Еуропалық дипломатияның штаб-пәтерінде Қазақстан және Орталық Азияның басқа елдерімен қатынастардың 30 жылдығы атап өтілді

1592

Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы Өкілдігінің қоса ұйымдастыруымен Еуропалық сыртқы істер қызметінің (ЕСІҚ) ғимаратында Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Жібек жолындағы байланыс» атауымен өткен іс-шараның басты мақсаты Орталық Азия елдерінің бай және алуан түрлі мәдениеті мен олардың Еуроодақпен байланыстарының қарқынды дамуын көрсету болды.

Қабылдауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның Брюссельдегі дипломатиялық өкілдіктерінің белсенді қолдауымен Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің хатшылығы бастамашылық етті. Қатысқандар арасында Еуроодақтың негізгі институттарының жоғары лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары мен Орталық Азия елдері диаспораларының өкілдері болды.

Іс-шараның ашылуында Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала Еуропалық одақ пен Орталық Азия аймағын құрайтын мемлекеттер мен халықтардың күші олардың ынтымағы, ортақ мүдделері мен оларды жүзеге асырудың әлеуетін жіті түсінуінде деп мәлімдеді.

Қонақтарды, сондай-ақ, ЕСІҚ Бас хатшысы Стефано Саннино жылы құттықтап, Еуроодақтың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

«Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің ұзақ мерзімді серіктестігі мұраттарымызға жету үшін берік іргетас қалап, жаңа көкжиектер ұсынады. Ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген қарым-қатынасты ары қарай тереңдетуге дайынбыз» Стефано Саннино

Кеште сөз сөйлеген Орталық Азия елдерінің Брюссельдегі елшілері Еуроодақпен бірлескен жобалардың барлық бес мемлекеттің азаматтарына нақты пайда әкелуі үшін жалпыөңірлік күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстанның Еуроодақ жанындағы өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан өткен отыз жылда жалпы Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан, еуропалық серіктестермен өзара құрметке, сенім мен ортақ мүдделерге негізделген берік достық қарым-қатынас орнатқанын айтты. Ол тараптар арасындағы саяси диалогтың өсіп келе жатқан жоғары деңгейіне назар аударып, зор әлеуеті, керемет халқы және бірегей мәдениеті бар Орталық Азия өңірі Еуроодақпен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

«Қашықтыққа қарамастан, бізді ортақ мақсаттар, бірлескен жобалар және шынайы достық біріктіреді» Марғұлан Баймұхан

Іс-шара аясында фотосуреттер, кескіндер, ұлттық киім, қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтардың назарына бай мәдени мұрасы және өңір халықтарының заманауи және классикалық музыкасынан құралған мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Дәстүрлі негізде қонақтар ұлттық тағамдармен танысып, бейресми жағдайда Еуроодақ пен Орталық Азия елдеріндегі серіктестердің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде жоспарларымен және пікірлерімен алмаса алды.

Жалпы алғанда, аталған салтанатты қабылдауды өткізу еуропалық дипломатия орталығында Шығыс пен Батыс арасындағы ежелгі Жібек жолы бойындағы Орталық Азияның сауда-экономикалық және мәдени алмасудың маңызды торабы ретінде әлеуетін айқын көрсетуге бірегей мүмкіндік болды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -