Тыныштықты күзеткен Ұлттық ұлан

14531
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қазақ - батыр халық. Ұланғайыр байтақ даланы қорғау үшін де үлкен ерлік пен асқан ержүректілік керек.

Бабаларымыздың жаужүрек, рухты болуының арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Осыдан 32 жыл бұрын еліміздің тұңғыш Президентінің жарлығымен 1992 жылы 7 мамырда Қарулы күштер құрылды. Бұл-жеріміз бен еліміздің тұтастығын сақтап, бабалар аманат еткен кең байтақ жерді қорғап қалу мақсатында туындаған ұлы шешім еді. Себебі, «Жау жоқ деме, жар астында, бәле жоқ деме, аяқ астында» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Бұл сөз бейбітшілік кезінде де сақтанудың қажеттігін аңғартады.

Бүгінде еліміздің ішкі тыныштығы, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздігін қадағалап қамтамасыз ететін Ұлттық ұланымыз бар. Ел тыныштығы, бейбіт өмір кепілі дегенде ең алдымен ойға жауынгерлік қызмет пен дайындықты қамтамасыз етіп отыратын әскери бөлімдер оралады. Солардың бірі – «Батыс» өңірлік қолбасшылыққа қарасты Атырау қаласының ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп жүрген 5546 әскери бөлімі. Еліміздің батысында орналасқан Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында бөлімнің командирі, подполковник Ерлан Ипатовпен әңгімелескен едік.

Ерлан Берікқалиұлы, қайырлы күн! Бүгінгі әңгімемізді әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығынан бастасақ?

Қайырлы күн, Атырау қаласына соның ішінде 5546 әскери бөліміне қош келдіңіз. Осы әскери бөлімге командир болып келгеніме екінші жылға кетті. Әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары. Себебі, біздің әскери бөлім Атырау қаласында ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірігіп қоғамдық тәртіпті қадағалап, түзеу мекемесіндегі сотталғандарды күзетеді. Қазіргі таңда әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығы өте жоғары деп айталамын. Оған дәлел 2023 жылдың қазан айында әскери бөлімнің жеке құрамы 4 жылда бір келетін инспекторлық тексерістен өткен болатын. Сол тексеріс кезінде әскери бөлім қызметкерлері барлық сынақтан сүрінбей өтіп, жауынгерлік әзірліктерінің жоғары дәрежеде екендігін дәлелдеді.  

Осы жылы да жоспарланған штабтық командалық оқу-жаттығулар өте көп. Сол жаттығуларға біздің әскери бөлімнің жауынгерлері белсенді түрде қатысатын болады. Осының бәрін ойдағыдай өткізу-біз үшін үлкен міндет.

Сіздің әскери бөлімде сарбаздың әскери өмірге тез бейімделуі үшін қандай жұмыстар атқарылады?

Алдымен әскери бөлімге келген жас сарбаздарды бір айға бастапқы оқу пунктіне жібереміз. Сол жерде олар алғашқы әскери дайындық мектебінен өтеді. Бұл жерде жастарға, әскери өмірдің барлық қыр-сырын үйретеді. Күнделікті әскери қызмет арнайы күн тәртібінен басталады. Сондай-ақ, жауынгерлік дайындық сабағынан басқа жас сарбаздарға мәдени-сауықтыру шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әскери бөлімнің және қаланың тарихы, көрнекті жерлерін аралап таныстырады. Біз әскер қатарына жаңа алған сарбаздарды бірден жауынгерлік қызметке түсірмейміз. Жас сарбаздар жауынгерлік қызметке түспес бұрын сол қызметтің мән-мағынасын түсіну үшін әр түрлі әдістемелік сабақтар өткізіліп, қызметті теория жүзінде оқып үйренеді. Теориялық сабақтар аяқталысымен оқып үйренгендерін іс жүзінде орындауға кіріседі. Іс жүзінде орындау барысында сарбаздар жауынгерлік қызметке ең алғаш тәлімгер ретінде түседі. Жас сарбаздар қызметтің қыр-сырын  әбден меңгергеннен кейін ғана жауынгерлік қызметке өздігінше түсетін болады. Біздің әскери бөлімде жауынгерлік қызметті жоғары деңгейде атқаруға барлық жағдай жасалынған.  Осы жауынгерлік қызметті атқару кезінде үздік қызмет көрсеткен сарбаздардың ата-анасына немесе оқыған мектебіне отан алдындағы міндетін үлгілі орындағаны туралы алғыс хат жолданады. Сонымен қатар қырағылық танытып ерекше көзге түскен сарбаздарды жарғымен бекітілгендей 10 тәулікке өзінің туған жеріне демалысқа жібереміз.

Ерлан Берікқалиұлы, сіз басқарып отырған әскери бөлім жақында ғана жас сарбаздармен толыққан екен. Әскери бөлімде жас толықтырумен жұмыс қалай ұйымдастырылуда?

Иә, 5546 әскери бөлімі бір ай бұрын өз қатарын 200 ден астам жас сарбазбен толықтырды. Қазіргі таңда жас толым жеке құрамы оқу пунктінде әскери өмірдің қыр-сырын үйренуде. Нақтырақ айтар болсақ сарбаздармен қазіргі кезде саптық, атыс және тактикалық дайындықтар жүргізілуде. Сондай-ақ жас сарбаздар алдағы ақпан айының 3-і күні өтетін әскери ант қабылдау рәсіміне қызу дайындалуда.   Бір айлық оқу пунктінің негізгі мақсаты, сарбаздарды  алғашқы  дайындық мектебінен өткізу,  жастарға  әскери өмірдің барлық  қыр-сырын үйрету. Жас толымның күнделікті қызметі арнайы күн тәртібінен басталады. Олар үшін әскери қызмет жағдайына біртіндеп бейімделу үшін арнайы күн тәртібі де әзірленген. Жас сарбаз  курсынан басқа, олармен әртүрлі мәдени-демалыс іс-шаралары өткізіледі, Ұлттық ұлан ардагерлерімен кездесулер, бөлімнің тарихымен танысу секілді іс-шаралар өткізіліп отырады. Сонымен қатар сарбаздар күн сайын медициналық тексеруден өтеді. Оны арнайы сол оқу пунктіне жауапты медицина қызметкерлері жүргізеді. Осы тұста айта кетейін медициналық тексеріс те біздің күн тәртібімізде белгіленіп көрсетілген. Жалпы бір сөзбен айтқанда әскери бөлімге жаңадан келген жас толымға әскери өмірге дұрыс қалыптасу үшін барлық жағдай жасалынады. Жас жауынгер курсы Отанға адал болуға және еліміздің заңды түрде сайланған Президентіне әскери ант қабылдаумен аяқталады. Ал біздің әскери бөлімде әскери ант қабылдау рәсімі жоғарыда айтып өткенімдей ақпанның үшінші жұлдызында өтетін болады.

Сіздің әскери бөлімде тәртіптік көтермелеудің қандай түрлері қолданылады?

- Жарғыда қарастырылған көтермелеулердің барлық түрлері қолданылады. Егер  жауынгер  оған лайықты болса, біздің командирлер тарапынан оларға сараңдық жоқ. Алғыс жарияланады, отанына алғыс хаттар жіберіледі, үздіктерді грамоталармен марапаттаймыз, қысқа мерзімді демалыстар береміз, жауынгерлік дайындық пен, жауынгерлік қызметте көзге түскен  үздіктер "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін"  және  «Ұлттық ұланның  үздігі»  атты кеуде белгілеріне ие болады. Жауынгерлік қызмет атқару барысында үздік деп танылған әскери қызметшілерге құрметтеу кешін ұйымдастырып өткіземіз. Егер ол офицер немесе келсімшарт бойынша әскери қызметші болса отбасы мүшелерін  әскери бөлімге шақырып ұлықтау кештері ұйымдастырылады.

Әскерде қатаң тәртіптің болуы сөзсіз. Сіздің әскери бөлімде тәрбие жұмысына қаншалықты көңіл бөлінеді?

Бөлімде тәрбие жұмысына үлкен мән береміз. Себебі, біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда көптеген ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау, ішкі қарауылдық қызмет пен тәуліктік жасақ болсын әрқайсысының да өзіндік ерекшелігі мен қиындығы жетерлік. Осы қиындықтарды жеңу-ол тек ойдағыдай жағдай жасап қою ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік жұмыстың шыңына қол жеткізу деген сөз. Сондықтан әрбір офицер өз жеке құрамымен тәрбие жұмысын талапқа сай жүргізеді. Тәрбие жұмысы арқылы мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік дайындық барысында жеке құрам жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізеді. Негізінен, өмірге деген көзқарасы анықталып, бағыт-бағдары айқын адамды тәрбиелемейді, онымен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізеді. Тәрбиені адам баласы өзінің отбасынан,  балабақшадан, мектепте жүргенде мұғалімдерден алады. Бала қоршаған ортадан қандай тәрбие алса, сол ғұмырына азық болады. Біз де әскерге келген жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін оларға тәрбиелік маңызы бар шаралар ұйымдастырамыз. Осы мақсатпен жарғы және әскери ант талаптарын дұрыс орындау, адамгершілік пен адалдық жайында түсіндіреміз.

«Генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайды». Өздеріңіздің іздеріңізді басып  келе жатқан жас офицерлер мен әскери қызметшілерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Жас офицерлерге өзіміздің бойымызда бар қасиет пен жақсылықты, тәлім тәрбиені беруге тырысамыз. Себебі көбі әскери оқу орнын бітіргенімен, қызметтік тәжірбиелері аз болады. Ол тәжірбиені осы әскери бөлімде жүріп алады. Біздің әскери бөлімді өзге бөлімдермен салыстырсақ, жылдан жылға жақсарып келеді деп толық сеніммен айта аламын. Әскери бөлімнің барлық санаттағы әскери қызметшілері өздеріне берілген жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз атқарып келеді. Бізден кейінгі буынның бәрі де жас жауынгерлермен жұмыс істеп, әскери қызметтің әдіс-тәсілдерін осы жерден үйреніп шығады. Біз де өз тарапымыздан бөлім алдында жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындау үшін күш қайратымызды салып келеміз.

Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген жақсы бір сөз бар. Сіздің балаларыңыз болашақта  әскери жолды таңдап жатса қолдау білдіресіз бе?

Балдарым әскери мамандықты таңдап, әке жолын қуам  деп жатса, оған кім қарсы болады? Қарсы емеспін. Әр мамандықтың қиындығы бар, біреу шыдайды енді біреулері морт сынып, төзімділік таныта алмайды. Біздің балалар әскери саланы көріп өскендіктен бұл мамандыққа тез бейімделетініне  күмәнім жоқ. Тек оларға айтар тілегім-әріптестері арасында, ел жұрт алдында үлкен беделге ие болсын. Ең бастысы, біздің жастарымыз қандай мамандықты меңгерседе, Отанға қызмет-ортақ парыз екендігін ұмытпауы керек деп ойлаймын.

Ерлан Берікқалиұлы, алтындай уақытыңызды бөліп, әскери бөлімдегі қарбалас қызметіңізге қарамастан сұқбат бергеніңізге алғысым шексіз. Сізге және сіз басқарып отырған әскери бөлімдегі әр бір әскери қызметшіге тілеріміз  денсаулық, мол бақыт ел игілігі жолында атқарып отырған қызметтеріне табыс тілейміз. Қызметтеріңіз тек алға баса берсін!

Әңгімелескен, капитан Ертуған Әубакир

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -