Алматы тыныштығы - сенімді қолда

394
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Алматы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Еліміздің ең ірі мегополисінде екі миллионға жуық адам тұрса, оның сыртында үш миллионның асты-үстіндегі тұрғын осы қаламен тағдырларын байланыстырған. Осыдан-ақ, Алматыдағы халық нөпірін бағамдай беріңіз.

Алматы жайлы ой қозғағанда...

Ең бастысы Алматы – Тәуелсіздік туы тігіліп, аңсаған арманымызға жеткен, егемендіктің таңы арайлап атқан қазақ халқының қастерлі қаласы. Тарих біздің өткеніміз. Сол өткенге үңілсек, Кеңес үкіметі кезінде, қызыл компартиядан нұсқау түсіпті – КСРО-ның қай жері адам жанына жайлы жұмақ екендігін анықтап біліңіздер деген. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, дөңгеленген жер шарының жартысын алып жатқан алып державадан – жер жұмағын табу оңай ма?! Іле-шала талай зерттеу мекемелері іске кірісіп, қорытындысы да дайын болыпты. Нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысы адамның өмір сүруіне табиғи тұрғыда ең жайлы жер деп танылған екен. Иә, қазекеңнің жер жаннаты – Жетісу дегенінің тегіннен тегін айтылмағанын осыдан-ақ байқауға болады.

Біз Алатау баурайындағы Алматы тыныштығын сенімді қорғаймыз.

Алматы мегополисінің тыныштығын қамтамасыз ету – бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. «Ел бірлігі ең басты байлық, тыныштық басымыздағы бақ» тыныштықсыз, ел бірлігісіз ел егемендігінің арайлы күндер санаулы болары, қуаныштың арты бір-ақ тұтатам толары сөзсіз.

Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Алматының тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай шығар.

Алматыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы орналасқан. Күш-қуат ведомствосының ең ірі құрылымы. Бұл қолбасшылыққа мегаполистен өзге Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Талдықорған және Қонаев қалаларындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері жүктелген.

Әңгіме оңтүстік астанамыз жайлы өрбіп отырған соң қайтып оралайық. Алматының қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін Ұлттық ұланның бірнеше құрылымдық бөлімшелері бар. Олардың бірегейі – Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі
Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі. Бүгінгі біздің оқырманмен бөлісер ақпаратымыз сол әскери бөлімнің 2 жедел мақсаттағы батальоны жайлы. Осыдан бірер күн бұрын біз аталған бөлімшеге барып, жауынгерлік қызметтерімен танысқан болатынбыз. Бізді емен-жарқын қарсы алған ұжым «Біз Алатау баурайындағы Алматы тыныштығын сенімді қорғаймыз» дейді бірауыздан.

Мақсат – айқын, меже биік

5571 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы баталоны әскери бөлімнен жеке-дара бөлек орналасқан. Ұжым Алматы қаласының Тимирязев және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы қалалық жол-патрульдік полиция басқармасының тура іргесінде қоныс тепкен.

Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы жиырма жылдың жүзі болған, азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 2 батальон және бір дәлел бола алады.

Журналистік міндеттерімізді атқарып, бөлімшенің тыныс тіршілігімен танысуға келген бізді кіреберіс қақпа алдында батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Мәулен Есімбеков қарсы алды. Сөз саптауынан, мәселенің мән-жайына дендеп, жүктелген міндеттерін жілік, жілігіне шағып айтып беруінен-ақ, Мәуленің болашығынан зор үміт күттірген офицер екенін аңғару қиын емес. Емін-еркін сөйлесіп кеттік. 2014 жылы Әскери институтты тәмамдапты. Содан бері «Орталық» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінде қызмет баспалдақтарынан өткен, жігерлі, қайратты офицер.

Алатау бөктерінде орын тепкен батальонды подполковник Тұрсынбек Ботаев басқарады екен. Ол Әскери институттың 2007 жылғы түлегі. 5514 әскери бөлімінде офицерлік қызмет жолын бастаған. 2021 жылдың қараша айынан бастап ұжымға басшылық жасауда.

«Ұрыста – тұрыс жоқ» дегендейін, оның орынбасары майор Мәулен Есімбеков екеуміз батальонды аралауға кірісіп кеттік. Әуелі мені таңдандырғаны батальонның аумағының айнадай тазалығы, қисайып, қыңыр тұрған бір зат жоқ. Ары-бері өткен жауынгерлер тәртіпке сай әскери сәлемдесіп, ыждаһаттылықпен қимылдайды. Жаттығу алаңындағы жауынгерлердің ширақ қимылын көріп көңілің толады.

– Ел үшін жан алысып, жан беріскен ерлердің арқасында ұлан-ғайыр жерге иеміз. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орындамыз. Тарихтан оқып, білгеніміздей халқымыз өздігінен өзгеге тиіспеген. Көршілердің жеріне көз алартпаған. Ал, басқалар басынғысы келіп, бодандық қамытын саламыз десе, бытырап, шашылып жатқан халық әп сәтте жұдырықтай жұмылып, бастары бірігіп, тас түйін болып түйіліп, қандай болмасын жауына тойтарыс бере білген. Сондықтан, еліміздің ана шеті мен мына шетіне ат айлап жүрсе, жүйткіген пойызыңның өзі де үш-төрт тәуліктен астам гүрсілдеп әрең жетеді. Осы жерімізді қорғап, шекарасын қызғыштай қорып, ұлттық қауіпсіздігімізді баса назарда ұстау бүгінгі ұрпақтың еншісінде, – дейді майор Мәулен Есімбеков. Иә, өте тауып айтылған сөз. Іштей азаматқа риза болып қалдым да.

Сырт көз – сыншы. Жауынгерлермен тілдесу арнайы келісіміміздің бас жоспарындағы бар дүние. Батальонның барлық жауынгерлерімен әңгімелесіп, ой-пікірлерін де білдім. Әр түрлі сауалдар қойдым. «Араларында «әлімжеттік» бар ма», деп те суыртпақтап сұрақ қоям, ал олар болса бірауыздан тек жоқ деген сөзді қайталап, «Тамағымыз тоқ, алаңсыз елге қызмет атқарып жатырмыз, подполковник мырза» дейді. Жас жауынгерлердің көздерінде от, жанарларында ұшқын. Аса бір ыждаһаттылықпен Отан алдындағы борыштарын өтеп жатқандарын аңғару да қиын емес.

Қызылордалық 3 рота жауынгері қатардағы Ерболсын Ізбасаров: «Мен өзімді Ұлттық ұлан жауынгері болып елімді қорғауға атсалысқаным үшін мақтанамын. Ол мен үшін үлкен абырой. Отансүйгіштік дегеніміз – өз жеріне, өз халқына деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар өз Отанына анам, жаным, жүрегім, өмірім, қаным деп қарап, өмірін қиюға даяр бола алу. Мен Отаныма адал қызмет ете бермекпін», – деп ағынан жарылды. Ал 4 ротаның жауынгері Алмат Таңатаров әскер қатарына Ақтау қаласынан шақырылыпты. «Өзімнің Ұлттық ұлан қатарында әскери борышымды өтеуге шақырылғанымды тағдырдың маған берген сыйы деп білемін. Өйткені, Отан ананы қорғап, өзімнің бір қажетке жарап жүргенімді сезіну қандай бақыт десеңізші. Адам қиыншылықты көрмесе, жеңілдіктің қадірін біле ме, жүрегінде сарғайған сағынышы болмаса, өзіне не қымбат екенін бағамдамдай алар ма еді. Мен бір ауыз сөзбен жоқ деп айтар едім. Бүгін біз әскери өмірде аз-кем ауыртпашылық көрсек те, бойымыздағы Отанға деген ыстық ықыласымызды шыңдап, оның қадірін жете ұғынудамыз. Ата-ана, отбасыларымызды сағына отырып, туған ел, туған жердің құдіретін және бағамдағандай болдық десем артық айтқандық болмас», – дейді өрелі жауынгер.

Бүгінде батальонның техникалық жарақтандырылуы жоғары дәрежеде. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген.

Майор Мәулен Есімбековтың айтуынша, жауынгерлік қызметпен қоса жауынгерлердің тәрбиесі мен танымдық өресін арттыруға үлкен көңіл бөлінетін көрінеді. Мәселен, күнделікті тәрбие сағаттарынан өзге жауынгерлер қалағадағы танымдық орындарға саяхаттауға жиі шығып тұрады екен. «Мұндағы сарбаздардың 70-80 пайызы ауылдық жерде туып өскен балалар. Көпшілігі Алматыны тек естігені болмаса, жол түсіп көрмегендер. Біз олардың өздеріне жақсы болу үшін, «иа кезінде әскерде болғанымда» анда-мында барған болатынмын деп айтып, ерекше сезіммен айтып отырулары үшін оларды әр аптаның соңғы күндері мұражайларға, саябақтарға, аңдар саябағына апарып тұрамыз. Бұл да адам тәрбиесінің бір тетігі болып табылады», - дейді батальон бас тәрбиешісі.

Қорыта келгенде, өздеріне сеніп тапсырылған жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатқан 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 2 баталонына өздері еңсерген биіктерден аласармай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз.

Подполковник Бақыт ӘЛІПБАЕВ,

Алматы қаласы

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -