аумағында бір тәулік ішінде тіркелген оқиғалар туралы ақпарат жеткізілді. Бұл дәптерге іздеуде жүрген қылмыскерлердің, із-түссіз жоғалған жандардың айрықша белгілері, ұрлық оқиғаларына қатысты деректер жазылады. Тіпті велосипед ұрлығына қатысты ақпараттар да назардан тыс қалмайды. Тағы бір айта кетерлігі, кезекшілікке шығатын әскери жасақпен алдын ала міндетті түрде әдістемелік сабақтар жүргізіледі. Бұдан әрі әскери жасақ арнайы техникамен күзет маршруты бойынша қаланың әр ауданына тасымалданады. Ал біз 8 жедел мақсаттағы ротаның командирі капитан Оразхан Мырзалиев бастаған ротаның әскери жасақтарымен бірге жүрдік.

Әскери жасақ құрамы өздеріне берілген аймақта жауынгерлік қызметтеріне кіріспес бұрын аймақты толық тексеріп, әскери жасақ кезекшісіне аймақтағы жағдайды баяндап, тек содан кейін жауынгерлік қызметтеріне кірісті. Қызметті атқару барысында шамамен кешкі сағат 21.00 шамасында «Жеңіс» саябағының ауданында ересектердің бақылауынсыз жүрген кішкентай баланы байқады. Баланың адасқаны анықталды. Қатардағы жауынгер Абылайхан Садықов бастаған әскери жасақ мән-жай туралы әскери жасақ бойынша кезекшіге баяндады, ол өз кезегінде полиция қызметкерлері арқылы баланың ата-анасын анықтап оны анасына қайтарды.

Баланың анасы әскери жасақ құрамына үлкен алғысын білдірді.

Мінекей, бұл бір тәулік ішінде нысанаға іліккен оқиға. Осылайша, әскери өмірдің бір күні аяқталды. Казармаға оралған жігіттерді ертеңіне де дәл осындай жауынгерлік міндет күтіп тұрғаны анық. Күннен күнге шыңдалып, әскердегі өмірге бейімделе түскен сарбаздардың небір қызықты да қиын күндерді бастан кешіп жүргеніне көзіміз жетті.

Сарбаздармен қоштасар сәтте олардың кезекшілікке алып шыққан кітапшаларына назар аудардық. Ондағы әрбір жазбада біреудің тағдыры, денсаулығы, құтқарылған өмірлер, ашылған қылмыстар баяндалған. Демек, әскери жасақ кезекшілері көшеде жанымыздан табылса, ол да біздің қауіпсіздігіміз үшін екен.

Жауынгерлік қызметке кіріскеннен бері екі ай ішінде 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірлесе түрлі құқық бұзғаны үшін отызға жуық азаматты Ішкі істер органына жеткізген.

Әскер қатарында қызмет ете жүріп, азаматтық абыройлы парыздарын өтеп жүрген сарбаздарға жүктелер сенім мол. Осындай сенім үдесінен шығып, ел тұтастығын сақтауға үлес қосып жүрген 1-2023 жылғы шақырылым сарбаздары алты айдан соң отбасыларына оралады. Ата-анасымен, туыстарымен аман-сау қауышатын жігіттердің әскерден алған әсерімен ұзақ бөлісеріне сенімдіміз.

Аға лейтенант Олжас ӘДІЛБЕК, Шымкент қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -