Қазақстан Португалия үшін стратегиялық перспективалы өңірдегі сенімді серіктес

1586

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Лиссабонға сапарының шеңберінде Португалия Республикасының Сыртқы істер министрі Жоау Гомеш Кравиньюмен кездесуі өтіп, оның барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайтудың перспективалы бағыттары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Тараптар институционалдық тетіктерді жетілдіру, өзара сауданы әртараптандыру, транзиттік бағыттарды дамыту, сондай-ақ цифрландыру, IT-индустрия, «жасыл» энергетика, туризм, білім беру және т.б. салалардағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігін атап өтті. Сұхбаттастар шарт-құқықтық базаны кеңейтуге және саяси диалогты дамытуға ерекше назар аударды.

Министр Ж. Кравинью Португалия Қазақстанды стратегиялық перспективалы өңірдегі маңызды әрі сенімді әріптесі ретінде қарастыратынын атап өтіп, көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және сауда-экономикалық өзара іс-қимылды арттыруға септігін тигізуге дайын екенін мәлімдеді.

Сол күні Р. Василенко мен Португалия СІМ-нің Сыртқы саясат жөніндегі бас директоры Руи Виньяштың тең төрағалығымен сыртқы саяси ведомстволар арасындағы саяси консультациялардың бесінші отырысы өтті.

Дипломаттар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы өзара іс-қимылды дамытудың жай-күйі мен келешегін егжей-тегжейлі қарастырып, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту тұрғысынан пікір алмасты.

Сұхбаттастар халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы бастамаларға өзара қолдау білдірудегі диалогтың жоғары деңгейін атап өтті. Өзекті халықаралық проблемалар бойынша жан-жақты пікір алмасу Қазақстан мен Португалия ұстанымдарының ұқсастығын айқындады.

Келіссөздер қорытындылары бойынша саяси ықпалдастықты күшейту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізіліп, сауда-экономикалық, инвестициялық, өңіраралық және академиялық байланыстарды күшейту бойынша нақты қадамдар белгіленді. Осы күндері Лиссабонда саяси консультациялармен қатарлас қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты келісімдерді талқылау жөніндегі сарапшылардың келіссөздері де өткізілді.

Парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары Р.Василенконың Республика Ассамблеясы Халықаралық істер және португалдық қоғамдастық комитетінің төрағасы Сержиу Соза Пинтумен кездесуі барысында қарастырылды. Сындарлы пікір алмасу парламенттік достық топтарының қызметін жандандыру жолдарын белгілеуге мүмкіндік берді. Португалдық саясаткерге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы реформалардың басты мақсаттары және «Жаңа Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі негізгі бағыттары түсіндірілді.

Португалдық тарап еліміздің басшылығының Қазақстанда бұрын-соңды болмаған саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар өткізудегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Қазақстандық делегацияның сапары шеңберінде Taguspark ғылыми-технологиялық паркінің атқарушы директоры Эдуард Баптишта Коррейамен, Оэйраш муниципалитетінің вице-президенті Франсишко Роха Гонсалвешпен және осы технопаркте қызмет ететін Instituto Soldadura e Qualidade, Novartis және PHC тәрізді IT, бизнесті бағдарламалық қамтамасыз ету, техникалық сертификаттау және фармацевтика салаларындағы трансұлттық компаниялардың өкілдерімен кездесуі өте жемісті болды.

Тараптар Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру, АХҚО Tech Hub-пен әріптестік орнату мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.

Taguspark басшысы ҚР-дағы қаржы технологиялары нарығының дамуына жоғары баға берді. Осы тұрғыдан, 160 компания мен 16 мың қызметкер жұмыс істейтін португалдық технологиялық парктің Қазақстанға және онда бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін зерттеуге қызығушылық танытты.

Дипломатия институтының директоры, Елші Фрейташ Ферражмен кездесуде қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың жай-күйін талдау және олардың дамуын болжау бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Институттың басшысы өз елінің дипломатиялық қызметін кадрлармен қамтамасыз етудегі басымдықтар, сыртқы саясатты тиімді іске асыру үшін дағдыларды қалыптастыруға бағытталған қолданыстағы салалық білім беру бағдарламалары туралы баяндап берді.

Р. Василенко биыл Қазақстан дипломатиялық қызметінің 30 жылдығын атап өтетініне назар аударып, сұхбаттасушыға ҚР сыртқы саясатының негізгі қағидаттарын жеткізді, оның басым бағыттары, сондай-ақ елдің жаһандық бастамалары туралы айтты.

Кездесу соңында Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Д. Батырашев пен Елші Ф. Ферраж дипломаттарды дайындау, бірлескен зерттеулер жүргізу, ақпарат және құжаттар алмасу бойынша ынтымақтастық орнату мақсатында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Португалия СІМ Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

2022 жылғы қаңтар-шілде кезеңінде екіжақты тауар айналымы 14,7 млн АҚШ долларды құраған (2021 ж. бұл көрсеткіш 11,5 млн АҚШ долл. болды).

2005-2022 жылдар аралығында Португалия ТШИ-нің ҚР-ға жалпы ағыны 253 млн АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда португалдық капиталының қатысуымен 19 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -