Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жосықсыз құрылыс салушылардың тізбесін жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.
"Қара" тізімде Қарағандыда қажетті рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан 11 тұрғын үй кешені бар.


– Қарағанды бойынша бүгінгі таңда 11 нысанда рұқсат құжаттарының толық пакеті жоқ. Дегенмен, олар құрылысты бастап кеткен немесе қандай да бір жолмен жалғастыруда. Нақтырақ айтсақ, сот қаулысымен "Қарқаралы" ТК және Мұқанов, 49р мекенжайы бойынша орналасқан КТК, "Central Avenue" ТК бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды, құрылыс салушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мен әлеуетті үлескерлерге ескерту жасағым келеді: жарнамаға сенбеңіздер. Егер кімде-кім осы нысандарға инвестиция салған болса, ойланып, өз ақшасын талап еткен жөн, – деді ГАСК басқармасының басшысы Сержан Аймақов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте.

Оның айтуынша, сот процесінде басқа да нысандар бойынша материалдар бар.

МСҚБ салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде құжаттар пакетінің бар-жоғын тексеруді ұсынады. Ол үшін сенім телефонына хабарласуға болады: (8-7212) 43-22-43.
