Перейти к основному содержанию
11 Июня 2019  10

Ұлттық Банк: экономиканы несиелендірудің өсуі

Ұлттық Банк: экономиканы несиелендірудің өсуі

Ерболат Досаев –  Қазақстан Ұлттық Банкі экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шараларын қабылдауда.

Ағымдағы жылғы мамырда айлық инфляция 0,6%-ды құрады, жылдық инфляция 5,3%-ға дейін өсті. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.

Ол 2019 жылғы мамырда азық-түлік тауарлары нарығында 7,9%-ға жеткен бағаның басым түрде өсуі инфляцияға негізгі үлес қосқанын, оның халықтың нақты ақшалай кірістерінің тез өсуі жағдайында орын алғанын атап өтті. Азық-түлікке жатпайтын тауарларға бағаның өсуі 6,1% болды, ақылы қызметтерге тарифтердің инфляцияға үлесі төмен болып қалуда.

«Қазақстан Ұлттық Банкі болжамдық раунд нәтижелері бойынша ағымдағы жылғы 3 маусымда базалық ставканы 9,00% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Сыртқы талаптар және ішкі факторлар бойынша нақтыланған бағалау 2020 жылдың соңына дейін 4-6% нысаналы дәлізге жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі және сыртқы сектордағы тәуекелдердің балансы базалық ставканың деңгейі туралы кейінгі шешімдерді жоғары траекториясына қарай апарады», - деп хабарлады ол.

Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуалдың мұнайдың әлемдік нарығының ықпалымен дамуда екендігін хабарлады. «27 мамыр – 5 маусым аралығында әлемдік экономикадағы сауда талаптары қатаңдатылды. Нәтижесінде мұнай бағасы 13%-ға жуық 60,6 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алайда өткен аптаның соңғы екі күнінде бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына дейін түзету болды. Бұл АҚШ-тың Мексикамен заңсыз миграцияға бақылауды қатаңдату туралы келісімге қол жеткізуімен байланысты. Сонымен бірге оған 2019 жылғы екінші жартыжылдықта ОПЕК+ келісімін ұзарту мүмкіндігіне қатысты мәлімдемелер оң әсер етті. Нәтижесінде, 27 мамыр - 5 маусым аралығында теңгенің әлсіреуі 1,3% болды», - деп түсініктеме берді Е. Досаев.

Ол соңғы күндері жағдай тұрақтанғанын атап өтті. Ұлттық валюта бағамы 5 - 10 маусым аралығында 0,3%-ға нығайды. 2019 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 383,04 теңге болды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы хабарлағандай, төлем балансында жағдайдың жақсаруы теңгеге қолдау көрсетуде. «Ағымдағы шот 2 тоқсан бойы профицитпен қалыптасып отыр. Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы 1-тоқсанда сауда балансы 14,4%-ға өсіп 7,1 млрд АҚШ долларын құрады, ал ағымдағы операциялар шотының профициті 0,8 млрд АҚШ доллары болды Тауарлар экспорты 9,9%-ға немесе 14,9 млрд АҚШ долларына дейін, ал тауарлар импорты 6,1%-ға немесе 7,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды», - деді Е. Досаев.

Ол 2019 жылғы 1 маусымда алдын ала деректер бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің жалпы алтынвалюта резервтері мамыр айында 3,5%-ға немесе 948 млн АҚШ долларына ұлғайып, 28 млрд АҚШ долларын құрағанын қоса айтты. Қажетті минимум 3 ай болса, Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтерінің көлемі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады.

«Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы мамырдың соңында 58,6 млрд АҚШ доллары болды. Бір айда 1,1%-ға төмендеу бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттердің бөлінуімен байланысты», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Е. Досаевтың айтуынша, валюталық активтерді ел ішінде сақтауды ынталандыру үшін жаңа құрал ретінде банктердің Ұлттық Банктегі валюталық депозиттері 2019 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі 1 ай, ставкасы жылдық 0,5% болады.

Сонымен бірге ол Қазақстан Ұлттық Банкінің экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатқандығын еске салды.  

«Біріншіден, ақша-кредит талаптарының біртіндеп жеңілдеуі кредиттердің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылғы сәуірде бизнес үшін берілген теңгедегі кредиттер бойынша ставка  өткен жылғы сәуірдегі 12,3%-бен  салыстырғанда 12%-ға, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша 11,9%-ға, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,2%-ға дейін төмендеді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған депозиттер бойынша ең жоғары ставкалар өзгерді. Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша ұсынылған ставканы 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5%-дан 9,8%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозиттері бойынша ставкалар салымшылар үшін тартымды болып қалуда және тиісінше 12,5%-ға және 13,5%-ға жетті», - деді Е. Досаев. 

Ол банктер үшін мұндай жағдайлар қорландыру базасының орнықтылығын арттыратынын, сондай-ақ 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан жоғары мерзіммен шетел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойынша ставка 2%-ға дейін көтерілгенін атап өтті. Бұл шара банктердің міндеттемелерін ұзартуға бағытталған. 

Е. Досаевтың айтуынша, 2019 жылғы қаңтар-сәуірде банктер 4,1 трлн теңге сомаға жаңа кредиттер берді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға көп. 

«Банктердің экономиканың басымдық берілген секторларын қаржыландыруы шеңберінде орналастырылған 112,7 млрд теңгеден 31,7 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданды. Бөлінетін ресурстарды игеруді жандандыру үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, банктердің қатысуымен бірқатар талқылау өткізілді, оның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар енгізіледі», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

 Е. Досаев айтқандай, «7-20-25 бағдарламасының» талаптарын жақсарту шеңберінде 2019 жылғы 31 мамырда қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана құнының 20%-нан көп мөлшерде енгізу құқығын беру бөлігінде өзгерістер қабылданды. Бұл ай сайынғы төлемдер мөлшерін төмендетуге және соның есебінен кірісі төмен азаматтарды көбірек қамтуға мүмкіндік береді. 

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы атап өткендей, Бағдарламаға қатысу үшін банктерге қойылатын талаптар төмендетілді: рейтинг бойынша – «В» – «В-» аралығы және нарықтағы үлесі бойынша – банк секторының жиынтық активтерінің 3% –1% аралығы

«2019 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде 93,3 млрд теңге сомаға 8 060 өтінім мақұлданды, 6 899 отбасы 80,7 млрд теңге сомаға қарыз алды. 2018 жылғы шілдеде іске қосылғаннан бері жалпы алғанда банктердің ипотекалық портфелі 21,8%-ға 1,4 трлн теңгеге дейін өсті», - деді сөзін қорытындылай келе Е. Досаев.