Министр Асқар Омаров «Қазақстан» РТРК» медиамектебінің алғашқы түлектерін марапаттады

839

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров «Қазақстан» телерадиокорпорациясы медиамектебінің алғашқы түлектерін  оқуды сәтті тәмамдауларымен құттықтап, арнайы сертификаттар табыстады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан

Түлектерді марапаттау салтанатында Министр медиамектеп студенттерін оқыту барысындағы «Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымына  атқарған ауқымды жұмыстары үшін үлкен алғыс білдіріп:

- Отандық бұқаралық ақпарат құралдары келешекте медиасалаға қосылатын өзге де жас мамандарды практикалық тұрғыдан дәл осылай шыңдап, тәжірибеден өткізіп; және оларды арнайы кадрлық резервке енгізуді қолға ала бастауы тиіс,- деп атап өтті.

Өз кезегінде, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Танысбай медиамектептің басты мақсаты -  тәжірибемен, біліммен бөлісіп, қарашаңырақтағы кадрлар сабақтастығын жалғау екенін алға тартып:

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының телевизия мамандарына арналған медиамектебінің жұмысы тұрақты түрде жалғасатынын хабарлаймыз. Ірі медиақұрылым ретінде еңбекке енді араласатын жас мамандарға қолдау көрсетуге дайынбыз,- деді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Мұратқызы Танысбайдың бастамасымен құрылған медиамектептің алғашқы оқыту курсы: 06.11.2021-30.04.2022 жж. аралығында өтті.

Медиамектепке еліміздің ЖОО-ның журналистика, кино және телевизия, режиссура мамандықтары бойынша білім алып жүрген III-IV курс студенттерінен 150-ге жуық өтінім қабылданып, оның ішінен 30 студент іріктелді.

Олар жеті ай бойы  «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Qazaqstan», «Qazsport», «Abai TV», «Balapan» телеарнасы және «Қазақ радиолары» ЖШС мамандарынан шығармашылық және техникалық бағытта ақысыз негізде білім алды. Күні бүгінге дейін Корпорацияның 49 білікті маманы студенттермен өз тәжірибесімен бөлісті.

Медиамектептің басты мүмкіндігі – практикалық тәжірибемен қатар, үздік қатысушылар алғашқы еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясында бастай алады.

Мәселен, алғашқы оқыту курсының нәтижесінде медиамектептің: Гүлзада Абылқайырова, Маралбай Сандуғаш, Әлия Түгелбай, Мадина Қамзина, Айна Алпысбай, Әлімхан Ажар, Ерболат Айбота есімді студеттері «Қазақстан» РТРК» АҚ қарасты «Таңшолпан», «1001 түн», «Теледәрігер» бағдарламаларының; «Алтын қор» телерадиоқоры департаментінің және «Abai TV» арнасының редакторлары ретінде жұмысқа қабылданды.

Бұдан бөлек, медиамектептің бірқатар түлектері Корпорацияның кадрлық резерві тізіміне енді.

Алдағы уақытта бұл тәжірибе өз жалғасын тауып, медиамектептің екінші кезеңіне өтінімдер қабылдау мерзімі қосымша хабарланатын болады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -