Алматы, Казахстан

Данияр АҚЫШЕВ: «Еркін бағам нарықтың дамуын ынталандырып, проблеманы шешуден бас тартуға мүмкіндік бермейді»

29 декабря 2018, 00:002232


Ұлттық Банк үш жыл бұрын инфляциялық таргеттеу саясатын таңдаған кезде қателескен жоқ па? 2019 жылы қаржы реттеушісінің бағамдық саясаты қандай болады? Қазақстаннан тыс қай жерлерде теңге еркін айырбасталады? Банктік емес айырбастау пункттері жабылмай ма? Ұлттық Банк тәуекелге бағдарланған қадағалауға өтіп, уәжді пайымдау құқығын алғанда «қадағалау аясындағы» ұйымдардың шағым-талабының астында қалам деп қауіптенбей ме? Халықты және бизнес-қоғамдастықты толғандыратын осы және басқа да сұрақтарға Ұлттық Банк Төрағасы Данияр АҚЫШЕВ «Деловой Казахстан» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап береді.

Алевтина ДОНСКИХ

«Біз ахуалды реттеуге немесе әрлендіруге тырыспаймыз, біз қаржы жүйесінің қиындықтары мен проблемалары туралы ашық айтуға, бұл тақырыптарды қоғаммен талқылауға және ағымдағы міндеттерді шешкен кезде кәсіби мамандардың пікіріне құлақ асуға дайынбыз. Әркімнің Ұлттық Банктің саясатын сынауға, өз үлгісін ұсынуға еркі бар, алайда Ұлттық Банк – білікті ресурстары бар ұйым, сонымен қатар, біздің жақсы қасиетіміз – біз өткеннің қатесін есте сақтаймыз. Осының бәрі бізге жүктелген міндеттерді орындауға мүмкіндік береді». ҚР ҰБ басшысымен әңгіме өзегі осындай болды.

Данияр Талғатұлы, өтіп бара жатқан жыл айғақтар бойынша қандай болды, күтулеріңіз ақталды ма?

Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жақсы жыл болды деп айтуға болады, дегенмен, жыл басында да, жыл бойы да көптеген белгісіз жағдайлар орын алды. Сауда-саттық соғыстары, санкциялар, дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуі, мұнай нарығындағы жоғары құбылмалылық – осы факторлар жыл бойы болды. Алайда жоғары бей-берекеттілік жағдайында да біздің көрсеткіштеріміз жаман емес.

Ұлттық Банк үшін басты көрсеткіш – инфляция деңгейі. Көпшілік бізді сынап, инфляция бойынша цифрлар кемітіп көрсетілген, Ұлттық Банк оларды дұрыс есептемеген деп айтады. Алайда, еске түсіре кетейін, ақпаратты толық жинақтап, инфляцияны есептейтін Ұлттық Банк емес, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті. Ұлттық Банктің баға бойынша статистикаға ықпал ету тетіктері жоқ, біз статистиканы барлық қалған тұтынушылар – сарапшылар, экономистер сияқты пайдаланамыз.

Енді цифрларға келсек. 2018 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша инфляция жылдық көрсеткіште 5,3% болды, бұл болжамдық дәліздің төмен шегіне жақын. 2016 жылғы шілдемен салыстырғанда инфляция 17,7%-дан үш еседен астам төмендеді. Кейде адамдар өзінің дұрыс пікірін дәлелдеу үшін көптеген тауарлар тобынан бір тауарды «жұлып алып», оны инфляция индикаторы ретінде пайдаланады. Содан көрсеткіштер шындыққа сәйкес келмейді деген сын туындайды. Алайда инфляция – экономикадағы барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасының өзгеру көрсеткіші. Кей жағдайда бір тауарларға бағаның ұлғаюы басқа тауарларға бағаның тұрақты болуымен қатар жүреді. Бұл көрсеткіштер бір-бірін өтейді. Мысалы, бүгін біз қалыпты өсуді, оның ішінде энергия тасымалдауыштар бойынша өсуді көріп отырмыз және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бойынша тарифтердің төмендеуін күтеміз.

Егер инфляция Ұлттық Банк белгілеген дәліздің төмен шегіне жақын болса, бұл экономика үшін жақсы. Экономиканың бүкіл субъектілері бағаның күтілетін және ағымдағы деңгейін болашаққа белгілейді. Кәсіпорындар бұл индикаторларды өз тауарларына, шикізат пен көрсетілетін қызметтерге болашақ баға саясатын қалыптастыру үшін пайдаланады. Инфляцияның төмен мәндері де бүкіл экономиканың инфляция бойынша күтулердің төмендеуіне ықпал етеді. Басқарылатын, болжанатын инфляция – экономиканың ілгері дамуының аса маңызды талабы.

Өз болжамдарымызда ұстанатын инфляция бойынша бағдарларды еске сала кетейін: 5-7% - 2018 жылдың соңында; 4-6% - 2019 жылдың соңында, және 4% - 2020 жылдың соңында және кейінгі жылдары.

Енді айырбастау бағамы туралы. Біз үшін халықтың ұлттық валютаға деген сенімін арттырған маңызды. Бизнестің және қоғамның бағам белгілеуге қандай факторлардың әсер ететіні туралы түсінетінін көріп отырмыз. Бұған біздің валюта нарығындағы жағдайға, бағамға қандай факторлардың әсер ететіні туралы тұрақты түрде түсініктеме беруіміз көп дәрежеде ықпал етеді. Мысалы, мұнай мен газ конденсаты жалпы 70%-дан асып, экспортта басым түседі. Мұнай жылдың бірінші жартысында орнықты өсіп, одан кейін  25%-дан астам төмендеді, төмендеу жалғасуда. Бұл жағдайдың экспорттық кірістердің азаюына әкелетіні түсінікті. Тиісінше, бұл жағдай айырбастау бағамына әсер етеді.

- Нарықтың психологиясы өзгерді ме?

- Иә. Оған объективті себептер бар. Белгіленген бағам болған кезде, бір деңгейге үйренгенде оның кез келген әлсіреуі нарықта күйзеліс тудыратын. Өндірушілер де өз бағасын түзететін. Қазір жағдай өзгеріп, бағам әр түрлі ауытқуы мүмкін. Ол нығаюы да, әлсіреуі де мүмкін. Біз мұндай жағдайды соңғы 3 жылда байқадық. Бұл жағдайларда ішкі бағалардың бағамға тәуелділігі төмендейді. 2018 жылғы 11 айда теңге бағамы долларға қатысты шамамен 11%-ға әлсіреп, бағалар 4,6%-ға өзгерді. Бағамның әсері біздің тұтынушылық тауарлардың 100%-ын импорттамауымызға байланысты теңестіріледі. Біз экономикалық даму үлгілеріне белгілі бір тәуекелдерді сала отырып, жаңа жағдайларда өмір сүруді үйреніп келеміз.

Халық психологиясының өзгеру көрсеткіші ретінде қолма-қол шетел валютасымен операциялардың көлемін атауға болады. Егер 2014-2015 жылдары адамдар құнсыздануды күтіп, қолма-қол долларды жаппай сатып алса, қазіргі уақытта мұндай жағдай байқалмайды. Бағам 11%-ға әлсіресе де, операциялар көлемі кәдімгі үрдістер шеңберінде. Халық пен компаниялар айырбастау бағамының нақты жағдайына бейімделді, валютаға деген дүрлікпе сұраныс жоқ. Нарыққа қатысушылардың валюта нарығындағы ақталмаған алып-сатарлығы үшін мүмкіндіктері едәуір тарылды. Адамдар айырбастау пункттеріне үнемі «жүгірудің» мәні жоқ екенін түсінді, себебі бағам серпіні әлсіреу жағына да, нығаю жағына да өзгеруде және жоғары құбылмалылық орын алған жағдайда жинақ ақшаның бір бөлігін жоғалтып алуға болады.

Айырбастау бағамының ауытқуы ешкімге ғанибет әкелмейтініне қарамастан, адамдар өз жинақ ақшасын сақтауға үйренді. Біз ұсынған құралдар жұмыс істей бастады. Бұл депозиттер бойынша мөлшерлемелерді әртараптандыру, депозиттерге кепілдік берудің түрлі деңгейлері, теңгемен ғана баға белгілеуге көшу. Шетел  валютасындағы депозиттердің үлесі 2016 жылғы қаңтардағы ең көп 70%-дан 2018 жылғы қазанда  47%-ға дейін төмендеді. Бұл кезеңде теңгемен салымдар екі есе өсті. Ал халықтың теңгемен салымдары үш есе өсті, валюталық салымдар үштен бір бөлікке жуық қысқарды. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасады.

 Қазақстанның инфляциялық таргеттеу саясатына және еркін айырбастау бағамы режиміне өту сәтінен бері үш жылдан астам уақыт өтті, алайда сын әлі де бар. Сіз таңдаудың дұрыс болғанына сенімдісіз бе?

-  Әбден сенімдімін. Оның басқа орталық банктер басшылыққа алатын үрдіс болуына байланысты емес. Бұл Қазақстан экономикасының ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Ақша-кредит саясаты экономика құрылымына, жүргізіліп отырған экономикалық саясатқа барабар және осы факторлардың ықпалында болуға тиіс.

Шағын, бірақ ашық экономикасы бар, көршілерімен ықпалдасуды тереңдетуге ұмтылатын Қазақстан үшін инфляциялық таргеттеу ақша-кредит саясатының үлгісі ретінде әсер етудің барынша барабар құралы болып табылады. Алайда өзгермелі айырбастау бағамы бар инфляциялық таргеттеу режимі тиімді жұмыс істеуі үшін қалыпты жұмыс істейтін ақша нарығы және Ұлттық Банктің жұмыс істеп тұрған базалық мөлшерлемесі қажет.

2015 жылдың ортасына дейін теңгедегі ақша нарығы өзінің негізгі функцияларын әлсіз орындады. Девальвациялық күтулер жағдайында ол іс жүзінде жұмыс істеген жоқ. Нақты және қаржы секторы теңгенің қысқа мерзімді, сол сияқты ұзақ мерзімді перспективада қанша тұратынын білген жоқ. Ұлттық Банк белгілеп, қорғаған айырбастау бағамы дәлізінің экономикалық болмысқа сәйкес келмейтінін бәрі түсінді. Бұл жағдайларда теңге бағасының маңызы болмады. Барабар ақша-кредит және валюталық саясатты өткізу жөніндегі іс-шаралар іс жүзінде көңілге қонбады.

Жаңа ақша-кредит саясатын жариялай отырып, біз кешенді жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, теңгемен ақша нарығын қалпына келтіру бойынша. Бүгінде теңге нарықтық негізде саудаға түсуде, Ұлттық Банк тарапынан өтімділік беру мен алу жұмысы тұрақты түрде жұмыс істейді және қаржы нарығына қатысушыларға әрдайым қолжетімді. Кірістіліктің дұрыс қисығы пайда болып, шетелдік инвесторлардың сенімі артты. Бұл нарықтың объективті және айқын болғанын көрсетіп отыр. Дәл осы жағдайларда еркін өзгермелі бағамның болуы ықтимал. Бұл – жаңа болмыс.

Валюта нарығындағы еркін бағам белгілеудің таңдалған саясаты теңге бағамына ақша нарығына тәуелді болуға және Ұлттық Банктің өктемдігімен ғана емес, іргелі факторлармен айқындалуға мүмкіндік берді. Бағам автоматты түрде өзгермелі жағдайларға нығаю жағына да, әлсіреу жағына да икемделеді және әрдайым тепе-тең деңгейге ұмтылады. Бұл өндірушілер үшін бәсекелес артықшылықтар сақтауға  күрт бағамдық өзгерістерді болдырмай, сыртқы күйзелістерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.  Ал белгіленген бағам режимі тұрақтылық қиялын ғана жасады, ол бүкіл кемшіліктерді уақытша ғана жасырып, болашақта кезекті шарасыз девальвацияға әкелді.

Біз өзгермелі бағамның экономикамыздың осалдығын жария еткенін түсінеміз. Алайда еркін бағам нарықты дамуға, проблемаларды шешуге ынталандырып, Ұлттық Банктің оның шоттары бойынша 2014-2015 жылдардағыдай төлейтініне үміттеніп, проблемаларды шешуден бас тартуға мүмкіндік бермейді.

Бағамның айтылғандай онша еркін емес екендігі туралы әңгімелер әлі де бар сияқты... 

- Олар еркін айырбастау бағамын енгізгеннен бастап болған. 2016 жылы Ұлттық Банктің Универсиадаға, ал 2017 жылы ЭКСПО-ға байланысты бағамды ұстап тұрғаны туралы конспирологиялық теория танымал болды. Екі іс-шара да өткеннен кейін біздің бағамды ұстап тұрмағанымыз белгілі болды. Бұл орайда біз ай сайын өзіміздің өктемдігіміз туралы деректерді жариялаймыз, Президент Әкімшілігіне тұрақты түрде есеп береміз. Басшылыққа да біз қоғамға ұсынылатын цифрды ұсынамыз.  Күмән келтіретіндер бары да түсінікті, алайда сараптамалық қоғамдастық біздің деректерімізді баланс және монетарлық шолу арқылы тексеруіне болады. Бұдан басқа, біз 1995 жылдың соңынан бастап барлық өктемдікті жария еттік.

Біз мемлекеттің экономика үшін бағамның, дәліздің, бағдардың  қандай болатынын шешетін бұрынғы саясаттан бас тарттық. Қазір бағамды экономика дербес айқындайды және ол саяси шешімдер мен оқиғаларға тәуелді емес. Ұлттық Банктің еркін бағамға мөлшерлеме арқылы ықпал ететіні түсінікті. Енді Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі – номиналды индикатор емес, жұмыс құралы. Ол нарыққа қатысушылардың іс-қимылын айқындайды. Бұл белгілер мөлшерлемеге бағдар жасай отырып, кредиттейтін нақты экономика субъектілеріне, банктерге беріледі.

- Сіздер қандай талаптармен Ұлттық Банк мөлшерлемесінің тетігіне қысым жасай аласыз?

- Инфляцияның өсуі – негізгі фактор. Бүгінде қаржы нарығына кейбір қатысушылар: «Базалық мөлшерлеме, нақты жұмыс істейтін құрал үшін алғыс айтамыз, біз бұрын нені бағдарға алатынымызды білмедік», - деп айтады.

- Өзінің 25 жылдығын атап өткен теңгенің күші мен әлсіздігі неде?  

- Ұлттық валютаны енгізу Қазақстанға өзінің меншікті қаржы жүйесін құруды бастауға, қаржы нарығын құруға, тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді.

Теңгенің тек бірінші жылдың өзінде 10 есе құнсызданғанын еске сала кетейін. Ол кезде, 1993-1994 жылдары ел басшылығы да, Ұлттық Банк те әсер ете алмайтын үрдістер болды. Ол КСРО құлдырағаннан кейін ауқымды дағдарыстың екпінді процестері, рубль массасының Қазақстанға ағыны болды, бұны бірден тоқтатуға мүмкіндік болмады. Соған қарамастан, теңге салыстырмалы түрде тез тұрақтандырылды. Сондықтан түрлі салыстыру үшін мен 1996 жылды есептеу нүктесі ретінде пайдаланар едім. Сол кезден бастап теңге 7 есе құнсызданды. Әрине, бұл мақтанарлық жағдай емес, бірақ осы сан мемлекеттің барлық уақыт бойы бірнеше әлемдік дағдарысқа қарамастан, сауатты макроэкономикалық саясатты жүргізгенін көрсетіп отыр. Сонымен бірге 1996 жылдан бастап көрші елдердің валюталарының қалай өзгергенін салыстырып көрсек, Қазақстанда құнсыздану бойынша төмен көрсеткіштің бірі. 

- Қырғызстаннан басқа теңгені еркін айырбастауға болатын елдер бар ма?

- Өзбекстан. Алайда бұл айырбастау факторы емес, белсенді трансшекаралық сауда көрсеткіші. Тұтастай алғанда, мәселе қызықты. Шекара маңындағы саудада теңге көлемін бағалау үшін мен өңірлердегі филиалдардан мониторинг жүргізуді сұраймын.

2018 жылы не орындалмай қалды? 

- 2018 жылдың басында біз төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасады деп күттік. Алайда, 9 айдың қорытындысы бойынша ол әзірге шамалы тапшылықта. Бұл орайда біз әсер ете алмайтын факторлар басым.

Біріншісі – шетелдік қатысуы бар шикізат секторы кәсіпорындары кірістерінің өсуі. Бұл жерде оғаштық жоқ: мұнай бағасы өсуде – оның елге экспортынан ақша ағыны өсуде, алайда дивидендтерді төлеуге және инвесторларға тікелей төлемдерге байланысты ақша ағыны да өсуде. Мұнай секторында Қазақстанның бейрезидент операторлары көп, олар түскен ақшаны шетелге қайтарады. Бұл цифрды сауда балансының профицитімен салыстыруға болады: 9 айда $20 млрд профицитпен сауда балансы қалыптасты, ал инвесторлардың ақшаны шығаруы шамамен $17 млрд болды.

Екінші фактор – экономикада іске асырылатын ірі инвестициялық жобалар. Бұл шетелде аралық және инвестициялық тауарларды үлкен көлемде сатып  алуды талап етеді.

Үшіншісі – жаңа тұтынушылық кредиттердің жоғары көлемі. Олар азық-түлікке жатпайтын импортқа төлем жасауға қабілетті сұраныстың негізгі көздерінің біріне айналды. Барлық осы факторлар ағымдағы шот болжамдарында ескеріледі. Нәтижелері туралы айту әлі ертерек: іс жүзіндегі деректер тек 2019 жылғы наурызда ғана пайда болады. Алайда алдын ала деректерге сәйкес 2018 жылы ағымдағы шот тапшылығы («60 $/баррель») базалық сценарийі кезінде ІЖӨ-ден (-) 1,2% болады.

Соңғы жылдары Ұлттық Банк бұрын-соңды болмаған ашық саясатты жүргізіп, жауап ретінде ерекше қызу «кері байланыс» алуда. Сынға және ұсыныстарға қалай қарайсыз?

– Біз қаржы нарығында проблемалар мен өткір тақырыптар барын жақсы түсінеміз. Сондықтан біз әңгімелесуге, талқылауға, түсініктеме мен түсіндірме беруге дайынбыз. Біз кез келген сұраққа жауап береміз және өз дәйегімізді барынша жария етеміз – неліктен белгілі бір шешімді қабылдаймыз, оны сарапшылармен талқылаймыз. Бұл саясатты болашақта да жалғастырамыз.

Сын – ең жағымды ақпарат емес. Өкінішке орай, ол әрдайым объективті және кәсіби бола бермейді. Сынау үшін тақырыптың бірі – айырбастау бағамы. Біздің экспорттық тауарларымызға әлемдік бағалардың құбылмалылығы жағдайында валюталық түсім де өзгеруде және ол бүкіл елдің қажеттіліктерін қанағаттандыруға жетпеуі мүмкін. Егер бұл теңгерімсіздік жинақталса, Ұлттық Банкке макроэкономикалық тұрақтылықты ұстап тұру үшін өз резервтерін жұмсауына тура келеді. Алайда қазір мұндай мүмкіндік жоқ, бұл елімізге өте қымбат түседі. Дегенмен, осы жағдай сын айтудың негізгі объектілерінің бірі болып табылады.

Сынау үшін ең ыңғайлы тақырып – БЖЗҚ. Кез келген адамды оның болашақ ақшасы сақталмайды деп сендіруге болады. Алайда біз өткеннің тәжірибесі бойынша ортақ жүйенің де ешқандай кепілдік бермейтінін білеміз. Азамат мемлекетке салықтар аударады, алайда олар дәл сол жылы, оның ішінде зейнетке шыққан зейнеткерлерге төленеді. Мемлекет ештеңе сақтамайды. Әрине, жұмыс өтілі мен жалақы есептеледі. Алайда болашақта жұмыс істеп жүрген адамдардың саны азайып, салықтар аз болса, зейнетақыны есептеген кезде адамның зейнетақыны алуға құқық алатын кезеңнің ғана мүмкіндіктерін пайдаланатын болады.

Ал жинақтаушы жүйеде ақша сақталады, оған инвестициялық кіріс есептеледі. БЖЗҚ бұл міндетті табысты атқарады, ал зейнетақы активтерінің кірістілік деңгейі  инфляция деңгейінен жоғары. Бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінде 9 трлн теңге бар, оның ішінде тек 6 трлн теңгені азаматтар салды, ал 3 трл теңге – инвестициялық кіріс.

Сынның болатыны сөзсіз. Біз оған сындарлы түрде қараймыз, оның дұрыс-бұрыстығын түсінуге тырысамыз, ұсыныстарды зерделейміз және оларды жұмыста ескеріп отырамыз. Алайда сынауда дәйексіз ақпарат немесе жала болса, біз сот инстанцияларына өтініш жасауға дайынбыз.

Ұлттық Банктің кредит мәселесіне қатысты қарсыластары да бар. Біреулері нақты секторды кредиттеуді ұлғайтып, оны сәл әлсірету қажет десе, басқалары NPL портфелі (нашар кредиттер) мен жағымсыз тәжірибені ескеріп, кредиттеуді жандандыруға қарсылық білдіреді. Бұл ұстанымдардың қайсысы Ұлттық Банкке жақын?

- Соңғы жылдары реттеу жүйесін кешенді түрде ауыстырған жоқпыз. Біз халықаралық банктік қадағалау стандарттарына сәйкес келеміз. 

Банктер жүргізіп отырған саясатқа 2016 жылдан бері басқаша қарай бастағанымыз бөлек мәселе. Әңгіме реттеуді қатаңдату жайында емес, қадағалауды қатаңдату жайында болып отыр. Егер банктердің есептілігіне қарасақ, бәрі жақсы, кредиттер жақсы қарыз алушыларға берілген. Тексере келсек, қарыз алушылар төлемейтін болып шығады. Активтері кіріс әкелмейтін болса, банктің міндеттемелері қалай өтелмек? Мұндай жағдайда біз банктерге міндеттемелері бойынша төлемеуіне мүмкіндік бере алмаймыз. Есептілік банктегі жағдайды нақты көрсетуге тиіс. Қадағалау саясатындағы негізгі өзгеріс – осы.

- Сонда кредиттеуді тоқтатып отырған кім?

- Қарыз алушының кредит төлеу қабілетін тиісінше бағаламай берілген кредиттер бойынша, өкінішке орай, ақша қайтарыла бермейді. Бұрын да кейбір институттар кредитті адалдықпен берген жоқ. Кредиттік тәуекел бағасы, қарыз алушылардың төлем жасау қабілетінің бағасы төмен болды. 

Кейде кәсіпорындар экономикалық қиындықтарға ұшырадық, банктер бізді түсінсін деп жатады, бірақ банктердің олай істеуіне Ұлттық Банк жол бермейді.   

Қисынсыз жағдай: кредит алуға мүмкіндігі жоқ көптеген кәсіпорындар кредит алғанымен, қайтара алмайды. Сонымен бірге банк өз салымшыларының алдындағы міндеттемелер бойынша уақтылы әрі толық көлемде төлеуге тиіс.  

Бірақ кредиттерден қайтарым болмаса, міндеттемелерді қалай орындауға болады? 

Сондықтан да реттеуші банктерге бұл олардың шығыны екенін және олар оны меншікті капиталының есебінен, өз акционерлерінің есебінен өтеуге тиіс екенін айтуға тиіс. Мәселенің мәні осында болып отыр. Ақшаның қайтарылуына әкеп соқпайтын болса, кредиттің белсенді берілгені үшін біреу жауап беруге тиіс.        

Өкінішке орай, осы кезге дейін көбіне мемлекет төлеп келді. Бірақ бұдан әрі олай болмайды.

Көптеген банктер тәуекелге бағдарланған қадағалауға және уәжді пайымдау құқығына өтуден қорқады. Қаржы бизнесі менеджментінің және иелерінің мұнымен келіспей, ҚР ҰБ-ға қарсы сотқа шағымдануы өсіп кетеді деп қорықпайсыз ба?

– Қорықпаймыз. Егер біз бірдеңені дұрыс істемесек, бізге қазірдің өзінде сотқа шағымдануға болады. Ұлттық Банктің кез келген тексеруінде субъективтілік элементі болатындығы түсінікті. Бірақ мұндай субъективтілік элементі банкте өз портфелінің сапасын бағалаған кезде де болады. Егер Ұлттық Банк пен банк бағасының арасындағы айырмашылық аз болса, оны модельдерді және әдіснаманы түзету арқылы шешуге болады. Алайда, ҚРҰБ-ның бағалауы мен банктердің бағалауы арасында он еселенген көлемде айырмашылық болып жатады. Бұл ретте банктің тарапынан корпоративтік қағидалар, заң мен этика нормалары толықтай теңестірілді. 

Уақыт – төреші. Біз секторды жосықсыз әрекеттер мен жөнсіз практикалардан тазартқаннан кейін, талаптарды да қалыпқа келтіреміз. Қадағалаудың мақсаты – банкті тарату емес, салымшылардың ақшасын сақтап қалу. Сондықтан да көптеген сарапшылардың Ұлттық Банк қаржы нарығын «шектен тыс реттеп кетті» деген пікірін негізсіз әрі пайдасы жоқ популизм деп санаймыз. 

Сонымен бірге уәжді пайымдауды пайдаланудың түсінікті әрі ашық тетігі және оған сотқа дейін шағымдану мүмкіндігі көзделгенін атап өтемін. Бұл туындаған дауларды сотқа жеткізбей, қадағалау органының деңгейінде реттеуге мүмкіндік береді. Сондықтан да сотта қаралатын істер саны өседі деп ойламаймыз. 

Жалпы алғанда, реттеуші жүргізетін саясатты реттеуді қатаңдату тұрғысынан емес, қадағалау сапасын арттыру және банк жүйесін жетілдіру тұрғысынан қарау қажет. 

ДСҰ шеңберінде Қазақстан қаржы нарығының ашылуы қарсаңында институттарымыздың бәсекеге қабілеттілік мәселесі туындайды. Ондай қиындық бірінші болып сақтандырушыларда туындады. Менің жеке өзімнің пікірімше, олар тіпті оны мойындаған да секілді, себебі сектор нарықта белді ойыншы бола алмады

- Иә, 2020 жылы сақтандыру секторы шетелдік компаниялар филиалдарының нарыққа келуі үшін ашылады. Бірақ транзиттік кезең аяқталғаннан кейін объективті себептерге байланысты Қазақстанның осындай міндеттемелерді қабылдағанына қарамастан, нарығымызға шетелдік қатысушылардың жаппай келуі де екіталай. Біздің нарығымыз экономикамыздың көлеміне қарай шағын. Бізде міндетті сақтандыру түрлері бойынша серпін жақсы болғанымен, ерікті сақтандыру бойынша жеткіліксіз. Ірі тәуекелдерді онша сақтандыра бермейміз. Сондықтан да өз тәуекелдерін сақтандыруға міндетті ірі компаниялар тікелей шетелге кетіп жатады. Олар бізде де сақтандыруға дайын, бірақ мұндай тәуекелді алу үшін біздің сақтандыру нарығымыз өте шағын. 

Егер шетелдік және отандық сақтандыру компанияларын салыстыратын болсақ, шетелдік сақтандырушылардың бәсекеге қабілетті артықшылықтары бар екенін мойындаған жөн. Бұл капиталдың ауқымды болуы, қызмет көрсету сапасы, прогрессивті IT-жүйелер және сақтандыру құнының төмендігі. Реттеушінің Қазақстанның сақтандыру нарығында қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптары оларға да қойылғанымен, қажет деп тапқан кезде олар талаптарды оңай орындайды деп ойлаймын. 

Өз тарапымыздан 2018 жылы сақтандыру заңнамасына енгізілген өзгерістер ұлттық сақтандыру нарығының жақын жылдары өсуін қамтамасыз етеді деп сенеміз. 

- Егер секторға ірі шетелдік ойыншылар келсе, біздің банктер бәсекелес бола ала ма?

- Әзірге кіреміз деп тұрған шетелдік банктер байқалмайды. Бизнес әрқашан да экономика көлеміне, оның салынған қаражаттың қайтарылуына және ақша табуды қамтамасыз ете алуына көңіл аударады. Бірақ оны уақыт көрсетеді…

БЖЗҚ айналасында әрдайым қызу пікірталас болып жатады. Қордың барлық осал тұстары анықталды. 2018 жылы қандай да бір маңызды мәселелерді шеше алдық деп айтуға бола ма?

- Біз зейнетақы активтерін басқарудың дұрыс жүйесін құру үшін көлемді жұмыс атқардық. Оларды Ұлттық Банктің және Ұлттық қордың активтері бойынша Ұлттық Банкпен жұмыс істеп жатқан сыртқы басқарушылар басқаруда. БЖЗҚ активтерін басқаруда біз 20 жылдық жұмыс тәжірибемізге сүйенеміз, бұл шығынды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Негізгі қағида – активтердің сақталуы және сеніп тапсырылған адамдардың жауапкершілігі.  

Соңғы жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі оң серпінді көрсетіп, инфляция деңгейінен асады. Бұл жетістіктердің іргесі 2016 жылы зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін түбегейлі қайта қараған кезде қаланды.    

Активтердің валюталық бөлігі іс жүзінде екі есе 17%-дан 31%-ға дейін ұлғайды, валюталық активтерді шетелдік нарықтарға инвестициялау стратегиясы қайта қаралды. Зейнетақы активтері нарықтық талаптармен ғана инвестициялануда, бұл салымшылардың жинақ ақшасының ашықтығын, сақталуын және кірістілігінің ұлғаюын қамтамасыз етеді. 

БЖЗҚ активтерін басқарудың және басқарушылардың қаржылық жауапкершілігінің моделі қалай болуы керек деп пайымдайсыз?

– Біз зейнетақы активтерін басқару нарығында Ұлттық Банк қана болуы керек деп ойламаймыз. Нарықта басқарушы компаниялар болуға дайын институттар бар. Ұлттық Банк Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде зейнетақы активтерін Қазақстанның жеке басқарушы компанияларының басқаруына беруді көздейтін ұсыныстарды дайындап та қойды. Объективті және субъективті себептерге байланысты бұл ұсыныстар әзірге талқылану сатысында. Бірақ біз бұл процесті жылдамдатамыз. 

Шешім қабылданады деп сенеміз. Басқарушы компанияны БЖЗҚ немесе Ұлттық Банк емес, салымшының өзі таңдайтын болады. Бұл – реформаның негізгі элементі. Ақшасын кім басқаратынын салымшының өзі шешуге тиіс. 

Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 10 миллионнан асқанын еске түсіре кетейін. 10 айдың ішінде салымшылардың зейнетақы жинақтары жалпы алғанда 16,2%-ға ұлғайып, 9 042,5 млрд теңге болды. Бұл ретте зейнетақы төлемдері осы уақыт ішінде 1 194,9 млрд теңгеге жетті. Жылдың 11 айының нәтижесі бойынша БЖЗҚ салымшылары үшін зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 4,6% мөлшерде болған кезде 9,24%-ды құрады. Осылайша, қордың салымшыларына 4,64% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді.

– Ұлттық Банк болжам раундының  шеңберінде Brent маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 40, 60 және 70 доллар болатын бағамен экономиканың  дамуының үш сценарийін қарастырды. Осы сценарийлердің қайсысы азды-көпті сәйкес келеді?

–  Мұнай – Қазақстанның ең көп экспорттайтын тауары және экономикамыз үшін айқындаушы индикаторлардың бірі. Алайда біз басқа да сыртқы, сол сияқты ішкі факторларды қарастырамыз, базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдаған кезде олардың Қазақстан экономикасына әсерін ескереміз. Бұл – шикізат тауарларының әлемдік бағасы, басқа елдердегі пайыздық мөлшерлемелер, Қазақстанның әріптес елдеріндегі ІЖӨ-нің және инфляцияның өсуі және басқалары. Ішкі факторлар ретінде мемлекеттің салық-бюджет және тарифтік саясаты, тұтынушылық және инфляциялық сұраныс, инфляциялық күтулер, ақша және қаржы нарықтары, жекелеген тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығы және т.б. қарастырылады.    

Егер мұнай бағасының азды-көпті сәйкес келетін сценарийі туралы айтатын болсам, мұнай нарығына қатысты консервативті пікірді ұстанамын, базалық сценарий ретінде біз бір баррель үшін $60  деңгейін қарастырамыз. Пессимистік сценарий іске асырылған жағдайда АКС-ті қатаңдату арқылы ҚР ҰБ ден қоятын болады, ол бейтарап сипатты тежеуіш сипатқа ауыстырады.   

– ҚР Ұлттық Банкі 2019 жылы «қара бұлттың үйірілуін» күте ме, ол көбіне қайда барып «үйіріледі»? 

- «Қара бұлттың үйірілуі» – экономика, қаржы нарықтары, саясат, экология үшін айтарлықтай зиян келтіретін, алдын ала болжанбайтын, болу-болмауы екіталай оқиға. Бірақ реттеушінің міндеті стандартты емес және жиі болмайтын күйзелістердің болуын болжау емес, қаржы жүйесін орнықты әрі осындай күйзелістерге төтеп беретіндей етіп құру. Сондықтан да біз үшін өткен қателерімізден қорытынды шығарып, тиісті шаралар қабылдау маңызды.

- Ендешеболжанатын нәрселер жайында айтсақ: Қазақстанда болған немесе болатын қандай оқиғалар, Сіздің пікіріңізше, ел экономикасының  дамуына жағымды әсер етуі мүмкін?

– ҚҰБ болжамы бойынша, 2018 жылы базалық сценарий бойынша ІЖӨ-нің 3,8%-ға өсуі күтіледі. Экономиканың өсуіне тұтынушылық және инвестициялық сұраныс үлес қосты. Сыртқы аяның қолайлы болуы жағдайында өнеркәсіп секторындағы белсенділік негізгі өсу көздері болды. Қашаған кен орнында мұнай және газ конденсаты өндірісін ұлғайту экспорт серпінінің жағымды болуына ықпал етеді. 

Біздің бағалауымызша, 2019 жылы экономика аз қарқынмен өсетін болады. Жылдың соңына қарай өсім 2,7%-ды құрайды. Тау-кен өндіру саласының ірі кен орындарындағы және мемлекеттік, оның ішінде «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру аясында тұрғын үй құрылысындағы инвестициялық жобаларды жалғастыру жағымды жағдай болады. Сонымен қатар ішкі тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың жағымды серпінінің жылдамдауы аясында импорттың өсуі ІЖӨ-нің өсуін тежеуі мүмкін. 

Экономиканың дамуына әсер ететін жағымды факторлардың бірі банк жүйесінің ресурстарын тиімді бөліп, нақты сектордың қызметіне және қаржы жүйесінің тұрақтылығына зиян келтірмей, күйзелістердің туындауына қарай оларды сіңіре алатындай жағдайға жеткізу болады. Банктерді үстеме капиталдандыру және ескі проблемалық портфельді азайту банктердің даму стратегиялары мен бизнес модельдерін қайта қарап, оңтайландыруына мүмкіндік береді, бұл біздің күтуімізше неғұрлым сапалы әрі ұзақ мерзімді кредиттеуді ынталандыратын болады. 

Ұлттық Банк «Invest Online» жүйесін іске қоса отырып, блокчейн платформасына шықты. Бірақ бұл ІТ саласындағы жалғыз жоба болып қалмайды ғой...

– Бүгінгі күні бүкіл қаржы жүйесі цифрлық технологиялар негізінде дамуда. Тұтастай төлем нарығының дамуы біздің ойымыздан шықты. Қолма-қол ақшасыз, оның ішінде қашықтан қол жеткізу арналары арқылы төлемдердің күрт өсуін жылдың негізгі үрдісі деп атауға болады. Жылдың 10 айында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі жөнінен де, операциялар саны жағынан да екі еседен аса өсіп, 4,9 трлн теңгені құрады. Қолма-қол ақшасыз жасалған әрбір екінші операция қашықтан қол жеткізу арналары арқылы жүргізіледі. Интернет/мобильді банкинг арқылы операциялардың көлемі POS-терминалдар арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінен асып кетті. Интернетті/мобильді банкингті пайдаланушылар саны 50%-ға ұлғайып, 12,1 млн адам болды.

Нарықта жаңа төлем қызметтері, технологиялық шешімдер белсенді дамуда. NFC технологиясын пайдалана отырып, жанасусыз төлемдер жасау кеңінен қолданылуда, QR-кодтарды пайдалана отырып, төлемдер қабылдаудың жаңа қызметтері пайда болуда. Егер ҚР ҰБ-ның қысқа мерзімді ноттарына инвестициялауға мүмкіндік беретін  «Invest Online» инновациялық жүйесі туралы айтатын болсақ, күн сайын ол арқылы шамамен 2,2 млн теңге инвестициялануда. 

Өткен жылы Мезеттік мобильдік төлемдер жүйесі де пилоттық режимде іске қосылды. Ол теңгедегі ақшаны мобильдік телефонның нөмірі бойынша аударуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап банктермен бірлесіп банктік шотты бірмезгілде ашудың, жаңадан құрылатын заңды тұлғаны электрондық тіркеу кезінде қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың кешенді қызметтерін көрсету сервисі іске қосылды.       

- Отандық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк пен қаржы секторы не істей алады?

– Қаржы секторының міндеті капиталды анағұрлым тиімді пайдаланылатын салаға бағыттауында деп білеміз. Қаржы жүйесінің экономикаға үлесі оның тәуекелдерді қаншалықты жақсы бағалауымен, қарыз алушыларды талдауымен және жақсы жобаны нашар жобадан қаншалықты айыра білуімен өлшенеді. Көбіне қаржы институты жылдам алатын пайданы ойлап, өзі көтере алатын тәуекелден көп тәуекелді алады. Реттеуші ретінде біздің рөліміз жекелеген компаниялардың жылдам қабылдаған шешімдерінің жағымсыз салдары олардан шегінен шығып кетпейтіндей және тәуекелі бар шешімдер үшін оларды қабылдаған адамдар жауап беретіндей етіп реттеу.  

Ұлттық Банктің басым міндеті бұрынғысынша – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, бұл кәсіпкерлік қызметті ұзақ мерзімді жоспарлау үшін тұрақты жағдай жасауға және осылайша тұтастай алғанда экономиканың өсуіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Біз сонымен бірге Ұлттық Банктің тәуекелге бағдарланған қадағалауға өтуі қаржы ұйымдары тәуекелдерінің ерте сатыда алдын алуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Бұл инвесторлардың және клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтеді.

 

комментарии
Авторизуйтесь на сайте,чтобы писать комментарии!

2006 - 2019 © Деловой Казахстан. 16+

Разработано в: A-Lux