Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелері депутаттармен және сарапшылармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді талқылады. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаеваның қатысуымен өткен жиынға Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым жетекшілік етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов заң жобаларындағы нормалармен таныстырды. Оның айтуынша, түзетулер арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы ішінара жүзеге асырылады. Негізгі заң жобасы алты бағытты қамтиды. Олардың қатарында жемқорлардың жария реестрін енгізу, пара алуға келісім беру, пара сұрау немесе талап ету, пара ұсыну немесе пара беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік және т.б. бар. Жалпы үш кодекс пен бес заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізіледі.
Баяндаманы тыңдаған соң Қоғамдық палата мүшелері мен жиынға қатысушылар түзетулерге қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова заң жобасын қолдады. Оның пікірінше, бастама уақыт талабына сай, бірақ ұсынылған стандарттардың тиімділігі қайта қарауды қажет етеді.

Тағы да қатаңдату, қудалауды күшейту жөнінде айтып отырмыз. Мұндай түзетулермен өздеріңізге үлкен жүк артасыздар. Оған ақша да, адам ресурстары да, уақыт та жетпейді. Сондықтан заң жобасын концептуалды түрде қарап, елдегі сыбайлас жемқорлықты азайтуға және оның алдын алуға не әсер ететінін жалпы талқылау қажет. Бұл ретте азаматтық қоғамның қатысу тетіктері қарастырылғаны жөн, олар қолданыстағы нұсқада жоқ. Оның үстіне наурыз айынан бастап «Қоғамдық бақылау туралы» заң күшіне еніп, жұмыс істей бастайды Зәуреш Батталова

Ол сондай-ақ түзетулерде іскерлік және саяси сыбайлас жемқорлыққа қатысты нормалардың жоқтығына назар аударды. Олар құжатқа алдағы жұмыс барысында қосылуы тиіс. Сонымен қатар Зәуреш Батталова осы түзетулерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың рөлін күшейту қажет екенін айтып, отырысқа қатысушылар оның ұсынысын қолдады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Екатерина Смышляева, «Әділет жолы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мэлс Семғалиев және т.б. заң жобаларын жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.

Алматы жоғары басқару мектебінің президенті Қанат Нұров пара беру уәдесі үшін қылмыстық жауапкершілікті нақтылау қажеттігін атап өтті. Ол бопсалау нәтижесіндегі пара беру уәдесін ерекше атап өтті. Әйтпесе, мұндай пара берушілер бірден ұсынылған бап бойынша жауапқа тартылатындықтан тергеумен ынтымақтаса алмайды.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев құқық қорғау тәжірибесінің мәселелеріне тоқталды. Ол «әкім лауазымын сату» туралы белгілі жағдайды мысалға келтірді. Онда жәбірленуші деп танылған тұлға сыбайлас жемқорлық жасауға әрекеттенгені үшін жауапқа тартылмаған.
Осыған байланысты мен осындай атышулы істерге қатысты құқық қолдану тәжірибесіне талдау жүргізілсе деймін. Яғни, біз заңдарды жазамыз, кейін олар іске асыру тұрғысынан абсурдтық шегіне жетеді. Нормаларды қатайту туралы заң енгізбес бұрын, бұл нормалардың іс жүзінде беделін түсіретін жағдайларды қарастырайық Данияр Әшімбаев

Кездесу соңында Айдос Сарым талқылауға қатысқандарға алғысын білдіріп, жұмыс тобы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобаларымен белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ жиында Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның құрамы жаңартылды. Болатбек Нәжметдинұлы мен Гауһар Танашеваның орнына Жұлдыз Сүлейменова мен Ирина Смирнова мүше болды.