Перейти к основному содержанию
5 Декабря 2018  13

«Бәйтерек» холдингінің делегациясы Корея Республикасында

«Бәйтерек» холдингінің делегациясы Корея Республикасында

Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев бастаған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ делегациясы Холдингтің Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі Айнұр Қуатованың және Kazyna Capital Management, Kazakhstan Project Preparation Fund,  Қазақстанның Даму Банкі, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры еншілес ұйымдарының басшыларының қатысуымен Корея Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапар бағдарламасы Кореяның KOLON Investment, Кореяның Шетелдік қала инфрақұрылымын дамыту корпорациясы, EximBank, Hyundai E&C, Кореялық даму институты (KDI), K-Sure сауданы сақтандыру корпорациясы, Кореяның инвестициялық корпорациясы (KIC), Тұрғын үй және қаланы дамыту кепілдігі корпорациясы, SK Lubricants, Корей технологиялық даму институты (KIAT) сияқты ірі корпорацияларымен іскерлік кездесулерді және бірлескен жобаларды қолдау бойынша бизнес-семинарды қамтиды.

Осы кездесулер шеңберінде медицина, энергетика, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмін қолданатын тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Холдингтің қолдауымен Қазақстанда жобаларға қатысу үшін бірнеше кореялық компаниялармен уағдаластыққа қол жеткізілді.

Корей кәсіпкерлері тарапы Корей Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның Кореядағы Елшілігі ұйымдастырған «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының қазақстандық-кореялық жобаларын қаржылай және қаржылық емес қолдау» атты бизнес-семинарға үлкен қызығушылық танытты. Атап айтқанда, кореялық компаниялар Түркістан облысындағы жол құрылысы жобасына өз қызығушылықтарын білдірді.

«Бәйтерек» холдингі басқармасы төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев өз баяндамасында Оңтүстік Кореяның қатысуымен 500-ден астам компания Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

- Бұл біздің елімізге Корея бизнесінің жоғары сенімін білдіреді. Корея Республикасы денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй құрылысы, ақпараттық және ғылыми технологиялар саласында жобаларды іске асыруда мол тәжірибеге ие. Осыған орай бірлескен бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін Кореялық бизнесті Қазақстанға шақырамын», - деді Холдинг Басқармасы төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев.