Байланысшы болғанымызды мақтан тұтамыз

602

Әскеріміз жауынгерлік жанұя десеңіз, онда әр отбасы мүшесінің өзіндік орны бар. Әсіресе, сирек кездесетін байланыс саласы, оның ішінде құрылғыларды жөндеу мамандарының орны бір төбе. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына тиесілі жауапкершілік жеткілікті.

Үнемі әскермен байланыс ұстап, жағдайды қадағалап отыруы қажет. Телефон құрылғысы сынып қалған жағдайда байланыс ротасының жауынгерлері қатардағы Данияр Төлеубай мен Павел Царьков көмек қолын созуға дайын. Осындай шені кішкентай мамандарға нар көтерер жауапкершілік жүгі жүктелген. Олар Бас қолбасшылықтағы жоғары лауазымдағы азаматтардың байланыс құралдарын қалыпқа келтіреді. Және бұл қызмет түрін әскерге келіп үйренген.

- Бас қолбасшылықта қанша әскери қызметші болса, солардың тоқсан пайызында телефон аппараты бар. Телефондық құрылғылар істен шықса, ішкі пошта да, басқа да серверлер істен шығады. Кейде, өңірлермен онлайн жиналыс өту керек. Кейде, шұғыл ақпарат алу керек. Барлығы уақытпен есептелген. Сол кезде біз дереу және сапалы түрде телефон аппаратын жөндеуіміз қажет. Бәрін ойдағыдай орындаймыз. Осыған дейін қызметімізге сын айтылған жоқ,-деп ағынан жарылды қатардағы Д. Төлеубай.

Данияр Алматы облысы Қапшағай қаласынан шақырылған. Үйінен шыққанда қала атауы басқа еді. Енді ұлтымыздың біртуар перзенті Д. Қонаев атауы беріліпті. Жауынгеріміз жуырда әскери қызметін аяқтап, жаңа өмірін жаңа атауы бар қаладан бастайтынына қуанышты. «Менің қалам су қойманың жағасында орналасқан. Кезінде Дінмұхамед Қонаев атамыз негізін қалады. Енді, қала атауы да осы атамызға берілді.Мен әскери қызметімді Ұлттық ұланның байланыс саласында атқарғанымды және туған қалама осындай аптал азаматтың есімі берілгенін зор қуанышпен қарсы алдым. Болашақта қаламызда Ұлттық ұлан әскери бөлімі ашылса, міндетті түрде келісімшарт бойынша қызметке орналасатын боламын»,-дейді жас сарбаз.

Ал, оның қасындағы қарулас досы Павел Царьков болса, әскерде әлі жарты жыл қызмет атқарады. Ол Қарағанды облысы Сәтпаев қаласынан шақырылыпты. Әскерге дейін темір өндіру зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс жасаған. Байланыс ротасында жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеріпті.

- Мен жастайымнан нақты ғылымдарға қызығамын. Дәнекерлеуші заманға сай мамандық. Ол үшін материалдардың қарсыласуын, физика заңдарын жақсы білгенін абзал. Әскерге келіп, тағы бір мамандық байланысшы саласын меңгердім. Бір байқағаным, бүгінгі күннің мамандығы да байланыс саласы, жоғары есептеушіә технологиялар. Әскерде жүріп өзіме жаңа достармен қатар, заманауи мамандықты таптым. Байланысшы болғанымызды мақтан тұтамыз. Себебі, әскери байланыс әскердегі жауынгерлік қызметтің негізгі саласы,-дейді Павел.

Қатардағы жауынгер! Әскерилердің арасында ең дәрежесі төмен, әскери тәртіп бойынша өзі сияқтылардың барлығынан айбынып, айтқанын қалт еткізбей орындауға тиісті адам. Ол барлығына бағынады. Бірақ ол баршағы бағынышты болып бостандығынан, еркінен айырылған еріксіз жан емес. Осындай ержүрек, кішіпейіл, адал жандар батырларға тән қасиетке ие. Оған Отан қорғау секілді ер жүректілерге жүктелетін жауапты міндет сеніп тапсырылған. Жауынгер ел амандығына, дүние тыныштығына жауапты тұлға. Сондықтан ешкіммен құқысы жағынан жол таластырып, билік салмақтастырып жатпайтын осы бір ұғымды пенденің атқарар қызметі тым абыройлы. Жырақта жүріп, әр түрлі мамандықты меңгерген үлкен міндетті атқаратын кіші маман сарбаздар үйлеріне аман-есен оралғай!

Майор Дарын СЕЙІТОВ

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -