Ұлыбритания астанасында Қазақстан бойынша шолу таныстырылды

1263

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі «Kazakhstan. A Country Profile» атты ағылшын тілді басылымының Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына арналған шығарылымын таныстырды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Кітап оқырманға Қазақстанның саясаты, экономикасы, тарихы және мәдениеті, сондай-ақ еліміздің қоғамы, білім беру жүйесі және негізгі институттары туралы жан-жақты ақпарат береді. Басылым сонымен қатар еліміздің бай мәдени мұрасы мен көптеген туристік нысандары туралы толық ақпаратты қамтиды.

Кітап 2022 жылғы қаңтардағы Қазақстандағы қайғылы оқиғаларға да жарық түсіре отырып, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси және экономикалық реформаларының бағдарламасын түсіндіреді.

Ұлыбританиядағы ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған ел Конституциясына түзетулер Қазақстан мемлекеттілігінің дамуындағы жаңа кезең екендігін атап өтті. Себебі аталған түзетулер ең алдымен адам құқықтарын қорғау тетіктерін және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған.

Кітаптың арнайы бөлімі Қазақстан дипломатиясына және Құрама Корольдікпен стратегиялық серіктестікке арналған. Онда сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейту және өзара іс-қимылдың барлық деңгейлерінде Жаңа Қазақстан мен Жаһандық Британия арасындағы байланыстарды нығайту үшін мүмкіндіктердің кең спектріне шолу жасалған.

Ұлыбританияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі және Де Монфорт Қазақстан университетінің Басқарушылар кеңесінің төрағасы Майкл Гиффорд басылым шетелдік аудиторияның Қазақстан туралы біліміндегі маңызды олқылықтардың орнын толтыратынын атап өтті. Ол Қазақстан басшылығы сапалы білім беруге инвестициялау мен елдің бәсекеге қабілеттілігі арасындағы байланысты түсінетінін атап өтті. Сондықтан Қазақстан мен Ұлыбритания білім саласында барлық деңгейлерде, оның ішінде Қазақстандағы британдық Де Монфорт университетінің филиалы қызметінің шеңберінде тығыз байланыста.

Британ-Қазақстан қоғамы төрағасының орынбасары Роджер Холланд аудиторияны басылымның шығуымен құттықтады. Оның пікірінше, кітап Қазақстанмен жұмыс істейтін немесе елімізге қызығушылық танытатын кез келген шетелдік үшін қолдан түсірмейтін кітап болуы тиіс екендігін айтты.

Салтанатты іс-шараны британдық Халл мен Хамбер өңірі мен қазақстандық Ақтау қаласы арасындағы инфрақұрылымдық ынтымақтастықты белсенді дамытып жатқан Қазақстанның Англиядағы Құрметті консулы, танымал журналист және бизнесмен Алан Спенс жүргізді.

Іс-шара аясында Е.Ыдырысов «Консервативтік партиядағы Еуразия достары» британдық үкіметтік емес ұйымын құрған және басқарған Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының Еуразиялық аймақ бойынша кеңесшісі Ботагөз Хопкинсонды ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады.

Тұсаукесерге британ қоғамының көрнекті өкілдері, оның ішінде Ұлыбритания Премьер-Министрінің Қазақстандағы Сауда өкілі баронесса Эмма Николсон, лорд Дэниел Бреннан, бірқатар шет елдердің елшілері, ірі британдық және халықаралық компаниялардың басшылары, ғалымдар және журналистер қатысты.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -