Indorama Corporation Қазақстанда өкілдік ашуды жоспарлап отыр

1359

2022 жылдың 31 тамызында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Indorama Corporation сингапурлық компаниясы Қазақстанға келді. Indorama Corporation – азот және фосфат тыңайтқыштарын, сондай-ақ полиэтилен, полипропилен, полиэфир, тоқыма, мақта талшығы және медициналық қолғап шығаратын Азиядағы жетекші химиялық холдингтердің бірі болып табылады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Сапар барысында Indorama өкілдері мемлекеттік органдардың басшыларымен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен кездесті. Кездесулер барысында компанияның жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Индорама Қазақстанда фосфатты тыңайтқыштар өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаны 2022-2031 жылдар аралығында үш кезеңде жүзеге асыру жоспарлануда.

Жобаның бірінші кезеңінде фосфорит кенін өндіру мен қарапайым суперфосфат өндіруді жолға қою жоспарлануда. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі шамамен $100 млн құрайды. Егер сәтті жүзеге асырылса, екінші және үшінші кезеңде инвестиция көлемі $1 млрд-тан асуы мүмкін. Жобаны жүзеге асыру барысында 1300-ден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

DSC_0488(2).jpg

Indorama Corporation компаниясының директоры және басқарма мүшесі Пракаш Кеджривал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесуде компанияның Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін көптен бері қарастырып жатқанын атап өтті.

«Біздің компанияда әлемнің 37 елінде 154 өндіріс орны бар. Осындай мол тәжірибенің арқасында біз Қазақстанда жобаларды әзірлеуді мүмкіндігінше тезірек бастауды жоспарлап отырмыз. Еліңіздегі оң өзгерістерді байқай отырып, біз ұзақ мерзімді жобаларды – бұрыннан игерілген, бірақ әртүрлі себептермен қараусыз қалған нысандарды сатып алуды да, жаңа кен орындарын игеруді де жоспарлай аламыз. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ көмегінің арқасында біз қазақстандық нарыққа байыпты және тұрақты шығуды жоспарлап отырмыз» Пракаш Кеджривал

Өз кезегінде Мейіржан Юсупов мемлекет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тоқталып, сондай-ақ елдер арасындағы ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастыққа сенім білдірді.

«Соңғы рет біз сізбен екі апта бұрын Сингапурда сөйлескен едік. Кездесу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің жұмыс сапары аясында өтті. Аз уақыттың ішінде тағы бір кездесу ұйымдастыра алғанымыз қуантады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруды сол жедел қарқынмен бастаймыз деп сенемін» Мейіржан Юсупов

Сапар нәтижесінде сингапурлық компания басшылығы Қазақстанда өкілдігін ашу туралы шешім қабылдады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -