Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласына жалынды сәлем!
Осы хатымды түтінін түндігінен түзу тұтатқан ауылдағы әке-шешеме жолдаймын.
Мен үшін аса ардақты және аяулы жан саналатын менің әзиз әке-шешем, қалдарыңыз қалай? Мал-жан, қора-қопсы бірқалыпты ма? Қысқа қалай қамдандыңыздар? Биыл қар қалың жауады дейді ауа-райын болжайтындар.
Менің әскери бөлімдегі өмірім күн тәртібімен өтуде. Әсіресе, асыл анамды алаңдатын тамақтану мәселесі жоғары деңгейде. Сондықтан, «баламның қарны ашып жүр ме» деген ойдан аулақ болуыңызды сұраймын. Ал, әкеме әскери өмір менің мұқалмас қайратымды одан сайын шыңдай түсті деп айтқым келеді.
Жауынгерлік қызметті орындау барысында қала тыныштығын күзетемін. Шахар көшелерін аралап, күдікті атаулыны жіті бақылауға алатын жауынгерлік жасақ тәртіп бұзушылықтың алдын алады.
Көңілдің кейбір тұсында отбасымен серуендеп жүрген жанұяны көргенде есіме сіздерді алып, бойымды сағыныш сезімі кернейді. Алайда, Отан алдындағы парымызды абыройлы өткеру – мен үшін, біздің әулет үшін де үлкен мәртебе деп санаймын.
Әлімжан Дәуітбала, 6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері