Елордада сыртқы жарнама орналастыру ережелері түсіндірілді

516



Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Қоғамдық даму істері басқармасының ұйымдастыруымен астаналық жарнама агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 2 мыңнан астам жарнама құрылымы бар. Яғни олардың қатарына билбордтар, афишалар, LED экрандар, аялдама кешендері кіреді. Нақтырақ айтсам, қалада 95 LED экран бар. Бір өкініштісі, соңғы уақытта заңсыз немесе тиісті органдардан келісім алмай ілінген жарнамалар көбейіп барады», – деп Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді қаладағы негізгі проблемалардың бірінің басын ашты.

Кездесу барысында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ономастикалық жұмыс және мемлекеттік рәміздер бөлімінің басшысы Гүлжан Құрманғалиқызы заңсыз әрі қатеге толы жарнамалар үшін алдағы уақытта салынатын айыппұл туралы түсіндіріп берді.

«Біз жарнама агенттіктері берген мәтіндерді тексеріп, келісім береміз. Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 455-бабына сәйкес айыппұл салу ісі қарастырылған. Аталған баптың 3-тармағы бойынша ҚР заңдарына жарнама тарату тілдеріне белгіленген талаптарды бұзу жеке тұлғаларға 20 АЕК, лауазымды тұлғаларға 70 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық ұйымдарға 100 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осыған орай Тіл туралы заңның 21-бабына сәйкес кез келген ақпарат (оның ішіне жарнама да кіреді) мемлекеттік тілде және орыс тілінде болуы тиіс», – деп Гүлжан Құрманғалиқызы жарнама агенттігінің өкілдеріне ескерту жасады.

Жиын барысында сөз алған Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильиных соңғы уақытта жарнама билбордтары арқылы есірткі саудасы жарнамаланып кеткен сәттер болғанын жеткізді.

«Есірткі бизнесі өз қылмысын белең жаю үшін ақпараттық технологияларды қолдануда. Осы мақсатта интернет ресурстарын, түрлі мессенджерлерді пайдаланады», – дейді Сергей Ильиных.

Ол өз сөзінде 2019 жылдың 27 желтоқсанынан бастап арнайы заң жобасы енгізілгенін, оның негізінде есірткі немесе соған ұқсас өнімдерді насихаттаған, жарнамалаған азаматтар үш жылға дейін, ал БАҚ беттерінде немесе өзге де құралдарда жариялағандарға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын жеткізді.

Басқосуда Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді жарнама агенттіктеріне 2020 жылдың 3 наурызына дейін жарнамалық нысандардың эстетикалық түрін қалпына келтіру, сондай-ақ, «Жарнама туралы», «Тіл туралы» заңдарды, ҚР басқа да нормативтік актілерін сақтау туралы тапсырма берді. Кездесу соңында Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді мұндай қиындықтар, заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -