Алматы, Казахстан

Гаухар Алдамбергенова: Ұстаз беделі – мемлекет беделі

28 августа 2019, 10:04280



Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қарсы алған болатын. Бұған басты себеп – маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында Елбасы жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Соның бірі – «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау.
 

Кеше Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырды. 

Мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өзін өзі дамытуға және шығармашылыққа мүмкіндік беру негізгі идеясы болып табылатын Заң жобасын Премьер-министр тиісті міндеттерге сай келетіндігін айтып, Үкімет заң жобасын бекітті. 

Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ.

Елбасы мұғалім беделі былай деген болатын:  «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер. Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек».

Расында да, түйсіне білген адамға ұстаз беделі – мемлекет беделі екені рас.  Халқымыздың даңқты перзенті Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі» деген дана ой қалдырған. Ұлы ақынның ұлағатты сөзі техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі күнде де өз өміршеңдігін жойған емес. Отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 75 жыл уақыт мерзімінде мұғалім мамандарын даярлау мен педагогтардың біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып, білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңашыл жұмыс істеу тәсілдері арқылы мол тәжірибе жинай білді. Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, нәтижесі бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Көпшілік қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артқан бүгінгідей заманда мұғалімге жүктелер жауапкершілік те еселене түсуде. Ал осы жауапкершілікті толық сезіне білу һәм ұстаз беделінің қоғамдағы беделін арттыруға басымдық беру аталған кәсіп иелеріне тың серпін, ерекше қажыр береді.  


Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор


Фото: НГС Красноярск

комментарии
Авторизуйтесь на сайте,чтобы писать комментарии!

2006 - 2019 © Деловой Казахстан. 16+

Сайт разработан веб-студией A-Lux