Мамин Швейцарияның Федералды Президенті У. Маурермен келіссөздер өткізді

529



ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға ресми сапармен келген Швейцарияның Федералды Президенті, Федералды Қаржы департаментінің министрі Ули Маурермен келіссөздер өткізді. 

«Швейцариямен бізді тұрақты әріптестік қарым-қатынастар байланыстырады. Мұндай өзара қарым-қатынастардың негізін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді», — деді А. Мамин.

Швейцария Қазақстанның аса ірі сауда серіктестерінің ондығына және негізгі инвесторларының үштігіне кіреді. 2018 жылы тауар айналымы $3,1 млрд, ал биыл 9 айда $1,9 млрд құрады, осы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілетін қызметтер саудасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артты. 

2005 жылдан бері Швейцария Қазақстан экономикасына $24 млрд-тан астам қаржы инвестициялады. ҚР-да швейцариялық капиталдың қатысуымен 324 компания тіркелген, оның ішінде «Glencore International AG», «Philip Morris», «Nestle», «Ammann Asphalt GmbH» және т. б. бар. Швейцария бизнесі ауыл шаруашылығында, көлік және қаржы секторларында, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібінде, көтерме-бөлшек саудада және т. б. қамтылған.

Экономикалық серіктестікті нығайтуға Қазақстан – Швейцария Іскерлік кеңесі және сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысы ықпалын тигізеді. 

«Қазақстан – Швейцарияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өзара іс-қимылымыз екіжақты форматта да, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры аясында да дамып жатыр. Біз экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз», — деді У. Маурер.   

Швейцариялық тарап Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалдың және бизнесті дамыту үшін жағдайлардың бар екенін атап өтті, бұған Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі ҚР-ның позициялары дәлел бола алады. 

Тараптар ауқымды бағыттар — сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық, цифрлық, туристік, зергерлік салаларда, фармацевтикада, денсаулық сақтау және білім беруде, жасыл экономика мен су шаруашылығы саласында, сондай-ақ АХҚО, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, ДСҰ бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады. 

Швейцарияның Федералды Президенті У. Маурердің Қазақстанға ресми сапарының аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевпен және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевпен келіссөздер, сондай-ақ, екі елдің іскерлік орталарының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. 

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -