Алматы, Казахстан

Қыздар университетінде бейімдеу апталығы басталды

3 сентября 2019, 12:56301



Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 1-курс студенттеріне арналған бейімдеу апталығының ресми ашылуы өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады. 

Білім күніне орайластырылып ұйымдастырылған шараға оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттер және олардың ата-аналары қатысты.

75 жылдық тарихы бар білім мен ғылым ордасы талай жастың талабын шыңдады. Бүгінде «ұстаз» деген ұлы атты абыроймен алып жүрген қаншама мұғалімге алғашқы баспалдақ болды. Еліміздегі педагог кадрларды даярлайтын іргелі білім ошағының бірі болып саналатын Қыздар университеті болашақта ұстаз боламын деген жастарға есігін тағы да ашты.

Білім ордасының «Ақ шатыр» жазғы алаңында ұйымдастырылған салтанатты рәсім шымылдығы «Дара университет» атты бейнебаянмен ашылды.

Жиынның ресми бөлімінде университет ректоры Гаухар Алдамбергенова сөз сөйлеп, барша ұжым мен оқу орнының табалдырығын аттап отырған бірінші курс студенттерін атаулы күнмен құттықтады. 

– Құрметті әріптестер! Қымбатты 1-курс студенттері, магистранттар мен докторанттар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – университет табалдырығын алғаш аттап отырған аруларымыздың қадамы білім ордасының 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғаны.  Бүгін қарашаңырақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті атанған бойжеткендеріміздің талабы – оң, қадамы құтты болсын!  Білім мен ғылымның шамшырағына айналған оқу орнында бүгінде алты мыңға жуық білімгер сапалы білім, саналы тәрбие алуда. Биыл олардың қатарын мыңнан астам студент, 115 магистрант пен 10 докторант толықтырды, – деп атап өтті оқу орнының басшысы. 



Сонымен қатар Гаухар Алдамбергенова ұстаз мамандығының қоғамдағы орнын да атап өтті. 

– Ресми деректерге сүйенсек, қазір әлемде төрт мыңнан астам мамандық бар. Соның ішінде ұстаздық қызметтің беделі – биік, абыройы – зор. Қандай да бір қоғам, қандай да бір заманауи өзгерістер болмасын, педагог білім беру саласында басты тұлға ретінде маңызды рөл атқарып қала бермек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты ел халқына арнаған Үндеуінде: «Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі  өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында» деп атап өткен болатын.  Ал, ұлтымыздың даңқты перзенті Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі» деген дана ой қалдырған. Ұлы ақынның ұлағатты сөзі техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі күнде де өз өміршеңдігін жойған емес, жоймайды да. Құрметті білім іздеген жастар! Ұлағат ұясы – Қыздар университетінің қабырғасында Сіздер үшін өмірдің жаңа парақтары ашылғалы отыр. Оқу орнында алған білімдеріңізді мемлекетіміздің дамуы жолында жұмсап, зерек те зейінді, білгір де білікті болатындарыңызға сенімдімін! 75 жылдық тарихы бар білім ордасына қош келдіңіздер, – деді Г. Төремұратқызы.



Жетпіс жылдық тарихы бар білім ошағының өткені сараланып, болашағы айқындала түскен мерекелік іс-шара барысында енді ғана студент атанған жастарға символдық «Студенттік билет» ресми жағдайда табысталды. Ал, өз кезегінде университет білімгерлері атынан Педагогика және психология факультетінің 1-курс студенті Гүлбану Қуанышбаева жиналған жұртшылыққа, ұстаздарға ыстық ілтипатын білдіріп, Қыздар университетінің студенті деген атқа лайық болатындарын айтты. 

– Барлығымыздың да алға қойған үлкен мақсатымыз бар. Сол үкілеген армандарымызды орындауға ұмтылудамыз. Бізді білім әлемінде өз кәсібімізге сай маман болып қалыптасуға жол салған барша азаматтарға алғыс айта отырып, білікті, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатты ұстаз есімін абыроймен алып өтуге, болашағы баянды, келешегі кемел бәсекеге қабілетті Мәңгілік ел – Қазақстанның қарышты дамуына ант етеміз, – деді Г. Қуанышбаева. 



Салтанатты жиын соңы оқу орнының шығармашылық ұжымдары мен эстрада жұлдыздарының гала-концертіне ұласты. Олардың қатарында «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі, «Томирис» би ансамблі мен «Ұлар» этно-фюжн ансамблі бар. 

Рәсімнің екінші бөлімінде бейімдеу апталығының жоспарына сәйкес шаралар жалғасын тапты. Айта кетейік, бір аптаға созылатын жоба аясында оқу орнының табалдырығын жаңадан аттаған студенттерге университеттің қызметі, материалдық-техникалық базасы кеңінен таныстырылмақ. Сонымен қатар апталық барысында университет басшылығымен кездесулер мен түрлі тақырыптағы семинар-тренингтер өткізу де жоспарланып отыр. Оған құрылымдық бөлімдер мен факультеттер атсалысады.

комментарии
Авторизуйтесь на сайте,чтобы писать комментарии!

2006 - 2019 © Деловой Казахстан. 16+

Сайт разработан веб-студией A-Lux