Тұрғын үйді жалға беруді субсидиялау бағдарламасының аралық нәтижелері

539

ҚР ИИДМ және "Отбасы банкі" өкілдері жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға беруді субсидиялау бағдарламасының аралық нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев, Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов, "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы мен орталық филиалының директоры Ләззат Ибрагимова және Жансұлтан Матай  халықтың белгілі бір әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаның аралық нәтижелерімен бөлісті.   

Естеріңізге сала кетейік, "Отбасы банкі" жалға беру төлемдерін субсидиялауға өтінімдер қабылдауды 18 сәуір бастаған болатын. Осылайша, бүгінгі таңда қазақстандықтар 12 634 өтінім берген (5 903 бірегей өтініш). Олардың 2741-і мақұлданып, 690-ы бойынша субсидия алушы немесе оның отбасы мүшелері туралы мәліметтер тексерілуде.

Бұдан басқа, 51 өтінім бойынша қазір бастапқы деректер ғана енгізілген, 1076-ын өтінім берушілердің өздері қайтарып алған. Сонымен қатар, 6860 өтінім мақұлданбай, кері қайтарылған. Мақұлданбай қалған өтінімдердің басым бөлігі тіркеу кезінде смс-хабарлама арқылы жіберілген құпиясөзді енгізбеген өтініш берушілер тарапынан келіп түскен.

"Қазақстандықтар өз өтінімдерін жылдам әрі кезек күтпей берулері үшін біз барлық процесс онлайн режимде ұйымдастырылған. Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы otbasybank.kz порталында "Жалдау ақысын субсидиялау" бөлімінде беріледі. Өтінімдер қабылданатын және өңделетін цифрлық платформа бірегей болып табылады. Алғашқы өтінімдерді беру барысында платформада қателер туындауы мүмкін деп болжап, бірінші кезеңде өтінімдер банктің клиенттері болып табылатын үміткерлерден қабылдана бастады", – деді ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев.

Айта кетерлігі, жалдау шарттары бойынша төлемдерді республикалық және өңірлік бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айынан бастап төлеу жоспарланып отыр. 

Спикерлер сондай-ақ коммерциялық нарықта тұрғын үйді жалға беруді субсидиялау қағидалары туралы ақпарат берілді.

"Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Атап айтқанда, 50 пайызы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылса, қалған 50 пайызын пәтер жалдап тұратын азамат өзі төлейді. Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған үміткерлер ие бола алады. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар бар. Бұл ретте, соңғы 6 айдағы орташа айлық жиынтық табыстың мөлшері отбасының әрбір мүшесі үшін бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс", – деп мәлімдеді департамент директоры Руслан Лепесов.

 

Қойылатын тағы бір талап – үміткерлер "Отбасы банкінің" клиенттері болып, депозиті мен мекеменің интернет банкингінде тіркелген болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ адамдар шотты бейнебанкинг немесе Otbasybank мобильді қосымшасы арқылы аша алады.

"Депозит тұрғын үйге ақша жинау үшін қажет. Қазір кезекте тұрғандар өз мүмкіндіктеріне қарай ақша жинай алады. Дегенмен, мерзімі бойынша ертерек ашылған депозит келесі сатыға өткенде артықшылықтарға ие болады", – деп атап өтті Банк басқармасының төрайымы Ляззат Ибрагимова.

Депозитті ашып, otbasybank.kz порталында тіркелген үміткерлер өтінімді жеке кабинеттерінде рәсімдей алады. Өтінімді рәсімдеу үшін жеке кабинетте төлемдерді алуға арналған өтініш пен дербес деректерді жинауға және өңдеуге арналған келісімге қол қою қажет. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, отбасы құрамын дербес анықтайды. Осыдан кейін отбасының кәмелет жасқа толған әрбір мүшесі "қонақ" мәртебесінде otbasybank.kz сайтына кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге ЭЦҚ көмегімен қол қоюы тиіс. Жүйе деректерді қайта тексеріп, үміткердің субсидия алуға берген өтінімі мақұлданады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -