Алматы, Казахстан

Гаухар Алдамбергенова: «Білім беру саласының алдында маңызды міндеттер тұр»

2 сентября 2019, 23:40430



Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламалық құжат ел дамуын жаңа кезеңге бастап, әлеуметтің әлеуетін арттыруға тың серпін бермек. Неге?

Бірқатарына тоқталып өтейік. Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты басымдығында экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді тетіктері ұсынылды. Атап айтқанда, Президенттің білім беру сапасын жақсартуға жете мән беруі бізді ерекше серпілтті. Мемлекет басшысы мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғандығын қадап айтты. Бұл өз кезегінде елде жұмыссыздардың санының өсуіне ықпал етіп отыр. Ол үшін оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқандығы, ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы да қаузалды. Бір бұл ғана емес.

Президент жоғары білімнің сапасы мен түлектердің жұмыспен қамтылуына да ерекше тоқталды. Осы орайда айта кетейік, жоғары оқу орындарының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Бұл тұрғыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бірқатар нақты істер жүзеге асырылуда. Оқу орны жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, өткен оқу жылында университетті 1548 студент тәмәмдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал 2017 жылы «екі қолға бір күрек тапқандардың» үлес салмағы 88 пайызды құрайды. 

Мемлекет дамуында маңызды рөл атқаратын құжатта бүгінгі қоғамда өзекті мәселе болып табылатын өзге де мәселелер қозғалып, оны біржола шешудің механизмдері айтылды. Президент кәсіпкерлік, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жайында тың бастамаларды көтерді. Ол – тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол ашуға басты фактор болмақ. Сонымен қатар Мемлекет басшысы есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламент пен Үкіметке тапсырмалар жүктеді.

Менің ойымша, Мемлекет басшысы көтеріп отырған мәселелердің бір тетігі тәрбиемен де тікелей байланысты. Расын айту керек, аталған олқылықты жайттар мен оқыс оқиғалардың көбейіп кетуі отбасындағы тәрбиенің тиісті берілмеуінде. 

Қоғамның кесапатына айналған қылмыстарды кім жасайды? Олардың шыққан ортасы қандай? Міне, осы сауалдар төңірегінде жете зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Білім беру мекемелері өз қызметтерінде тәрбие мәселесіне ерекше басымдық беруі тиіс. Балабақша, мектептер мен жоғары оқу орындары бұл тарапта арнайы кешенді істерді қолға алуы тиіс. Бұл өз кезегінде аталған қылмыстардың салдарымен емес, себебімен күресуге ықпал етпек. 

Шығыс ғұламасы әл-Фараби бабамыздың ««Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдалану керек, білім ордалары. 

Кейінгі жылдары қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиені, соның ішінде моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Ал дағдарыстың түбі жақсылыққа апармайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. 

Қазақта «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ұлағатты сөз бар. Баланың қалыптасуына, оның болашақта қандай тұлға болуына отбасы тәрбиесінің тигізетін әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін не? Жеткіншектің өскен ортасы, ата-анасы. Осылардың ықпалы дұрыс болмаса адам түрлі жаман мінезді жұқтырады. Ол – түбінде жақсы істерге бастамайды. 



Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор 

комментарии
Авторизуйтесь на сайте,чтобы писать комментарии!

2006 - 2019 © Деловой Казахстан. 16+

Сайт разработан веб-студией A-Lux