Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі

3612

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Іс-шара Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі идеясы – болашақ қоғамын құрудың серпінді процесі ретінде 30 жыл бойы еліміздің өңірлері мен қалаларының дамуын кең көлемде көрсету.

Қонақтарды қарсы алған Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат: «Тәуелсіздік күні қарсаңында азаттықтың алтын бесігіне айналған – Алматы қаласына арналған көрмемізді ашуымыздың мәні зор. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылғы желтоқсанда мұнда 1 желтоқсанда – бүкілхалықтық Президент сайлауы, 10 желтоқсанда – Мемлекет басшысының ресми ұлықтау рәсімі және 16 желтоқсанда – Қазақстан Тәуелсіздігінің жариялануы сынды тарихи оқиғалар болып, егемен мемлекетіміздің негізі қаланды».  

2015 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Алматы көктемі» іс-шарасында сөйлеген сөзінде: «Алматы – мәңгілік көктем қаласы, Орталық Азияның інжу-маржаны... бұл мегаполис Қазақстан тәуелсіздігінің «алтын бесігі», республикамыздың жаңа тарихы басталған жер», – деп атап өткен болатын.

«Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі  айрықша. Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші» Мемлекет басшысы  Қ.К. Тоқаев

 «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінің  басты мақсаты – Алматы қаласы архивтері мен музейлерінің, Елбасы кітапханасының қорларынан жинақталған құжат, сурет, жәдігерлер арқылы егемен ел тағдырындағы Алматы қаласының орны мен рөлін көрсету.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ұсынылған экспозициялар мегаполистің Тәуелсіздіктің отыз жылындағы жетістіктеріне арналғанын атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында Алматы экономикасы 1993 жылдағы 2,1 млрд теңгеден 2020 жылы 13,5 трлн теңгеге дейін өсті. Ал ЖӨӨ жан басына шаққанға 342,5 АҚШ доллардан 16,7 мың АҚШ долларға дейін артты. Халық саны 1991 жылғы 1 134 мың адамнан 2021 жылы 2 млн адамға дейін көбейді. Тәуелсіз Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңде қала еліміздің ғылыми, білім беру, зияткерлік орталығы болып қала береді әрі ұлтымыздың мәдени бірлігінің нышаны болып саналады» Бақытжан Сағынтаев

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесі үш бөлімнен тұрады:

1. «Тәуелсіздіктің бастауында» бөлімінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары, 1991-1997 жылдардағы оқиғалар хроникасы, сондай-ақ Алматы қаласында қабылданған маңызды тарихи шешімдер туралы материалдар кешені ұсынылған.

2. «Қазақстан жолы: Алматының 30 жылдағы жетістіктері» бөлімі мегаполистің тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени салалардағы, сондай-ақ спорттағы негізгі жетістіктері туралы материалдарды көрсетеді. Көрермендер интерактивті түрде Алматының әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесі мен 1991-2021 жылдар аралығында оңтүстік астанада болған 30 маңызды оқиғамен таныса салады.

 

3. «Біздің болашағымыз: Алматы-2050 стратегиясы» бөлімінде: Алматы – шетсіз қала; «ақылды» қала; тең мүмкіндіктер қаласы; қауіпсіз қала; жасыл қала; жаһандық іскерлік орталық; мәдени, креативті қала сынды Алматының ұзақ мерзімді дамуының басты бағдарлары мен стратегиялық басымдықтары көрсетілген.

Бейбітшілік көшесі, 11 мекенжайындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейіндегі көрме 2022 жылғы 28 қаңтарға дейін жалғасатын болады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -