ҚР Сыртқы істер министрі бірқатар елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен келіссөздер өткізді

1270

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы алаңында бірқатар елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, атап айтқанда Сербияның министрі Никола Селаковичпен, Никарагуаның министрі Денис Монкадомен, Беларусьтің министрі Владимир Макеймен, Венесуэланың министрі Карлос Фариамен, Боливияның министрі Рохелио Майта Майтамен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Уэнди Шерманмен бөлек кездесулер өткізді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Сербия СІМ басшысымен сұхбат барысында тараптар өзара қарым-қатынастардың кең спектрі бойынша екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтіп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар Астана мен Белград арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту үшін түрлі деңгейдегі диалогты жалғастыруға келісті. Атап айтқанда, жақын арада Сербия астанасында сімаралық консультациялар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасарымен келіссөздер барысында кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Дипломаттар екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерге, атап айтқанда, жоғары және аса жоғары деңгейдегі, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы саяси диалогқа, елдер арасындағы кең ауқымды кооперацияның одан әрі серпініне, санкциялық шектеулерді ескере отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, транзит-көліктік ынтымақтастықты қарқындатуға ерекше назар аударды.

Қазақстан мен Беларусь СІМ басшылары екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ көпжақты форматтар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері бойынша «сағаттарын теңестірді». Сондай-ақ, тараптар жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралар кестесін талқылады.

Никарагуа, Венесуэла және Боливия сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен жеке кездесулерде Министр М.Тілеуберді саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Елдеріміз арасындағы шарт-құқықтық базаны кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Никарагуа, Венесуэла мен Боливиямен дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері үшін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

Келісімдер саяси байланыстарымызды нығайтуға және Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерімен екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы перспективалық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -