Перейти к основному содержанию
5 Декабря 2018  14

Жаңа ақша-кредит саясаты өзінің тиімділігін дәлелдеді

Жаңа ақша-кредит саясаты өзінің тиімділігін дәлелдеді

Инфляциялық таргеттеу шегінде 3 жылда Қазақстан Ұлттық Банкі инфляцияның деңгейін 2016 жылғы шілдедегі 18%-ға жуық деңгейден 2018 жылғы қарашаның қорытындылары бойынша 5,3%-ға дейін 3 еседен астам төмендете алды. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Дина Ғалиева Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары шегінде Қазақстан теңге сарайы қызметінің мәселелері бойынша сөз сөйлеу барысында айтып берді. 

«2019 жылға арналған нысаналы бағдар жаңа, барынша төмен 4-6%-дық дәлізде белгіленді. Бұдан әрі Қазақстан Ұлттық Банкінің шаралары 2020 жылы инфляцияны төмен, 4%-ға жақын мәніне дейін біртіндеп төмендетуді қамтамасыз етуге бағытталған», - деп толықтырды ол.  

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары жұмыстың маңызды бағыты халықтың және бизнестің инфляциялық күтулерін басқару болып табылатындығын атап өтті. Иә, олар орнықсыз және жекелеген күйзелістердің қысқа мерзімді ықпал етулерге ұшырағыштығы жалғасуда. Алайда жалпы ұзақ мерзімді үрдіс инфляциялық күтулер төмендегенін көрсетіп отыр.

«Қазақстан Ұлттық Банкі өзгермелі айырбастау бағамының режимін қалтқысыз ұстануда. Мұндай саясат теңге бағамы Ұлттық Банктің валюта нарығындағы іс-әрекеттерімен емес, іргелі факторлармен айқындалатындығын білдіреді. Теңге бағамы нығаю жағына да, сол сияқты әлсіреу жағына да өзгеріп отыратын талаптарға автоматты түрде икемделеді және үнемі тепе-тең деңгейде болуға тырысады. Бұл отандық өндірушілер үшін бәсекелестік басымдықтарды сақтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Д.Ғалиева. 

1

Оның айтуы бойынша 11 айда теңге 11,8%-ға әлсіреді, ол негізінен АҚШ долларының көптеген дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына, АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің артуына, сондай-ақ Ресей рублінің әлсіреуіне байланысты болды. Қазақстан Ұлттық Банкі шегін, дәлізін немесе басқа да бағдарларды белгілеместен еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады.  

Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары қаржы секторындағы оң үрдістердің байқалып отырғанын атап өтті. «Ұлттық Банктің теңгемен депозиттердің тартымдылығын арттыруының арқасында депозиттерді долларсыздандыру бойынша үрдіс жалғасуда. 2016 жылдың басындағы 70%-дық шекке қол жеткізгеннен кейін валюталық салымдардың үлесі 2018 жылғы қазанның соңында 46,9%-ға дейін төмендеді», - деп толықтырды Д. Ғалиева.  

Қорыта келе ол 2018 жылғы 10 ай ішінде жаңадан берілген кредиттердің көлемі 25%-ға немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайғанын баса атап өтті. Кредиттеудің өсуіне банктердің кредиттік белсенділігін арттыруға мүмкіндік берген банктерді қалыпқа келтіру жөніндегі бастамалар ықпал етеді.