Қазақстан ЭЫҰ-дағы ынтымақтастықты кеңейтуді жақтайды

2232

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЭЫҰ СІМК) 26-шы отырысына қатысуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және ЭЫҰ мамандандырылған агенттіктерінің және АӨСШК, ТМҰ және т.б. өңірлік ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырысқа қатысушылар ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда, инвестициялар, азық-түлік қауіпсіздігі, экология, ауыл шаруашылығы, транспорттық дәліздер және т.б. салалардағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру жөніндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады, сондай-ақ Ұйым кеңістігінде экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді.

СІМК қорытындысы бойынша Ташкент коммюникесі қабылданды, ол Қазақстанның ұсынысы бойынша ЭЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. АӨСШК-ге төраға ел ретінде Қазақстан осы ұсынысты іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Ауғанстандағы оқиғаларды ескере отырып, Министр М. Тілеуберді әріптес мемлекеттерді осы елді ЭЫҰ шеңберіндегі өңірлік экономикалық процестерге белсенді тартуға шақырды, Қазақстанның ауған халқына материалдық және гуманитарлық қолдау туралы айтты.

СІМК шеңберінде Қазақстан өкілі Жандос Асанов жаңа 3 жылдық кезеңге ЭЫҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына қайта сайланды.

Іс-шара барысында Кеңес 2023 жылға арналған ЭЫҰ Жұмыс бағдарламасы мен Іс-шаралар күнтізбесін мақұлдады, сондай-ақ ЭЫҰ Хатшылығы мен мамандандырылған органдарының қызметі туралы есептер қабылданды, Ұйымның жобалау қызметі мәселелері бойынша ұсынымдар әзірленді, 2023 жылға арналған бюджет мақұлданды.

Іс-шара аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Өзбекстан, Тәжікстан сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ ЭЫҰ Бас хатшысымен бөлек екіжақты кездесулер өткізді.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы – 1985 жылы Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері құрған өңірлік мемлекетаралық экономикалық ұйым. ЭЫҰ Хатшылығының штаб-пәтері Тегеран қаласында (Иран) орналасқан.  Қатысушы елдер: Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -