Ұландықтар халықпен бірге

1729
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қызылжар өңіріндегі табиғи апат кезінде Ұлттық ұлан сарбаздары елмен бірге Есілден тасыған суға тосқауыл болды.

Жергілікті әскери бөлім жауынгерлеріне астаналық бригададан да қосымша күш келіп қосылды. Төтенше жағдай кезінде табанынан таусылғанша қызмет еткен құқықтық тәртіп әскерінің қалай және қандай жұмыс атқарғанын көзімізбен көрдік.

Станцияны қорғап қалды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 400 курсанты су тасқынына байланысты Петропавл қаласының аумағындағы маңызды нысандарды судан қорғау жұмыстарына жұмылдырылды.

Биылғы 20 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін Академияның курсанттары СҚО-ның Прибрежный, Кожевенный, Ольшанка, Заречный, Бескөл елді мекендерінде, сондай-ақ Петропавл қаласының шеткі аймақтарындағы Солнечный, Береке, Подгара, Рабочий ықшам аудандарында су тасқынын болдырмау және апаттың салдарын жою жұмыстарын атқарып жатыр.

– Курсанттар су тасқынын тоқтату мақсатында қаптарды топырақ пен құмға толтырып, бөгеттерді күшейту жұмыстарына атсалысып келеді. Олар Солнечный, Береке, Рабочий ықшам аудандарында арықтарды тазалап, тасқын судың алдын алу жұмыстарын қолға алып, Бескөл кентінде судың көтерілуін уақытылы анықтау мақсатында қадағалау пункттерін қойып қызмет атқарды. Сондай-ақ Академияның 400 әскери қызметшісі және 19 техникасы Петропавл қаласының елді мекендеріндегі су тасқынына қарсы жұмыстарды атқаруға белсенді қатысып жатыр, – деді Ұлттық ұлан академиясының бастығы полковник Артур Тоқышев.

Сонымен қатар курсанттар Петропавл қаласының «Қызылжар су» ЖШС-нің ауыз суға арналған сорғы станциясын тасқын қаупінен қорғау үшін тосқауыл қою іс-шараларына тартылып, түні бойы кірпік ілместен тынымсыз жұмыс атқарды. Қолданылған тиісті шаралар мен курсанттардың жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылғылары іске қосылды.

Ата-аналардан келген көмек

Ұлттық ұлан академиясының III курс курсанты сержант Алдияр Орынбастың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылында тұратын ата-анасынан Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізді.

Бұл көмек тек бір ғана отбасының емес, Түрген, Еңбек ауылдарының және басқа да елді мекен тұрғындарының атынан келіп отыр. Қызылжар өңіріне жеткізілген бұл жолғы гуманитарлық көмекке тұтас аудан тұрғындары атсалысқан.

– Елімізде болып жатқан табиғи апатты көріп отырған соң жай қарап отыра алмадық. Түрген ауылдық округының қауымдастық мүшесі болғаннан кейін ауыл азаматтарына үндеу тастап, тасқыннан қиындық көріп отырған өңірлерге қолдау білдіргіміз келді. Жан-жақтағы жағдайды бағамдай келе, азды-көпті көмегімізді Солтүстік Қазақстан облысына жолдауды жөн көрдік. Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан академиясында ұлымыз Алдияр Орынбас білім алып жатыр. Әскери саланы таңдаған баламыз қазіргідей кезде облыс орталығына жақын жердегі ауыл тұрғындарына қаруластарымен бірге көмек қолын созып жүр. Сондықтан біз де бұл мәселеге бей-жай қарамай осы өңірге көмектесуге ниеттендік, – деді таутүргендік курсанттың әкесі Бекзат Дүкенбаев.

Қарапайым халық жинап берген қажетті заттардың арасында сумен бетпе-бет келіп, күндіз-түні бөгет соғып жүрген азаматтар үшін ылғал өткізбейтін арнайы киімдер мен құрал-саймандар бар. Сонымен қатар көмекке мұқтаж тұрғындар үшін төсек-жабдық, тұрмыстық өнімдер, азық-түлік секілді өзге де маңызды заттар жиналған. 2 мың шақырым жолды артта қалдырған жүк көлігі Ұлттық ұлан академиясына жүкті жеткізіп, оны курсанттар қабылдап алды.

– Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына қолдау білдіргені үшін Еңбекшіқазақ ауданының азаматтарына алғыс айтамыз. Ауызбіршілік танытқан ауыл адамдарының бұл әрекеті қандай құрметке болса да лайық. Демеушілік білдірген жандардың арасында біздің курсанттардың ата-аналарының бары да қуантады. Келіп жеткен гуманитарлық көмек жергілікті тұрғындарға жеткізіледі, – деді Ұлттық ұлан академиясының 1 оқу батальонының командирі полковник Рауан Усбанов.

Бүгінде облыс орталығына жақын жердегі елді мекендерде судың деңгейі төмендеп келе жатыр. Алайда жергілікті тұрғындар су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деп алаңдаулы. Соған қарамастан осындай қиын кезде көмек қолын созған Алматы облысының азаматтарына Петропавл қаласының іргесіндегі Заречный кентінің тұрғындары дән риза. Сондай-ақ олар гуманитарлық жүкті тасуға көмек берген Ұлттық ұлан академиясының басшылығы мен курсанттарына да алғыс білдірді.

Қол күшінің құдіреті

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты жағдай ушығып тұр. Сергеев су қоймасында екінші су толқынының келуіне байланысты су мөлшері қайтадан көтеріле бастады. Мұндағы су деңгейінің көтерілуі 21 сантиметрге жеткен. Бұл 18 сәуір күнгі сағат 10:00-дегі жағдай.

Өңірдегі төтенше жағдай кезінде Ұлттық ұлан академиясының офицерлері, келісім шарт бойынша әскери қызметшілері мен курсанттары қол қусырып отыра алмады. Олар табиғи апат болған алғашқы күннен-ақ тасқынның алдын алу және зардабын жою жұмыстарына білек сыбана кірісті.

Ұландықтар 20-31 наурыз күндері Рабочий, Солнечный шағын аудандарында ұзындығы 10 шақырым болатын арықтарды тазартумен айналысты. Кейін тасқын су мөлшері күшейгендіктен бөгет жасауға қажетті қаптарды әзірлеуді қолға алды. Атап айтқанда, әскерилер Тепличное, Прибрежное, Кожевенный, Ольшанка, Бескөл, Якорь секілді кенттерде және Лесхоз, «Қызылжар Су» мекемелерінің аймақтарында су жағаларын нығайтты. Бұл қатарға қала іргесіндегі Заречный мен Подгора шағын ауданы да кіреді. Сәуірдің бірінші күнінен бастап бүгінге дейін курсанттар 135 195 құм салынған қап әзірлеген. Оның 62 700-ін өз қолдарымен қалап, жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын бөгет тұрғызған. Бұл көрсеткіштер облыс іргесіндегі су басқан елді мекендерде атқарылған жұмыстардың ортақ нәтижесі.

– Қазіргі сәтте біздің курсанттар Бескөл елді мекенінің су басу ықтималдығы жоғары тұсына көмекке келді. Бұл жерде ұландықтар алдын алу жұмыстарын атқарып жатыр. Бір күнде біздің курсанттар 9 мың қап әзірледі. Курсанттар өздеріне жүктелген шаруаны ынталы түрде істеп жатыр. Олар қазіргі жағдайды бағамдай біледі. Елге пайдамыз тисе деген ниеттерін көрсетіп келеді. Тіпті кейде өзара взвод-взводқа бөлініп, құм салынған қаптарды көп мөлшерде әзірлеу үшін сайысып жатады. Бұл көрсеткіштер жауынгерлеріміздің күш-қуатын байқатады. Ал мұндай істі қолға алғандағы мақсатымыз — төтенше жағдай кезінде халықтың қасынан табылып, оларға жәрдемдесу, – деді оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Мейрамбек Талапкер.

Академияның тәлімгерлері де елдегі ахуалға алаңдаушылықпен қарайды. Сондықтан да сын сәтте халық арасынан табылғандарына қуанышты.

– Қазір еліміздің көп бөлігі табиғи апаттан жапа шегіп жатыр. Сондықтан біз өз қаруластарымызбен бірге Солтүстік Қазақстан облысында болып жатқан қиын жағдайлар кезінде азаматтарға көмек беріп жатқан жайымыз бар. Біз жылдам әрі тез көмек беруге тырысып жатырмыз. Әрбір ер азамат ел басына қиындық туғанда көмекке ұмтылуға тиіс. Бұл — біздің бұлжымас міндет, - деді курсант Рауан Тұрдақын.

Ұландықтардың ұйымдаса атқарған жұмысына жергілікті тұрғындар да риза.

- Біз тұратын Бескөл ауылына топан су жақындап қалды. Бүгінде бұл су бізді үрейлендіріп отыр. Тасқын мұндай деңгейде болады деп ойламаппын. Бірақ біздің қарапайым ауыл тұрғындары дер кезінде жұмылып, қауіптің бетін қайтарғандай болдық. Күш қуатымыз таусыла бастағанда бізге ұландықтар және басқа да құрылымдар көмек қолын созды. Ал бүгін Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен еріктілер тобы бірлесіп су тасқынының екінші толқынына дайындалып жатыр. Нақтырақ айтқанда, тасқынға тосқын болатын қаптарға құм толтырып, бөгет тұрғызу жұмыстарына кірісіп жатыр, – деді бескөлдік Орынбасар Байманова.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері қауіп сейілмейінше облыс орталығына жақын жердегі елді мекендерде тасқын суды тоқтатуға бағытталған жұмыстарды атқаруды жалғастырады.

Иесіз қалған ауылдар күзетілуде

Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында және Қызылжар ауданында су тасқынына байланысты жағдай күрделі. Қызылжар ауданының елді мекендері және облыс орталығының Подгора, Кожевенный, Заречный, Косогор шағын аудандары су астында қалды. Су тасқыны басталғаннан бері облыста 2 886 үйді су басқан. 2 639 үй әлі су астында қалып отыр.  Облыс бойынша 14 388 адам эвакуацияланған.

Осы ретте тұрғындар иесіз қалдыруға мәжбүр болған үйлердің дүние-мүлкін ұры-қарыға қолды етпес үшін Ұлттық ұланның жауынгерлері су басқан аумақтарда күндіз-түні қызмет атқарып жүр. Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінің сарбаздары су басқан шағын аудандарда бақылау бекеттерін құрып, үш ауысымда қызмет етіп жатыр. Олар қауіпсіздік мақсатында су басқан үйлерге қарай азаматтарды өткізбейді. Сонымен қатар мародерлық әрекеттерді болдырмауға күш салады.

- Қазір біз полиция қызметкерлерімен бірге Тепличное ауылындағы қараусыз қалған үйлерді күзетіп жүрміз. Яғни, адамдары көшірілген ауыл көшелерін патрульдеу арқылы бақылауда ұстаймыз. Пиғылы бөтен бөгде адамдардан ауыл азаматтарының үйін қорғау біздің жауапкершілігімізге жатады. Өйткені біз мұнда тәулік бойы қызмет етеміз. Бұдан бөлек, біздің әскери бөлімнің жауынгерлері су басқан Заречный, Бескөл ауылдарында да бақылау бекеттерін құрды, – деді әскери жасаққа бас-көз болып жүрген 6637 әскери бөлімінің взвод командирі лейтенант Нұрдәулет Айтуаров.

Жауапты міндет аталған әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальоны құрамындағы 2 ротаның 3 взвод сарбаздарына жүктелген. Отан алдындағы борышын өтеуге келген жауынгерлер төтенше жағдай кезінде елдің кәдесіне жарап тұр.

– Су басқан елді мекендердің адамдары топан су келген кезде қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. Сәйкесінше үйлері қараусыз қалды. Онда адамдардың әртүрлі техникалары, жиһаздары және тағы да басқа дүние-мүліктері қалып қойған. Солардың тоналмауын қадағалап жүрміз. Бұл — біздің қолымыздан келетін шаруалардың бірі. Сондықтан сенімге селкеу түсірмей барынша қырағы қызмет атқарып жатырмыз, - деді қатардағы жауынгер Мирас Тасмағамбетов.

Айта кетейік, дәл осындай бақылау бекеттері еліміздің су басқан өзге де өңірлерінде қызмет етіп тұр.

Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана – Петропавл - Астана

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -