WikiGap: талантты жастарды анықтайды

3867


Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «WikiGap Kazakhstan» жобасына қатысып, жетістікке жеткен 100 қазақстандық әйелді Wikipedia-ға орналастырды. 

Онлайн энциклопедиядағы гендерлік алшақтықты жоюға бағытталған игілікті іс Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Қыздар университеті жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтында жүзеге асты. 

На изображении может находиться: 4 человека, люди стоят

На изображении может находиться: 1 человек, стоит

На изображении может находиться: 4 человека, люди сидят и очки

На изображении может находиться: 3 человека

На изображении может находиться: 10 человек, люди стоят, обувь и ребенок

Шараның басты мақсаты – есімі көпшілік үшін беймәлім десе де өз саласы бойынша табысқа жеткен нәзікжандыларды кеңінен насихаттау, интернет кеңістікте олар туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру. 

«WikiGap Kazakhstan» жобасы сегіз бағытты қамтиды. Атап айтқанда, білім, ғылым, өнер, саясат, бизнес, медиа, үкіметтік емес сектор мен спорт саласындағы танымал нәзікжандылар туралы ақпарат Wikipedia ғаламтор энциклопедиясына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараға университеттің 50-ге жуық студенті тартылған. 

Әлеуметтік жобаның қорытынды жиыны Алматы қаласындағы SmartPoint орталығында ұйымдастырылды. Оған Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Андре Карстенс, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова, жоба авторлары мен студенттер қатысты.
 

– Қазақстанның мақсаты – әлемдік үрдістен қалып қоймау. Осы орайда мамандар мен сала қызметкерлері жастарды түрлі дағдыларға баулуы қажет. Әсіресе, IT салаға жете мән берген абзал. Елімізде білім алуға ұмтылатын, қабілеті мен қарымы жоғары жастар жеткілікті екендігін ерекше атап өткім келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті болашақ мамандардың шығармашылық әлеуетін көтеру, оларды жаңа ғылыми істерге баулу арқылы талантын ұштау мақсатында көптеген іргелі істерді қолға алып, жүргізіп келеді. Соның бірі – білім алушылардың «WikiGap Kazakhstan» жобасына қатысуы. Бүгінде баршамыз бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Жалпы, еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынуда. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың өз саласы бойынша жетістікке жетуіне қолдау көрсету – біздің басты міндетіміздің бірі, – деді жиында сөз алған Гаухар Алдамбергенова.



Сонымен қатар басқосу барысында Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Андре Карстенс, «WikiGap Kazakhstan» жобасының менеджері Әселхан Ахметова, Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының қызметкері Мақпал Дабылтаева іс-шара туралы өз пікірлерімен бөлісті.

 

– WikiGap жобасы түрлі саладағы әйелдер, сарапшылар мен рөлдік модельдер туралы көптеген ақпараттарды Wikipedia-ға қосу үшін әртүрлі елдерден жиналатын адамдардың ортақ еңбегі. Ғаламторда әйелдердің алатын орнын жақсарту үшін әлемнің 60-қа жуық елінде жыл сайын осындай шара ұйымдастырылады. Біз тең құқылы ғаламтор жасап, тең құқылы әлем құрғымыз келеді. Себебі гендерлік теңдік Нидерланды мен Қазақстан саясатының маңызды басымдықтарының бірі болып табылады, – деді Андре Карстенс.



Жобаға қатысқан студенттер Wikipedia желісіне мақаланы орналастыру үшін IT мамандардың арнайы тренингтерінен өтіп, ақыл-кеңестерін алды. Бұл бастаманың жастар үшін пайдасы айтарлықтай көп. Олар интернет кеңістікте білімін арттырып, кәсібилігін тереңдетуге мүмкіндік алады. 

 

– Қыздар университетінде білім алатын студенттердің басым бөлігі ауылдан келген қаракөздер. Олар оқуларын бітіргеннен кейін өздерінің өңірлеріне қайтады және де тек қана мұғалім ретінде еңбек етпей, сонымен қатар көптеген заманауи жаңашылдықтардың бастамашысы болады, – дейді оқу орнының Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ләззат Бөлебаева.




Айта кетейік, WikiGap жобасы WikiMediaSweden және Швецияның Сыртқы істер министрлігі бастамасымен жасалған ғаламдық кампанияның бір бөлігі болып саналады. 
 

– Wikipedia – пайдаланушылармен жасалған әлемдегі ең ірі онлайн-энциклопедия. Аталған онлайн кітапханада ер адамдар туралы мақалалар әйелдер жайындағы ақпараттан төрт есе көп. Біз бұл көрсеткішке өзгеріс енгізуді қалаймыз, – деп атап өтті басқосуда «WikiGap Kazakhstan» жобасының менеджері Әселхан Ахметова.



Бүгінде аталған шара әлемнің 60-тан астам мемлекетінде жүзеге асып келеді. Қазіргі күнге дейін жобаға қатысушы 2500 адам Wikipedia-ға 30-дан астам тілде 36 мыңға жуық мақала енгізіпті. Олардың басым бөлігі жастардың қатысуымен жүзеге асырылған. 
 

– Адамзаттың данышпанына айналған ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген өсиетін үнемі есте ұстау керек. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – өскелең ұрпақ. Қайратты да білімді жастарымыз көп болса, мемлекетіміздің болашағы баянды болады деп сенеміз, – дейді Қыздар университетінің баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.



 
Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -