Ұлағатты ғалым ұлықталды

3562

Биыл Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҰҒА академигі Кеңес Нұрпейістің туғанына 85 жыл. Осы атаулы датаға орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Нұрпейіс оқулары» аясында «Академик Кеңес Нұрпейіс және қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру тарихы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар аталған институт қабырғасында Кеңес Нұрпейіс атындағы кабинет ашылып, көрнекті ғалым есімі ұлықталды.

Кеңес Нұрпейіс 1935 жылғы 15 наурызда Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. 1946-1952 жылдары Алматы қаласындағы № 18 Жамбыл атындағы ер балалар орта мектебінде, 1952-1957 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде білім алған. 1958 жылы Ш. Уәлиханов Тарих, археология және этнография институтына ғылыми қызметке шақырылған білікті маман осы институт қабырғасында өмірінің соңына дейін қызмет етіп, кіші ғылыми қызметкерден белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейінгі қиындығы мен ғылымның қым-ғуыт тірлігі қатар өрілген жылдардан өтті. Қыздар педагогикалық институтында ұзақ жылдар бойы оқытушылық қызметпен айналысуы да ғалым өміріндегі тәжірибесі мол жылдардың қатарына енді.

Алқалы жиынға жиналған ғалымдар қауымы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында Кеңес Нұрпейісұлы атындағы кабинеттің ашылу салтанатына қатысып, ғалымның шәкірттеріне ізгі тілектерін білдірді.

– Конференцияға белгілі қоғам қайраткерлері мен жетекші ғалымдар мен жас тарихшылардың қатысуы – отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жүргізген және жоғары білікті ғылыми кадрларды дайындауға белсене қатысқан, қазіргі замандағы Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген танымал зерттеуші, академик Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми мұрасына деген үлкен қызығушылықтың бар екенін көрсетеді, – дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәбит Шілдебай.

На изображении может находиться: 2 человека

К. Нұрпейіс 500-ге жуық ғылыми жарияланым мен 20-дан астам монографияның авторы. Ғалымның зерттеулері 1916 жылы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының, 1917 жылы екі революцияның және 1918-1920 жылдарда азаматтық қақтығыстар тарихына, ХХ ғасырда ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихының, саяси қуғын-сүргін және Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің мәселелеріне арналды. Зерттеудің алғашқы нәтижелері ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алған «Алаш һәм Алашорда» монографиясында баяндалған. Оның ғылыми жетекшілігімен 10-нан астам докторлық, 50-ге жуық кандидаттық диссертация қорғалды.

Алқалы жиын барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, профессор Сайын Борбасов, ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, Ресей тарихы институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті Ердәулет Берлібаев, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Жамал Әшірбекова сөз сөйлеп, ғалымның ғылыми мұрасын кеңінен талдады.

Конференция жұмысы «Академик Кеңес Нұрпейістің өмірі мен қызметі», «Академик К.Н. Нұрпейіс зерттеулеріндегі қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы (ХІХ-ХХ ғ.)», «Академик К.Н. Нұрпейіс және Алаш қозғалысы мен Алашорда тарихының өзекті мәселелері», «Қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы: Кеңестік қазақ автономиясының құрылуы мен территориялық біртұтастығының қалыптасуы», «Кеңестік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихының белгісіз беттері: теориясы және тәжірибесі», «Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы деидеологизация (тарих «ақтаңдақтарын» жою, халықтың тарихи санасын қалыптастыру және мәдени-рухани жаңғыру процесі)» бағыттары бойынша жүргізілді.

На изображении может находиться: 4 человека

Басқосу барысында арнайы қарар қабылданды. Қарарда жыл сайын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірге «Нұрпейісов оқуларын» өткізу, Қазақстан ғылымы тарихының музейіне келушілер үшін академик Кеңес Нұрпейістің мұрасымен толықтыру, конференция материалдарын жоғары оқу орындарының тарих кафедралары мен кітапханаларына жіберу, жаңадан ашылған Кеңес Нұрпейісұлы кабинетін материалдармен толықтырып отыру, жаңадан ұйымдастырылған білім беру орталықтарының біріне Кеңес Нұрпейіс есімін беру туралы өтініш жасау және «Отан тарихы» журналында бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына арналған мақала жариялау туралы айтылған.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -