Жандар Асан: «Өткенін еске алған өскендіктің белгісі»

1441

Бүгін – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күнге орай республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның «Өткенін еске алған өскендіктің белгісі» атты мақаласы жарық көрді, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.



Киіз туырлықтықазақ халқында «Өткенін еске алған өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі» деген ұлағатты сөз бар. Елімізде 1997 жылдан бері жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы XX ғасырда аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді.

1917 жылы болған Қазан саяси революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, ұлтымыздың дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргізген ауыл шаруашылығын жедел ұжымдастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволюциялық дамуын күрт үзді.

Осы оқиғаларда миллиондаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, ГУЛАГ түрмелерінде жазықсыз көз жұмды.

Белгілі тарихшы Талас Омарбеков қолдан жасалған қасірет хақында былай дейді: «Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және оның партиялас серіктерінің іздері сайрап жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Ұлы көсемнің» көзі тірі кезіндегі зобалаңға бір сәт көз жүгіртіп өтейік. Мұхамеджан Тынышпаевтың есебі бойынша 1917 жылы Қазақстанда 2 910 000 қазақ өмір сүрген болса, Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1 965 443-ке әрең жетіп жығылған. Табиғи өсімді есептемегеннің өзінде 1 млн. қазақ қайда?!»

Жауабы табылмаған сұрақтар көп. Хош. Тағы да жан-дүниеңді түршіктірер сандарға назар аударайық. 1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, өскен ел, туған жерден босып кетті.

Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Қолдан жасалған қанды қырғында 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Бұл турасында Талас Омарбековтің зерттеуіне тағы тоқталып өтейік. «Профессор С. Швецов есеп-қисап бойынша тек 1921 жылғы ашаршылық салдарынан Қазақстанда болған кемудің өзі ғана 30 пайыздан кем емес екендігін айта кетеді. Мұны нақты деректер де мақұлдайды. Қазақстандағы 1921-1922 жылғы ашаршылыққа, шындығына келсек, ауа райының құрғақшылығы емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, кешікпей-ақ азамат соғысы тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық аштан қырылуы мүмкін екенін біле тұра қатерлі бағыттарынан қайтпай қойған большевиктер және олардың партиясының біржақты саясаты кінәлі».

Зобалаң жылдары Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті.

Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, елімізге күшпен жер аударылып келген 1 жарым миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының қанына сіңген қамқорлығы мен кеңпейілдігінің арқасында олар аман қалды.

Төл тарихымыздың бетіндегі «ақтаңдақтарды» ақтарар болсақ, көптеген қанқұйлы істердің куәсі боламыз. Тарих – өткеніңді білу арқылы, болашағыңды бағдарлау. Тарих – сабақ, тарих – тағылым, тарих – таразы. Кесапат та кесір саясатқұрбандарын әрқашан еске алып отыру бүгінгі және кейінгі ұрпақтың әруақтар алдындағы басты борышы, перзенттік парызы.

Сөзімізді мемлекетшіл азамат Дархан Қыдырәлінің мына бір пайымды пікірімен түйіндегіміз келіп отыр: «Зұлмат, зұлымдық – «қара түнек» деген мағына береді. Саңылаусыз, сәулесіз, соқыр қараңғылық. Күштеу, қинау, қырып-жою, зорлық-зомбылық жасау, адам өлтіру деген мағынасы да бар. Айдың нұры, жұлдыздың жарығы түспейтін түпсіз қараңғылықта жапанда жалғыз қалған адамның бойын қорқыныш билейтіні сияқты, зұлымдық та елдің бойына үрей болып енеді, сөйтіп сүйекке сіңеді. Зұлымдық – қолдан жасалады, зұлматты ұйымдастырған залым болады, ал зобалаңға ұшыраған жұрт «мазлұм» аталады. Бұл орайда «мазлұм» – қазақ халқы, ал «залымның» Сталин екені белгілі».

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -