Skip to main content
12 Июля 2018

Тиімді серіктестік

Тиімді серіктестік

Әлемдегі екінші экономикаға айналған Қытай Халық Республикасы ішкі әлеуетін күшейте отырып, шетелдерде инвестициялық жобаларды іске асыруға мықтап ден қойды. Себебі жыл өткен сайын өрши түскен әлемдік бәсекеге қоса, «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы Аспан асты елін өзге мемлекеттермен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатуға ықпал етуде. Бұл ел қазір әлемдік аренада аса қуатты болып саналады инвестор саналады. Тіпті Еуроодақ аумағындағы дамыған мемлекеттердің өзі қытай инвестициясына мүдделі болып отыр. Бұл жетіде ресми Бейжің араб елдеріне құны 23 млрд долларға жететін жобаларды қаржыландырып, бірқатар елдерге гуманитарлық көмек көрсетінінін мәлімдеді. 

Талап Тілеген

Шығыстағы көршіміз он бес жылдан астам уақыттан бері Орталық Азия елдеріне де ірі көлемде қаржы құйып келеді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, шетелге жіберетін инвестицияның 20 пайызы дәл осы аймаққа құйылады. Географиялық орналасуы жағынан қытай инвестициясының басым бөлігі Қазақстанның үлесінде. Бұл орайда еліміздің инфрақұрылымын дамытуға 20 млрд доллар бөлгенін айтуға болады. Каспий теңізінде айлақтарды, сондай-ақ автомобиль жолдары мен теміржолды дамыту екі жаққа да тиімді. 

Еске түсірсек, 2016 жылдың қыркүйек айында екі ел арасында 51 заманауи кәсіпорын құрылысын бастау жөнінде келісімге қол қойылды. Бес жыл ішінде оған 27 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылады. Бұл өндіріс орындарының құрылысы 2019-2022 жылдары аяқталуы тиіс. Бірлескен жоба тізіміне енген жобалардың бәрі жаңа құрал-жабдықпен жарақтандырылып, озық технологиямен жұмыс істейтін жаңа өндіріс орындарын іске қосуға арналған. Осы өндіріс орындарына жергілікті тұрғындарды тарту арқылы жұмыспен қамту еліміздің басты міндеті болып отыр. Жалпы осы жобалар аясында 18 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. 

Бірлескен инвестициялық жобалар металлургия, мұнай мен газ өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, транспорт пен логистика, халық тұтынатын тауарлар өндіру саласында жүзеге асады. 

Биылғы жылы құны 363 млн долларды құрайтын бірлескен алты жобаны іске қосу жоспарланды. Сондай-ақ бес жобаның құрылысы (623 млн доллар) басталды. 

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек бір сөзінде неліктен ҚХР-мен бірлескен өндірістік жобалардың қолға алынғаны жөнінде түсінік берген болатын. «Ашығын айтсақ, бұл арада ескі нысандарды іске қосу туралы әңгіме жоқ. Бұл бағдарлама өндіріс қуатын орналастыру деп аталды. Қазақстан аумағында жаңа зауыт, фабрикалар салынып, экспортқа бағытталған өнімдер өндіріледі. Соның ішінде Қытайға көбірек эскпорттайтын боламыз» деген еді. Министрдің айтуынша, көп жобада қытай тарапы ЕРС-конртактер есебінде, яғни қаржыландырады, құрылысты жүргізеді. Мәселен, Ақтоғай кен-байыту комбинаты қытай капиталының қатысуымен салынды. Қазір онда жергілікті азаматтар жұмыс істейді. «Бүгінде инвестиция үшін белсенді күрес жүріп жатыр. Ал қытай инвестициясы – халықаралық нарықта қолжетімді көздің бірі. Осы инвестиция үшін аймақтағы елдер бәсекеге түседі. Сондықтан бізге бұл жобаларды жүзеге асыру маңызды. Егер біз одан бас тартсақ, көршілеріміз қолға алады. Ондай жағдайда солардың тауарын сатып алуға мәжбүр боламыз» деді Жеңіс Қасымбек. 

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай бірлес­кен жобалары еліміздің шикізатқа тәуелділігінен арылуына септігін ти­гі­зе­рі сөзсіз. Бұған қоса, шығыс көршідегі алып нарық отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді түрде экспорттауға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде еліміздің құнарлы да сапалы еті мен ұны бұл елде сұранысқа ие азық-түлікке айналды. Ең бастысы, таза экономикаға негізделген серіктестік шеңберіндегі жобалар сөз жүзінде қалған жоқ. Қолға алынды, біртіндеп орындалып жатыр. 

Сөзіміз жалаң болмас үшін, бірлескен жобалардың кейбіріне тоқтала кетейік. 

ASPC

Алматының Алатау ауданындағы Индустриалдық аймақта салынып жатқан «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн» (ASPC) зауыты үлкен диаметрлі болат құбырларды өндіруге арналған. Кәсіпорын биылғы жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс. ASPC бас директоры Чэнь Даю зауыттың тапсырыссыз қалмайтынына сенімді. 

Айта кеткен жөн, ASPC - бірлескен 51 индустриал­дық-инновациялық жоба­дан тұратын пулдың ішіндегі алғашқысы. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы өзекті жобаның бірі. Сондықтан да қос мемлекеттің де басты назарында. ASPC акционерлері отандық жеке компаниялар DOSTAR Drilling және Service Pipes Holding 25 пайыздық үлеспен, CNPC-пен еншілес Central Asia Ruisi Steel Pipes (Tianjin) Corporation компаниясына 50 пайызы тиесілі. Акцинерлер бұл жобаға 99,82 млн доллар инвестиция құйды. 

Мұнда диаметрі 355 мм-ден 1420 мм-ге дейінгі құбыр түрлері өндіріледі. Өнім ішкі және таяу шетелдің нарығына шығарылады. Келесі жылы Өзбекстан – Тәжікстан – Қытай газ желісінің D тармағының құрылысы басталады. CNPC тапсырыс беруші болғандықтан, зауыт оны құбырмен қамтамасыз етеді. Бастапқыда жылына 100 мың тонна өндірілсе, кейін 150-200 мың тоннаға жеткізілмек. Дегенмен өнім өндіру көлемі тапсырысқа байланысты. 

«Келун-Қазфарм» 

Алматы облысындағы «Келун-Қазфарм» зауыты 2014 жылдың маусымында іске қосылды. Қытай инвесторы бұл жобаға 50 млн доллар салды. Өндірістің құрылысына 7,5 млрд теңге жұмсалды. Мұнда екі желі жұмыс істейді. Бірінде полипропилен құтысындағы инфузион ерітіндісі, екіншісінде шыны және полипропилен ампуладағы иньекция ерітіндісі шығарылады. 

Жергілікті 400 қызметкер еңбек ететін зауыт былтырғы жылы 50 миллион дозадан асатын препарат өндірді. Өнім тек ішкі нарыққа ғана емес, ТМД елдеріне, соның ішінде Ресей, Қырғызстан, Тәжікстанға экспортталады. Экспорт көлемі 10 млн долларға бағаланса, бюджетке 5 млн доллар салық төленді. 

Кәсіпорынды дамыту жоспарында дәрі-дәрмек түрін көбейту, антибиотик пен қатерлі ісікті емдеуге арналған препараттарды шығаратын жоғары технологиялық желіні кеңейту көзделген. 150-ден астам өнім өндіретін зауытта жылына пластик құтыдағы иньекциялық ерітіндінің 60 млн дозасы шығарылады. 

Зауыттың өз зертханасы да бар. Сонымен қатар тұрақты түрде мамандарды оқытып, С. Аспандияров атындағы медицина университетімен түлектерді Қытайда тәжірибеден өткізу жөнінде келісімшартқа отырған. 

Huawei

Huawei - біздің тұтынушыға жақсы таныс. Жер шары тұрғындарының үштен бір бөлігі осы компанияның инновациялық өнімдері мен қызметін пайдаланады. Компания елімізге 1998 жылы келді. Осы кезге дейін ол 400 адамды жұмыспен қамтып, байланыс саласында 200-ден астам маман даярлады. 

Компания «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға құлшыныс танытып отыр. Атап айтқанда, қала мен ауылды жерде кең жолақты интернетке қолжетімді ету бағдарламасын жүзеге асыруда ең озық технологияларды қолдануға ұмтылады. Айта кеткен жөн, әлем бойынша байланыс операторларымен бірлеске іс-қимылдың нәтижесінде компания 1500-ден астам желі құрды. Бұл жер шары тұрғындарының үштен бір бөлігін интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Ақылды қала», «Қауіпсіз қала», «Электронды денсаулық сақтау және білім беру», «Ақылды көлік», мәліметтерді өңдеу орталықтарын құру жобасына атсалыспақ. 

Huawei үшін біздің елімізде жұмысын жүргізу маңызды. Біріншіден, Қазақстан - Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы ел. Екіншіден, еліміз қарқынды дамып, инновацияға ден қойып отыр. 

Өткен жылы компания серіктес-ритейлер желісінде 440 000 смартфон сатты. Былтырғы жылдың соңында әлемде тұңғыш рет процессорына жасанды интеллект орнатылған Huawei Mate10 Pro телефонының тұсаукесерін өткізді. 

Азия газ құбыр желісі

«Түркменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ магистралінің 1310 шақырымы «Қазақстан-Қытай» бөлігіне тиесілі. Алматыдағы «Азия газ желісі» ЖШС кеңсесінде газ желісінің қазақстандық бөлігін қадағалау орталығы онлайн-режимде осы бөліктің әрбір нүктесі мен нысанын бақылап отырады. Газ желісінің бастапқы нүктесі Түркменстандағы мұнай-газ кен орындарында, ал ақырғы нүктесі – ҚХР-дың оңтүстік провинциялары. 

Былтырғы жылы «Қазақстан-Қытай» ГМ арқылы 39,2 млрд текше метр көгілдір отын тасымалданды. Осы желі іске қосылғалы он жыл ішінде Қытайға 200 млрд текше метр, ал еліміздің оңтүстік өңіріне 5 миллиард текше метрден астам табиғи газ жеткізілді. 2017 жылы Қытайға тұңғыш рет газ экспортталды. Сөйтіп жыл соңында отандық табиғи газдың 1 млрд текше метрі көршімізге тасымалданды. 

Биылғы жылы ҚХР-ға 51 371 млрд текше метр (соның ішінде түркмен газы – жылына 38,7 млрд т/м; өзбек газы – 7,6 т/м; қазақстандық – 5 млрд т/м), ішкі нарыққа 0,5 млрд т/м газбен жөнелту жоспарланған. 

Осы бірлескен жобаның еліміз үшін тиімді жағы көп. Транзит әлеуетіміздің ұлғаюына, отандық газ экспортынан пайда табуға, оңтүстік өңірді тұрақты түрде көгілдір отынмен қамтуға, газ желісі бойында инфрақұрылым нысандарының құрылысы және жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз ықпалын тигізгені анық. 

Былтырғы жылы жоғарыда аталған ЖШС 270 млрд теңге таза пайда тауып, бюджетке 24,12 млрд теңге салық төледі.